Денсаулық

Тегін дәрі-дәрмекті алмасаңыз, хабарласыңыз!

Тегін дәрі-дәрмек алатын тұрғындар кейде дәрі берілмегенін айтып шағымданады. Бұндай жағдайда не істеу керек?

Елімізде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген шеңберінде халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін мекеме — «СК-Фармация» ЖШС. Өткен жылдың қараша айында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бірыңғай дистрибьюторы базасында «СҚ-Фармация» – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылды.  Мақсат — осы саладағы жемқорлықтың жолын кесу, Тұңғыш Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында көрсетілген талаптарды орындау.

Сондай-ақ 1439 қысқа нөмірі бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты байланыс орталығы жұмыс істейді. Қалалық және ұялы телефондар арқылы қоңырау шалу тегін. Байланыс орталығының операторлары пациенттерге тегін берілетін қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізу мерзімі мен күні туралы ақпарат береді. Операторлар әрбір шағымды жан-жақты тексереді, не себепті дәрі-дәрмекті ала алмай жатқанын анықтайды. Ал аймақтық кураторлар мен бірыңғай дистрибьютордың өкілдері медициналық ұйымдармен бірлесіп, тиісті шара қабылдайды және дәріханаларға қажетті препараттарды жедел жеткізуді ұйымдастырады. Егер емхананың өзі қандай да бір себеппен тапсырыс бермесе немесе дәрі-дәрмектің жеткіліксіз көлеміне тапсырыс берсе де мәселенің оң шешілуі қарастырылады. Өңірдегі өкілдермен тілдескен операторлар пациентпен қайтадан байланысқа шығады.

Науқастарға берілген тегін дәрі-дәрмекті бақылау үшін бірлескен жоба жасалды. Бұл —  SMS-хабарлама.  Денсаулық сақтау министрлігі, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ), республикалық электрондық денсаулық сақтау және «СК-Фармация» арқылы тегін дәрі-дәрмек алушылардың деректері дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесінде көрсетілген. Деректегі  пациенттерге SMS-хабарлама жіберіледі.  Дәрі-дәрмек  рецептінің нөмірі және берілген күні туралы ақпарат хабарламада көрсетіледі. Пациент бұл дәрі-дәрмектерді алмаған жағдайда SMS-хабарламаға жауап ретінде «0» санын жіберу керек. Бұлай жасамаса, 1439 нөмірі арқылы «СК-Фармация» байланыс орталығына қоңырау шалғаны жөн. Қоңырау мен SMS қызметі тегін.  Әрбір қоңырау мен SMS арқылы түскен ақпарат тексеріледі. Одан кейін қорытынды мәлімет ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне жіберіледі. Кейін құқық қорғау органдары, яғни тиісті орындар мәселені анықтайды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button