Жаңалықтар

Жылыжайдың жемісін жейді

Кәсіпкерлік

Қазір бау-бақша егіп, өнімін табыс көзіне айналдыру үшін жазды күтудің қажеті жоқ.

Істің қыбын тауып, тәуекел еткен адамға қыстың өзі кедергі бола алмайды.

Байғанин ауданының тұрғыны Факизат Елжанова өз үйінің ауласынан шағын жылыжай салып алды. Енді ол қыс бойы жылыжайдың жемісін көрмек.

Аумағы 90 шаршы метрлік жылыжайда аскөк, көк жуа, қияр секілді бақша дақылдары өсетін болады. Арнайы материалдармен салынған нысанның іші жылу жүйесімен қамтылған.

Тың кәсіпті таңдаған кәсіпкер Ф.Елжанова «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының «Бастау-бизнес» бағдарламасы бойынша оқып Ауылшаруашылық қаржылай қолдау қорынан 3 миллион теңге несие алды. Оның 250 мың теңгесі грант есебінде берілген.

Бұған дейін жұмыссыз отырған едім. «Бастау-бизнесті» оқығаннан кейін кәсіптің көп түрімен танысып, көзіміз ашылды. Солардың ішінде жылыжай салып, бақша өнімдерін өсіруге қызығушылығым артты. Бірақ бәрі бірден бола салмайды. Көп уақытымыз құжаттарды рәсімдеумен кетті. Жаңа жыл алдында ғана құрылыс жұмыстарын бітіріп, қазіргі сұраныстағы бақша дақылдарын еге бастадық. Қиярымыз қылтиып шығып келеді. Қыс ішінде бақша өнімдеріне сұраныс бар. Жергілікті кафе, асханалар мен тойханалардан тапсырыс аламыз деп жоспарлап отырмыз, — дейді кәсіпкер Ф.Елжанова.

С.ЖҰБАНҒАЗИН,

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button