Басты жаңалықтарӘлеумет

Жұмыс тобы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде

Кеше облысымызға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев бастаған жұмыс тобы келді. Мақсат — тағайындау тәсілі өзгерген атаулы әлеуметтік көмек жайында тұрғындарға кеңірек түсіндіру, жергілікті мамандармен кездесіп, жаңа механизмдерді қаншалықты түсінгендерін пысықтау.

Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов жұмыс тобын әуелі Қарғалы ауданына қарасты Қосестек ауылына алып барды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев ауылдық әкімдіктің мамандарымен кездесіп, жаңа атаулы әлеуметтік көмекті қалай түсіндіріп жатқандарын, қандай мәселе барын сұрап, пысықтады.

— Ауылымызда 1601 адам тұрып жатыр. Былтыр 47 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды. Жаңартылған атаулы әлеуметтік көмектің талаптары өзгергесін, тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ауыл көшесіне баннер іліп қойдық. Әкімдікке бас сұққандарға ақпарат жазылған парақшалар ұстатып жібереміз. Қолымыздағы мәліметтерге қарасақ, биыл 10-12 отбасы ғана атаулы әлеуметтік көмек алады деп болжап отырмыз. Былтыр көмек алғандардың біразы жұмысқа орналасты, кейбірі өз кәсіптерін ашты. Айтпақшы, ауылымызда 16  көпбалалы отбасы бар, бір анамыз «Күміс алқа» иегері. Көпбалалы отбасылар жаңа жылдағы бірінші айдың жәрдемақыларын алды, — дейді Қосестек ауылдық округінің атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жөніндегі ассистенті Айна Ахметова.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тетіктері туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп, әсіресе, атаулы әлеуметтік көмектің әр тоқсан сайын тағайындалатынын, жұмысқа қабілетті адам ұсынылған жұмыстан бас тартқан жағдайда, сол отбасыға ештеңе төленбейтінін тұрғындарға нығыздап жеткізу керектігін айтып өтті. Мамандарға деректер базасын жаңартып, жаңа мәліметтерді уақытында енгізіп тұруға кеңес берді.

— «Екі-үш баласы бар отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындала ма?» деп сұрап жататындар бар. Әрине, атаулы әлеуметтік көмек шын мұқтаждарға тиесілі. Тұрмысы нашарлап, көмекке зәру отбасы болса, олардың құжаттары тексеріліп, мұндай жағдайда тек құрамында киімдер, азық-түлік, оқуға қажетті заттар, гигиеналық-жуынатын құралдар енгізілген кепілдендірілген әлеуметтік пакет беруге мүмкіндік бар, — дейді вице-министр Нариман Мұқышев.

Қосестек ауылдық округінің әкімі Гүлжан Досмағамбетованың айтуынша, 62 жеке кәсіпкер ауыл тұрғындарына күнделікті тұтыну тауарларын ұсынып, қызмет көрсетеді. Айталық, 5 дәмхана, 2 шаштараз, 10 азық-түлік дүкені, 2 тұрмыстық тауарлар дүкені, тағы басқа да кәсіптер бар.

Былтыр атаулы әлеуметтік көмек алған Ксения Даниярова ауылда тігін шеберханасын ашыпты. Жұмыс тобымен бірге біз де жаңадан кәсіп ашып жатқан тігіншімен сөйлесіп қайттық.

— Тігін тігуді ерекше ұнатамын. Мамандығым да тігінші. Үш балам бар. Ғимаратты ата-анам салды. Мен жалға алып отырмын. Біраз іздендім, бұрын қалада перде тіккенмін. Ауылдық жерде қалай болады, сұраныс бар ма деп, біраз жүріп қалдым. Содан атаулы әлеуметтік көмектің ақшасын жинап, әуелі бір тігін машинасын сатып алдым. Сосын кестелеп тігетін машина алдым. Ауылда да сұраныс бар екен, енді бастаған кәсібімнің құжаттарын реттейтін боламын, — дейді Ксения Даниярова.

Тігіншінің әңгімесін естіп, ісіне риза болған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев осындай мысалдарды халық арасында көбірек насихаттау керектігін айтып өтті. Сондай-ақ, ол Ксенияға елімізде былтыр 1 қаңтардан бастап жеке тұлғаларға қызмет көрсететін барлық өзін-өзі жұмыспен қамтушы төлейтін бірыңғай жиынтық төлемнің тиімділігін түсіндіріп берді. Кәсібін жаңа бастаған тігінші қонақтарға кестелеу әдісін және кестеленген дүниелерін көрсетті. Қонақтар пысық келіншекке сәттілік тілеп, шетінде кестелеп жазылған жазуы бар сүлгіден бір-бірден сатып алды.

Жұмыс тобы бұдан соң Қарғалы ауданы орталығы Бадамшаға, одан соң Хромтау ауданына қарасты Ақжар ауылында болып, атаулы әлеуметтік көмек туралы кеңес алып, құжат әзірлеп жатқандармен кездесті.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button