Жаңалықтар

Әлеуметтік квота: көпбалалы аналар павильон  ашады

Ақтөбе қаласында көпбалалы екі анаға көше павильонын ашу үшін жер телімі жеңілдікпен беріледі.
Әлия Сакиева мен Гүлмира Дабышева — көпбалалы аналар. Бірінің төрт, екіншісінің алты баласы бар. Екеуі де көкөніс саудасымен айналысуды жөн санаған. Сөйтіп «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан көше павильонын ашуға жер телімін сұрап келген. Екеуінің де көпбалалы екені ескеріліп, жер учаскесі әлеуметтік квотамен берілетін болды. Корпорация мамандарының айтуынша, Әлияға Есет батыр көшесі, №158 «г» мекенжайы бойынша орналасқан жер телімі берілетін болса, ал Гүлмираға ағайынды Жұбановтар көшесі, 293 «д» мекенжайында орналасқан учаске бұйырыпты.

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бас менеджері Үмітбек Ермағамбетовтің айтуынша, әлеуметтік квотамен жер алушылар бір жылға жалдау ақысынан босатылады. Сонымен қатар  жыл бойы корпорация мамандарынан тегін кеңес алады.

Арнайы ережеге сәйкес әлеуметтік топтағы отбасыларға әлеуметтік квота арқылы жалдамалы негізде жер беру ісі өткен жылдың қазан айынан бері жүзеге асырылып жатыр. Жерді қалалық әкімдік бөледі. Әзірге екі көпбалалы анадан тапсырыс түсіп, өтініштері қанағаттандырылды. Ең бастысы — тапсырыс берушілер жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, олардың әлеуметтік топтағы отбасы екенін растайтын құжаттары болуы абзал, — дейді Ү.Ермағамбетов.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button