Жаңалықтар

Талапқа сай келмеген тағам түрлері кері қайтарылды

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің  мамандары сауда желілерінен 3364 азық-түлік сынамасын алды.

Нәтижесінде 379 сынама Кеден одағының техникалық регламенттерінің талабына сәйкес келмеген. Оның ішінде отандық өндірушілер шығарған өнім бойынша — 123, еуразиялық одаққа мүше елдер өнімдері арасында — 164, басқа елдерде шығарылған 92 өнімнің сынамасы талапқа сай емес. Сондай-ақ тағам өнімдерінің 2430 сынамасы тексеріліп, 287 сынама техникалық регламенттердің талаптарына сай болмай шыққан. Оның ішінде микробиологиялық көрсеткіштер бойынша — 83 сынама, таңбалау бойынша — 191, физика-химиялық көрсеткіштер бойынша 10 және қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша 13 сынама талапқа сәйкес келмеген. Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, анықталған заңбұзушылықтар бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілеріне  ескертулер беріліп, 21 кәсіпкерге  3 377 187,5 теңге көлемінде айыппұл салынған. Ал сотқа  6 әкімшілік іс  жіберілген. Соттың шешімімен кәсіпкерлер 594 638 теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс. Ал екі кәсіпкерге хаттама толтырылып, 252 500 теңге  айыппұл салынған.

Сауда объектілеріндегі 251,88 келі тағам өнімдері сатылымнан алынып, өндірушілер мен тасымалдаушыларға кері қайтарылған. Соның ішінде 60,6 келі ет және ет өнімдері, 19,06 киллограмм  құс және құс өнімдері, 7литр сүт өнімдері жойылған. Санитарлық талапқа сай келмеген ойыншықтар да  сауда желілерінен алынып тасталған.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button