Басты бет » Денсаулық » Министрлік өкілдері аудандарды аралады

Министрлік өкілдері аудандарды аралады

Медициналық сақтандыру

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері облыста міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілу барысымен танысты.

Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген  ҚР Денсаулық сақтау министрлігі заң департаментінің директоры Талғат  Тұрмағанбет, республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы ақпараттандыру департаменті директорының орынбасары Манат Ысқақов, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ақпараттық жүйелерді дамыту департаментінің директоры Айдар Айтуев емдеу мекемелерін аралады. Олар қаладағы №5 емхана, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті жанындағы отбасылық медицина клиникасы және стационарларды аралап, жұмыс барысымен танысты.

Сондай-ақ өкілдер Алға, Мұғалжар аудандарына барды.

Аудандық ауруханаларда сақтандыру жүйесі қалай жұмыс жасап жатқандығы тексерілді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі заң департаментінің директоры Талғат Тұрмағанбет облыстың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізудегі техникалық дайындығына жоғары баға берді.

— Бүгінгі күні медициналық мекемелер толық электрондық жүйеге көшті, көрсетіліп жатқан қызметтер оңтайландырылды, электрондық кезек іске қосылды, медициналық құрылғылар мен жабдықтар сандық режимде жұмыс жасап жатыр. Енді жаңа жүйе бойынша жұмыс жасауымыз керек,— деді республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы ақпараттандыру департаменті директорының орынбасары Манат Ысқақов.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Гүлмира Қожаниязованың дерегінше, қордан Алға аудандық ауруханасына 2020 жылға  1 миллиард 275 миллион теңге бөлінген. Оның  915  миллион теңгесі тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне, яғни ТМККК-ға, 360  миллионы  МӘМС-ке жұмсалған. Ал Мұғалжар аудандық ауруханасына  1 миллиард 150 миллион теңге аударылған.  Оның  1 миллиард теңгесі ТМККК-ға, 150 миллион теңге МӘМС-ке жұмсалыпты.

1 қаңтардан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгені белгілі. Бірақ 1 сәуірге дейін қазақстандықтар шартты түрде сақтандырылған болып есептеледі. Сондықтан емханаларда қызмет бәріне тегін көрсетіліп жатыр.

МӘМС шеңберінде медициналық қызметтер түрі көбейді. ҚР Денсаулық сақтау министрі дәрілік препараттар түрін көбейту туралы бұйрыққа қол қойды. Енді қаңтардан бастап түрлі ауруларға қарсы қымбат дәрі-дәрмектің қосымша 268 түрі тұрғындарға тегін берілетін болады.

       Кәмшат ҚОПАЕВА.