Басты жаңалықтарҚұқық

Қылмыс азайды ма?

Облыстық полиция департаментінде өткен 2019 жылдың жедел-қызметтік жұмыс қорытындысы шығарылды.

Жиынға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, сондай-ақ облыс прокуроры Марат Қайбжанов қатысты.

Қорытынды жедел кеңесте үш негізгі мәселе, соның ішінде жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы, тәртіп пен заңдылық мәселелері, азаматтардың өтініштерімен жұмыс тәжірибесі қаралды.

«Өткен жылы облыста 10983 қылмыс тіркелді. Жалпы алғанда жедел жағдай тұрақты және ұдайы бақылауда тұр. Бірақ бізге тергеу желісі бойынша және жедел-іздестіру қызметі бойынша жұмыстарды жандандыра түсу қажет», — деді облыстық полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Атығай Арыстанов.

«Қабылданған шаралар бойынша кісі өлтіру қылмысы 16,4%-ға, қарақшылық шабуыл 14,3%-ға, тонау 30,1%-ға, бөтен мүлікті ұрлау 32%-ға азайды», — деп хабарлады полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Әлиев.

Бүгінгі таңда назар аударатын мәселелердің бірі — жол-көлік оқиғаларының көбеюі. Осы бағытта өткен жылы 50-ден астам жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді. Алайда қабылданған шараларға қарамастан, 2019 жылдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғаларының саны 35,3%-ға (643-тен 870-ке), қаза болғандар 15,8%-ға (95-тен 110-ға), жараланғандар 47,4%-ға (796-ден 1173-ге) өсті.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстары үшін облыстың полиция департаменті жеке құрамына алғысын білдіріп, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу шаралары негізінде және  сыбайлас жемқорлыққа  қарсы әрекет жөнінде бірқатар нұсқаулар берді. Өңір басшысы алдағы уақытта да атқарушы орган тарапынан полицияның материалдық-техникалық жабдықталуына көмек көрсетілетініне сендірді.

Жедел кеңесті қорытындылай келе, Атығай Арыстанов министрлік тарапынан қойылып отырған талаптарды жеке құрамға жеткізіп, үстіміздегі жылы атқарылатын жұмыстар бағыты туралы айтты.

 Н.ДАБЫЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button