Басты жаңалықтарӘлеумет

Мұқтаждарға қанша теңге беріледі?

Атаулы әлеуметтік көмек былтырдан бері еліміздегі біраз адамды әбігерге салды. Бірі шынымен де тұрмыстары сол сәтте нашарлап, мұқтаждықтан осы қаражатты талғажау ете тұрайын десе, енді бірі табысын жасырып үлгеріп, үкіметтен оңай ақша алып отырамын деп ойлапты. Кейбір пысықайлардың қулығы әшкереленгесін билік басындағылар биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау талаптарын қатайтты.

Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлерінде атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тетіктерін түсіндіру, құжаттарын қабылдау науқаны жүріп жатыр. Осындай жұмыстарды пысықтау мақсатында облыстарды аралауға шыққан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев бастаған жұмыс тобы біздің облысқа да келіп кетті.

Вице-министр Нариман Мұқышев Ақтөбе қаласындағы халықты жұмыспен қамту орталығында болды. Ол орталық мамандарымен және кезегін күтіп отырған аналармен кездесіп, атаулы әлеуметтік көмектің жәрдемақы еместігін және әр отбасыға берілмейтіндігін, бірақ бұл көмек мемлекеттің қолдауына мұқтаж адамдарға ғана көрсетілетінін атап өтті.

— Биылдан бастап елімізде атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың талаптары өзгерді. Былтырғы жүйемен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріс бар. Енді өткен жылдағыдай бала басына қаражат бөлінбейді, атаулы әлеуметтік көмек ең әуелі табысы аз, мұқтаж жандарға ғана беріледі. Ол үшін балалардың саны, бір бала немесе төрт бала болуы маңызды емес. Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің негізгі критерийі — жан басына шаққандағы табыстың өңірлік күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен болуы. Егер отбасы өздеріне атаулы әлеуметтік көмекті қажет деп санаса, онда қаңтар айының соңына дейін әлеуметтік көмек тағайындау үшін құжаттар тапсыра алады. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған барлық отбасылардың балаларына мемлекет кепілдік берген әлеуметтік топтама ұсынылады, — дейді вице-министр Нариман Мұқышев.

Вице-министр атап өткендей, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін әлеуметтік топтамаға азық-түлік жиынтықтары мен гигиеналық құралдар кіреді. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін мектептерде ыстық тамақ, оқу құралдары мен мектеп киімдерін беру көзделіп отыр. Сондай-ақ, осы санаттағы балалар үшін мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтелетін болады.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінованың айтуынша, облыста бүгінгі күнге барлығы 5441 отбасының 433-і өз отбасыларының табысы туралы құжаттарын тапсырды. Құжаттар жергілікті жерлерде құрылған учаскелік комиссия тарапынан 7 күн аралығында қаралып, шешім шығарылады. Басшы айтқан мәліметке сүйенсек, кезегін күтіп отырғандар көп те, шын мұқтаждары санаулы. Алайда кездесу барысында аналардың көпшілігінің атаулы әлеуметтік көмек дегенде ойларына былтырғыдай қомақты ақша келетінін байқадық. Расында да табысы аз, мұқтаж отбасыларға қанша теңге беріледі? Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері қанша?

Отбасының кірісі мен кедейлік шегінің сомасы негізге алынып, айырмашылығы ғана төленетін болды. Жаңа атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау мөлшері туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова таратып айтып берді:

— Отбасының табысы кедейлік деңгейінен төмен болатын болса ғана, сол отбасы мүшелеріне атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Егер бес адамы бар отбасының табысы 100 мың теңге болса, ол табыс бес адамға бөлініп, әрқайсысына 20 мың теңгеден тиеді. Ал бүгінгі таңда кедейлік деңгейі мөлшері 20 107 теңге болып белгіленіп отыр. Соған сай отбасының әр мүшесіне 107 теңге көлеміндегі айырмашылығы ғана төленеді. Осыны біз ескеруіміз қажет.

Мамандардың айтуынша, мақсат — масылдықты жою, әрі көмек тағайындаудың жаңа ережесі отбасы мүшелерін еңбек етуге, кәсіп бастауына бағытталып отыр. Ол үшін де қолдау көрсетіледі.

Сонымен қатар, облыс тұрғындарының назарына 2020 жылдың қаңтарынан бастап енгізілген атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау бойынша құжаттарды қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатқанын тағы да хабарлаймыз. Осыған байланысты аудандық жұмыспен қамту орталықтары мен ауылдық округ әкімдіктерінде құжаттар тапсырып немесе кеңес алуға болады. Ал Ақтөбе қаласының тұрғындары халықты жұмыспен қамту орталығына (Ш.Уәлиханов көшесі, 12 А), Халықтық кеңсенің  бірінші қабатына (Сәңкібай батыр даңғылы, 249), Ақтөбе қаласының Алматы ауданының әкімдігіне (Қарғалы кенті, 60 лет октября көшесі, 70 б (ЕХРО ғимараты), Ақтөбе қаласының Астана ауданының әкімдігіне (Сәңкібай батыр даңғылы, 145 б) бара алады.

 «Ақтөбе облысы әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыруда белсенді»

Вице министр Ақтөбе облысына атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа тетіктерін түсіндіру мақсатындағы жұмыс сапары барысында, облыстағы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің цифрлық жобаларының жүзеге асырылу барысымен де танысты.

Вице-министр Ақтөбеде ерекше қажеттіліктері бар балаларға қызмет көрсететін «Жайна» оңалту орталығында болды. Былтыр аталған орталық пилоттық жобаны іске асыру аясында әлеуметтік қызметтер порталында тіркелген, ол мүгедектігі бар адамдарға жеке оңалту жоспарына сәйкес оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді.

— Бұл орталықтың пилоттық жобаға қатысуы өте маңызды деп есептеймін, себебі ол балаларға қызмет көрсетеді. Порталда оңалту шараларын таңдай отырып, ата-аналар уақытты үнемдеп, өз балаларына ыңғайлы форматта оңалтуды ұйымдастыра алды. Қазір біз өз қызметтерін ұсынатын медициналық-әлеуметтік мекемелердің саны үнемі өсуі үшін белсенді жұмыс істейміз. Бүгінде еліміз бойынша осындай 253 ұйым бар, — деді Н.Мұқышев.

Ақтөбеде пилоттық режимде «Азаматтың әлеуметтік картасы» жобасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда әлеуметтік карталар 40 мыңға жуық қала тұрғынына, оның ішінде мектеп оқушыларына берілді. Олар әлеуметтік төлемдер алуға, қоғамдық көліктерде жол жүруге және мектепте тамақтануға арналған. Төлем кезінде иесінің жеңілдік санаты ескеріледі.

Вице министр ID карта төлем төлеу жүйесінің жұмысын көру мақсатында Сазды аялдамасынан №46 бағыттағы автобусқа отырып, «Keruen Сity» аялдамасынан түсті.

— Ақтөбе облысы әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыруға белсенді қатысуда. Мысалы, қазір біз әлеуметтік картамен автобуста жолақысын төлеудің ыңғайлылығын, бәрі қалай жұмыс істейтінін тексердік. Ақтөбе қаласы жобаны пилоттық режимде іске асыра бастаған алғашқы қала. Ақтөбе қаласында 1,5 мыңнан астам транзакция карталармен жүргізіледі, — деді Нариман Мұқышев.

Сонымен қатар, жеңілдік санатындағы 2 мыңнан астам мектеп оқушысы әлеуметтік карталарға ие болды.

— Ең әуелі біз мектептерде тегін тамақтануға тиісті оқушыларға қатысты мүмкін болатын кемсітуді болдырмауға тырыстық. Сондықтан да мұндай механизмді ойластырдық: баланың жеңілдік санатына жататынына немесе жатпағанына қарамастан, түскі ас ақысын төлеу кезінде барлығына бірдей чек беріледі, — деп түйіндеді вице-министр.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ірі жобаларды жүзеге асыруда. Олардың ішінде электрондық еңбек биржасы, электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі, отбасының әлеуметтік картасы, азаматтың әлеуметтік картасы, әлеуметтік қызметтер порталы және т.б бар. Бұдан басқа, министрліктің 40 қызметін электрондық және проактивті форматқа көшіру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button