Спорт

Жасөспірімдер 21 медальмен оралды

Чемпионат

Қаңтардың 7-11 күндері Қостанай қаласында жүзу спортынан жасөспірімдер арасында «Қысқы демалыс-2020» ҚР чемпионаты өтті. Жарысқа 2005 жылғы және одан кіші ер балалар, сондай-ақ 2007 жылы туған қыз балалар қатысты. Республика көлемін қамтыған турнирге еліміздің барлық қалаларынан 16 команда қатысып, жүлделер жиынтығын сарапқа салды. Бұған дейінгі ел біріншіліктерінде алдыңғы қатардағы үздіктер сапынан көрініп жүрген облыс құрамасы 200-ден аса қатысушы арасында жалпы саны 21 медаль иеленді, оның 17-сі алтын, екеуі — күміс, екеуі — қола жүлделер.

Чемпионат жекелеген сайыстар және командалық эстафета бойынша ұйымдастырылды. Баттерфляй әдісімен София Әбубәкірова алтын, Маргарита Бруева күміс иеленсе, шалқалап жүзу бойынша Руслан Хакимов күміс, Евангелина Артамошина қола медальға қол жеткізді. Ал Айдана Тынышбай брасс әдісімен жүзуде үздік үштікке енді.

Командалық эстафетада облыс құрамасының жас жүзгіштері 4 алтын жеңіп алды. Руслан Хакимов, Самғат Мұңайдаров, София Әбубәкірова, Маргарита Бруева төрттігі 50 метрге аралас жүзу бойынша алтыннан алқа тақты. Қыздар арасында 25 метрге еркін жүзу стилінде София Әбубәкірова, Маргарита Бруева, Айшат Нияз, Айдана Тынышбайға тең келер ешкім болмады. Аттары аталған төрттіктегі қыздар осы жетістікті 50 метрлік еркін жүзу әдісінде қайталап, алтын алды. София Әбубәкірова, Маргарита Бруева, Евангелина Артамошина, Айдана Тынышбай 100 метрге еркін жүзу стилімен барлық қарсыластарын басып озып, жеңімпаздар тұғырына көтерілді. Облысымыздың жас жүзгіштері олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер жүзу мектебінде тәлім алады. Алевтина Губина және Степан Валюстің жетекшілігімен жарысқа қатысқан жасөспірімдер ел чемпионатында осындай жарқын жеңістерімен қуантты.

                                                                                                            Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button