Құқық

Құқықбұзушылықтың алдын алу жоспары бекітілді

Өткен жұма күні Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллинның төрағалығымен  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Мұнда Ақтөбе қаласы бойынша 2020 жылға арналған құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы  заңнамаға енгізілген жаңа өзгерістер талқыланды. Биылғы жылдың ерекшелігі — кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға қарсы «Жол картасы — 2020» қолға алынды.

— Ақтөбе қаласындағы жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтарды жеке-дара қарастырып, бұл жұмысқа қалалық білім, денсаулық  сақтау бөлімдерін, қамқоршылық органдарын да қатыстыру керек, — деді Алматы ауданының прокуроры Жасұлан Дәулембаев. — Қаламыздағы құқықбұзушылыққа жақын топтар, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа бейім отбасылар бізге белгілі. Біле тұрсақ та, олармен  тікелей жұмыс жеткіліксіз жүргізілуде. Мәселен, КСК не учаскелік полицейлер де оларды тоқтату үшін қайда хабарласатындарын білмейді. Қылмыс жасалған жоқ, бірақ құқықбұзушылық бар. Бізде қылмыспен, құқықбұзушылықпен тек полицейлер ғана күресуі тиіс деп ойлайтындар көп. Шындығында, қылмыстың алдын алу үшін   полицейлер ғана емес, білім, денсаулық сақтау мекемелері, қамқоршылық органдары  бірлесе жұмыс істеуі керек. Бізде осы жағы кемшін.  Соңғы жылдың ішінде Ақтөбе қаласында жасөспірімдер қолымен екі ауыр қылмыс жасалып, жас балаға зорлық-зомбылық оқиғасы орын алды. Ендігі жерде құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі комиссия мүшелері  ай сайын жиналып, қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен қаладағы  қылмыстық ахуалды  жан-жақты талқыламақшы.

Осы комиссия отырысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің өкілі Нұрболат Махмұтов биылғы жылдан бастап еліміздегі мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы енгізілген өзгерістермен таныстырды.

                                                                                                                         Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button