Денсаулық

Шапағатты шақ

Еңбектің қай түрінің де қадірі жоқ емес. Әйтсе де біздің кейіпкеріміз таңдаған мамандықтың жөні бөлек-ау. Фәни мен бақидың арасын ұмытып кете беретін пенде шіркін ірілі-ұсақты дерт меңдегенде ең әуелі шыбын жанына араша болар медеу іздейді, дәрігерге жүгіреді. Дертіне ем тапқан соң әлгі барған ақ халатты адам өзін біржола кетіп бара жатқандай көрінген шамадан қайтіп кері қайтарып алғанын көңілін сұрап келгендерге сан мәрте қайталап айтудан жалықпайды. Міне, осындай алғысқа толы әңгімелердің бір һәм бірегей кейіпкері — Ақтөбенің медицинасында қырық жылға жуық еңбек еткен ғалым-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, М.Оспанов атындағы  Батыс  Қазақстан  медицина университетінің №2 хирургиялық  аурулар  кафедрасының  жетекшісі  Базылбек Жақиев. Үнемі қым-қуыт шаруаның ортасында жүретін Базылбек Сағидоллаұлы өзінің былтыр күз бен қыс алмасар шақта алпыс жас дейтін ақарлы-шақарлы асудан өткенін айтуды да ұмытып кеткен секілді. Әйтеуір бір саябыр сәтті тауып, әңгімелесудің ретін келтірдік.

Ұстаздар сенімі

Ойыл  ауданының Саралжын  ауылында туған ол — «КСРО халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «ҚР білім беру ісінің үздігі» Сағидолла әке мен Жәния ана тәрбиелеп өсірген 11 баланың бірі. Бұлардың ішінде Базылбектің бір ерекшелігі — әулеттен шыққан  алғашқы медицина маманы.

Ұстаздардың отбасында тәрбиелендім. Менің оқу-білімге құштарлығымды  оятқан  бірінші  әкем  болса, екінші үлгім — қолыма алғаш қалам ұстатып, әліппені үйреткен  ұстазым  Жақсығали  Дербісалин ағамыз. Алғашқы мұғалімім  әкеме  үнемі «осы ұлыңыз  зерек, түбі бірдеңе шығады» деп мен туралы жақсы пікір айтып отырады екен. Ең әуелі сол ұстазымның сенімін ақтауға тырыстым, — дейді дәрігер.

Жалпы саралжындықтар ауылдарынан шыққан үш ғалымды мақтан тұтады, құрмет көрсетеді. Олар — Жақсығали Дербісалиннің ұлы, филология ғылымдарының докторы Әнуар Дербісалин, медицина ғылымдарының докторы Базылбек Жақиев, физика-математика ғылымдарының докторы Қуанышбек Шүңкеев. Қазір Саралжындағы орта мектеп Әнуар Дербісалиннің есімімен аталады.

Білікті маман болу үшін мықты ұстаз керектігі де қалыптасқан заңдылық. Ал Базылбек Сағидоллаұлы өмірде ұстаздан жолы болған адам. Мектепті алтын медальмен бітіріп, медицина институтына түскен соң Валентина Морозова, Раиса Көзденбаева, Намаз Ізімбергенов, Сергей Лохвицкий секілді білікті ұстаздардан тәлім алды.

— Менің еңбек жолымның нұрлы болашағына жол ашқан адамның бірі — Намаз Ізімбергенов. Ұстазым туралы тауысып айтуым мүмкін емес сияқты. Ол адамды алыстан тани білетін. Ал қарапайымдылығы мен адамгершілігі, жастарға қамқор болып жүретіні өз алдына бөлек әңгіме. Сол кісі менің еңбекқорлығымды байқап, ғылым жолына түсуіме ықпал етті. Егер Намаз Ізімбергенов болмағанда, бәлкім, мен қатардағы хирургтің бірі болып қалар едім. Өкініштісі, Намаз ағамыз өмірден өтті. Көзі тірісінде ол кісімен әрдайым сұхбаттасып, ақыл-кеңесін алып отыратынмын, — дейді хирург.

Институтты бітірген соң Орал облысының Орда және Тасқала аудандарында дәрігер-хирург болып, одан кейін Ақтөбеде клиникалық ординатурадан өткен Базылбек Сағидоллаұлы 1989 жылы конкурс арқылы госпитальды хирургия кафедрасына ассистент болып қызметке орналасты. Міне, осы кезде Намаз Ізімбергенұлы әжептәуір тәжірибе жинаған жігітке ғылымға барар жолды сілтеді. Сол кісінің жетекшілігімен ол 1992 жылы кандидаттық диссертация қорғады. Одан соң, 1994 жылы тағы да сол ұстазының ақылымен докторлық жұмысты бастап, 2003 диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты, сөйтіп, бір белесті бағындырды. Ал 2004 жылы Ақтөбе медицинасында өз қолтаңбасы бар, даңқ пен құрметке ие ұстазы кафедраны сенімді шәкіртіне табыс етіп, өзі зейнеткерлікке шықты. Бірақ кафедрадан қол үзген жоқ, Базылбек шәкіртімен күнбе-күн бірге болды.

Дауа мен дәру иесі

Ертедегі парсы дәрігерлері айтқан екен: «Дәрігердің қолында үш түрлі құрал бар. Олар — сөз, пышақ, шөп». Осы үшеуі біріксе ғана науқас ауруынан толық айығады.

Пышақ пен шөпке қардарлық жоқ-ау. Әңгіме қазіргі заманда сөзге тіреліп тұр. Бажайлап қарасаң, «менің міндетім — дәрі беру» деген түсініктен арғыға баспайтын ақ халаттылар көбейіп барады. Рас, науқастың дертін іздеу керек, емін табу қажет. Бірақ сол науқастың дару күтіп аласұрған, әлдебір жылы сөз дәметкен жан дүниесін неге ұмыт қалдыруға тиіспіз? Бұрын да айтылып жүрген осы мәселені енді тиянақты қолға алып, «Коммуникативті дағды» деп аталатын бағдарлама енгізіп отырмыз. Мақсатымыз — дәрігер мен науқастың арасындағы қарым-қатынасты ізгілендіру. Сауатты адамдар жақсы білетін белгілі орыс ғалым дәрігері Владимир Бехтеров: «Егер дәрігермен әңгімелескеннен кейін науқас адамның жағдайы жақсарып, ауруы жеңілдемесе, ол дәрігер емес» дейді екен. Көрдіңіз бе, тек қана дәрі емес, адамның жылы сөзі де науқасты айықтырудың бір құралы болатыны меңзеліп тұр емес пе?! — дейді хирург.

Базылбек Сағидоллаұлы қырық жылға жуық еңбек жолында мыңдаған адамға шипа сыйлады. Шұқшия жасаған негізгі еңбегін хирургияға арнады, 200-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрді, 5 оқу құралын, 4 оқу-әдістемелік қолжазба, 4 монография жазды, 12 патент алды. Ал өз басшылығымен 2 докторлық, 3 кандидаттық диссертация қорғатуы — ынталы шәкірттер таба білгендігінің куәсі.

Қазір танымал ғалым облысымызда хирургияның ең күрделі саласы — трансплантологияны дамытуға үлес қосып, осы шаруалардың басы-қасында жүр.

Осы тұрғыдағы, тіпті осыған дейінгі де тәжірибелеріне сүйенетін ол білікті дәрігер хирург болу үшін керекті басты қасиеттерді еске салып отырады, олар — тез, батыл шешімдер қабылдау, әртүрлі қиын жағдайларға кезіккен кезде өзіне үлкен жауапкершілікті ала білу қабілеті.  Сонымен бірге, әрине, еңбекқорлық пен білім ажырамас досың болуы қажет, бұларсыз табаны қайраңға тірелген кеменің кебін киесің.

— Хирург болу қолдың икеміне ғана байланысты деген біржақты түсінік қазіргі заманда таяныш бола алмайды. Мықты маманның сүйеніші — өмір бойы оқу, іздену. Медицина саласына енетін жаңалықтар қазір күн сайын өзгеріп жатыр, сондықтан жаңа әдіс-тәсілдерді қалт жібермей үйреніп отырмасаң, опынып қаласың. «Мен бәрін білемін, болдым-толдым» деген дәрігердің еншісі — тоқырау. Тазалықты, ұқыптылықты ұнататын хирургтік мамандықтың дұшпаны — еріншектік, жалқаулық, жауапсыздық, — дейді ғалым дәрігер.

Әрине, естігісі келген құлаққа ғалым дәрігер айтар әңгіменің шегі жоқтай. Бірақ бұл ешкімге пайдасы, бәлкім, зияны да жоқ ділмарлық сөздер емес. Қаншама жылдар бойы көңіліне түйген ойларының қорытпасы.

— Ғылыми медицинаның негізін салушы Гиппократ «Аз қателесетін дәрігер —жақсы дәрігер, ал  қатесін өзі түсініп, шын ықыласпен мойындайтын дәрігер —тамаша дәрігер» деген екен. Өкініштісі, біздің кейбір дәрігерлерде менмендік, өзім білемдік тәрізді бір нашар қасиеттер бар. Мысалы, ота жасап жатқан кейбір хирургтер күмәнданып тұрса да, қасындағы әріптестерінен көмек, кеңес сұрауға арланады. Егер шалғай ауыл болса түсінемін, ал қалада күмәнданып тұрған нәрсеңді қасыңдағы әріптестеріңнен сұрамау — үлкен қате. Білмегенді сұрау ұят емес, қателесу — ұят. Мен үнемі жастарға осыны айтып жүремін, — дейді ол.

Әке өсиеті

Ауыл — тәрбие бесігі. Ауылда өскен баланың дүниетанымы бөлек, ұлттық тамырдан нәр алады. Кеңестік идеология жас ұрпақты «құдай жоқ» деп оқытса да, ата-әженің тәрбиесінде өскен Базылбек Сағидоллаұлы бір құдіретті күшке сенетін.

Хирургтерді дінсіздерге жатқызатын бір қағида бар. Бірақ ауылда әженің тәрбиесін көріп өскен біздер, бір құдіреттің барына сендік. Әжем марқұм әр айдың тоғызы күні сапарға шықпайтын, жаңа істі бастамайтын. Сапарға шықса, жолға жеті тиын тастайтын еді. Осы әдет менің жадымда сақталып қалыпты. Жоспарлы түрде жасалатын күрделі оталарды айдың тоғызына қоймаймын. Әрине, шұғыл жағдайда ештеңеге қарамай, ота жасай беремін, — дейді хирург.

Дәрігер ауылын ұмытқан емес. Мүмкіндігі келгенше жиі баруға тырысады.

— Бұрын ауылға барсам, әкеммен әңгімелесіп, дидарласқанда бір күш-қуат алғандай болатынмын. Кәрілік меңдеп, көп сөйлемесе де, қасында ұзақ отыруға тырысатынмын. Әкем жас кезімде  «Сенің мамандығың бөлек, ақыл-кеңес айта алмаймын. Қалай болғанда да адамгершіліктен аттамай, елдің алғысына бөленіп жүрсең, біздің мерейіміз өседі» дейтін. Әкенің өсиетіне адал болуға тырысып келемін. Өкініштісі, жақында әкемді о дүниеге шығарып салдық. Өмірден өтсе де әке тәрбиесі, өсиеті жадымда мәңгі сақталады.

Ағайынды екі жігіттен туған жиырмаға жуық бала бірге өстік. Соның ішінде менің ізіммен келе жатқан 5-6 медицина саласының қызметкері бар. Оларға әрдайым ақыл-кеңесімді айтып отырамын, — дейді дәрігер.

Базылбек Сағидоллаұлының зайыбы Гүлжаһан да дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент. Екеуі екі ұлды тәрбиелеп, өсірді. Үлкен ұлы Талғат өзінің ізін қуып, дәрігер атанды. Қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Президент ісі басқармасы медицина орталығында кардиохирург болып жұмыс жасайды. «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алыпты. Кішісі Алмат құрылысшы мамандығын таңдапты. Ол да «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда оқып келіп, қазір Нұр-Сұлтан қаласында қызмет жасап жатыр. Екі ұлдан төрт немересі бар.

Р.S.Базылбек Жақиев — «ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі», «ҚР Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерінің иегері. Ақтөбе облысының «Жыл адамы» (2014), облыс әкімінің «Шапағат» конкурсының «Үздік дәрігер» номинациясы бойынша жеңімпазы. Батыс Қазақстан медицина академиясының «Алтын жүлдесімен» марапатталған. «Хирург-гепатолог ассоциациясы» халықаралық ұйымының мүшесі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button