Әкімдер есебі

Жолдар жөнделеді, асфальт төселеді

Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағанбетов бірқатар ауылдарда тұрғындармен кездесіп, өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша есеп берді.

Аудан әкімі алдымен Шығырлы ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесіп,

Темір ауданының 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен 2020 жылғы міндеттерін баяндады. Ал ауыл тұрғындары жол, ұялы байланыс сынды округ көлеміндегі өзекті мәселелерді көтеріп, сауалдарын қойды. Сондай-ақ, жиын барысында көп жылдар бойы қажырлы еңбек еткен ауыл ақсақалдары Кенаш Шипалақов пен Балтабай Қуандықов аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ мұндай кездесу Қайыңды және Алтықарасу ауылдық округтерінің тұрғындары арасында да өткізілді. Жиында екі елді мекеннің әкімдері де есеп беріп, алға қойылған міндеттер туралы айтты. Тұрғындар  ауылға кіреберіс жолдарды жөндеу, газдандыру, кең жолақты интернет желісімен қамту сынды өзекті мәселелер толғандыратынын білдірді. Өз кезегінде аудан әкімі Құмқұдық ауылына кіреберіс жолдың жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, құрылыс жұмыстары осы жылдың көктем айларында басталатынын, ал Алтықарасу ауылына кіреберіс жолды жөндеу 2021 жылдың жоспарында барын тілге тиек етті.

Аудан әкімінің кезекті есеп беру кездесуі Шұбарқұдық кентінде де өтті. Мұнда көшелерді жарықтандыру, ауылішілік көшелердің жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу және жаяу жүргіншілер жолын салу сынды мәселелер қозғалды. Жергілікті билік тарапынан биыл атқарылатын жұмыстар да айтылды. Мәселен, осы жылы аудан орталығының 5 көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу, 3 көшеге асфальт төсеу, Қызылжар шағын ауданының Астана көшесін жарықтандыру және 5 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу көзделіп отырған көрінеді.

Кеңестуы ауылдық округінде жалғасын тапқан есеп беру жиынында халық Қопа ауылына мешіт салуға жер сұрады. Аудан басшысы ең алдымен білікті теолог маманды даярлау керектігін, мешіт құрылысын жүргізуге және оның коммуналдық шығындарын өтеуге қаржылай қолдау көрсететін демеушілерді табуды баса айтып, әуелі бұл мәселені жан-жақты зерттеу қажет екендігін жеткізді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button