Спорт

Мақсат — 100 жолдама

2020 жылдың 24 шілдесінде Жапония астанасы Токиода ХХХІІ жазғы Олимпиаданың ашылу салтанаты өтеді.

Жазғы Олимпиада ойындары 24 шілдеден 9 тамызға дейін жалғасады. Мұнда спорттың 33 түрі бойынша 339 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ. Токио Олимпиадасы бағдарламасына жаңадан бес спорт түрі енгізілді: бейсбол, шыңға өрмелеу, каратэ, скейтбординг және серфинг. Олимпиада бағдарламасында бұрыннан бар кейбір спорт түрлері бойынша жарыстың жаңа түрлерін енгізу де көзделген: дзюдо күресінен командалық жарыс, ал жүгіру мен жүзуден ерлер мен әйелдер аралас эстафеталар, т.б. Ойындарға барлығы 11 мыңнан астам спортшы қатысса, солардың 49 пайызы әйел затынан болады деп болжам жасалған.

Жапония — бұған дейін бір жазғы (1964 жыл) және екі қысқы (1972, 1998 жылдар) Олимпиаданы өткізген ел. Негізі, Токиода Олимпиада ойындары алғаш рет 1940 жылы өткізілуі тиіс еді. Дегенмен сол кездегі халықаралық жағдайдың ушығуы, жапондардың Қытайға басып кіруі салдарынан 1940 жылға жоспарланған ХІІ жазғы Олимпиада алдымен Финляндия астанасы Хельсинкиге ауыстырылып, кейіннен мүлде өтпей қалды. Сонымен, Күншығыс елі алғаш рет жазғы Олимпиаданы 1964 жылы 10-24 қазан аралығында қабылдады. Бұл тек Жапонияда емес, жалпы Азия құрлығында өткізілген бірінші Олимпиада еді.

Алдағы Токио Олимпиадасында ашылу және жабылу салтанаттары, сондай-ақ футбол матчтары өтетін Олимпиада стадионының құрылысы желтоқсан айының ортасында аяқталды. Сәулетші Кенго Кума оның жобасын қолға алғанда, әдемілік пен жайлылыққа қоса, экологиялық жағынан да еш кілтипансыз етіп ұсынуды, сол арқылы әлемнің түкпір-түкпірінен келген көрермендерге қоршаған ортаны қорғау төңірегінде ой салуды көздеген. Стадионның құрылысына табиғи материал, атап айтқанда, Жапонияның 47 префектурасынан әкелінген ағаш тақтайлар пайдаланылған, ал оның аумағы мен маңына 47 мың ағаш егілген.

Қазақстандық спортшылар Токио Олипиадасына 100 жолдама жеңіп алуды көздейді. (2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қазақстандықтар 104 жолдама алған болатын.)

Бүгінге дейін ел қоржынына, шамамен, 30-ға жуық жолдама түсіп отыр. Мысалы, жеңіл атлетикадан (үш қарғып секіру) үш мәрте Олимпиада жүлдесін иемденген, соның ішінде Лондон Ойындарында чемпион атанған даңқты спортшымыз — Ольга Рыпакова өзі қатысқан алғашқы лицензиялық жарыста-ақ Олимпиада нормативін орындап, жолдамаға ие болды. Нақтырақ айтқанда, Олимпиада нормативін орындау үшін көрсеткіштің 14,10 метрден жоғары болуы талап етілсе, ал Алматыда өткен Қазақстан кубогында Ольганың нәтижесі 14,37 метр болды. Салыстырсақ, оның Лондон Олимпиадасының финалындағы көрсеткіші —  14,98 метр. Жалпы, Ольганың жеке рекорды — 15,25 метр. Ал спорттың бұл түрінен әлемдік рекорд украиналық Инесса Кравецке тиесілі екен: 15,50 метр.

Сонымен бірге, әзірге Ольга Рыпакова — тәуелсіз Қазақстанның үш мәрте Олимпиада жүлдесін иемденген бірден-бір спортшысы.

Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин де алғашқылардың қатарында Токио Ойындарына жолдама алды. Ол брасс әдісімен жүзуден 100 және 200 метр қашықтықтар бойынша жолдамаларды иеленіп отыр.

2019 жылдың қыркүйегінде Нұр-Сұлтанда өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатында да қазақстандық балуандар бірнеше Олимпиада жолдамасына ие болды. Атап айтар болсақ, грек-рим күресінен Мейрамбек Айнағұлов пен Асхат Ділмұхаметов, еркін күрестен Нұрислам Санаев, Дәулет Ниязбеков, Әлішер Ерғали мен Данияр Қайсанов, ал әйелдер күресінен Элмира Сыздықова мен Валентина Исламова лицензияға қол жеткізді. Дегенмен күрес түрлерінен алынған жолдамалар атаулы емес, бұлар — ұлттық құрамаға берілген жолдамалар, ал Олимпиадаға нақты кімдер баратынын құрамалардың бас бапкерлері шешетін болады.

Жоғарыда айтқанымыздай, Токиодағы жазғы Ойындар бағдарламасына бұрын Олимпиадада болмаған бес спорт түрі бойынша жарыстар енгізілді. Оның ішінде шыңға өрмелеу спортынан Қазақстан бүгінде бір жолдамаға ие болып үлгерді. Спорттық шыңға өрмелеуден Жапонияда өткен әлем чемпионатында 23 жастағы алматылық Ришат Хайбуллин қола медальмен бірге, Олимпиада жолдамасын да ұтып алды. Айта кету керек, ТМД елдері спортшыларының арасынан Ришат қана осы әлем чемпионатының ақтық сынына өте алыпты.

Аталғандардан бөлек, Сәрсенгүл Рысбекова (стендтік ату), Георгий Шейко (жеңіл атлетика), Евгений Гидич (велоспорт), Милад Карими (спорттық гимнастика), Виталий Худяков (ашық суда жүзу), Екатерина және Александра Немичтер (синхронды жүзу), сондай-ақ классикалық садақ атудан ерлер командасы, т.б. Токио Олимпиадасына жолдама алды.

Спорттың көптеген түрлерінен, соның ішінде жекпе-жек түрлерінен спортшылар Олимпиада жолдамасына лицензиялық турнирлерде рейтингтік ұпайлар жинау арқылы қол жеткізеді. Мысалы, дзюдо күресінен Олимпиадаға бару үшін, рейтингте өз салмағы бойынша үздік 20-25 спортшының қатарынан көріну қажет.  Бүгінгі күні Рио-де-Жанейро Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов (60 кг) 5809 ұпаймен рейтингте екінші болып тұр. Ерлан Серікжанов (66 кг) 3470 ұпаймен — 11-ші, ал Ислам Бозбаев (90 кг) 3213 ұпаймен 14-орында келеді. Сондай-ақ, Ғұсман Қырғызбаев (60 кг), Елдос Жұмақанов (66 кг), Дидар Хамза (81 кг), Жансай Смағұловтардың (73 кг) нәтижелері жақсы.

Олимпиада бағдарламасына бірінші рет енгізілген каратэден Токиода ерлер арасында — үш, әйелдер арасында үш салмақ категориялары бойынша ғана жарыстар өткізілмек. Бұл спорт түрінен Дархан Асаділов (67 кг) 8032 ұпаймен көш басында келеді. Ал Ермек Айназаров (75 кг) 3412 ұпаймен — 7-орында, тағы бір олимпиадалық салмақ дәрежесінде (+75 кг) Данияр Юлдашев 3622 ұпаймен 12-орында тұр.

Бүгінгі күні боксшыларымыздың қоржынында бірде-бір жолдама жоқ. Алайда бұл жерде кінә — спортшыларда емес, халықаралық әуесқой бокс қауымдастығында (АИБА) болып отыр. 2018 жылы АИБА басшысы болып қылмыс әлеміне қатысы бар саналатын өзбекстандық Гафур Рахимовтың сайлануына байланысты Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) боксты Олимпиаданың бағдарламасынан алып тастау жөнінде мәселе көтерді. Осыдан кейін Рахимов өз орнын босатты, ал ХОК Ойындардан боксты шеттетпегенмен, АИБА-ны шеттетуді жөн деп тапты. Сондықтан АИБА аясында өткен жарыстарда Олимпиадаға жолдама берілмейтін болды. ХОК бекіткен кестеге сай, бокстан лицензиялық турнирлер алдағы ақпан айында Қытайда және мамыр айында Францияда өтеді, ал АИБА бұл турнирлердің басы-қасында бола алмайды. Сондай-ақ, бұл спорт түрінен 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында қазылық еткен төрешілерді Токио Олимпиадасына қатыстырмау туралы шешім де қабылданған.

Естеріңізде болса, Рио-де-Жанейрода 91 кг салмақ дәрежесіндегі финалдық жекпе-жектің соңы үлкен дауға айналған болатын. Финалда қазақстандық Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенко кездесіп, төрешілер шешімімен жеңіс Тищенкоға берілген. Алайда жекпе-жекті тамашалаған көрермендер бұл шешіммен келіспей, бүкіл зал шулап кетті, соңынан көптеген мамандар да қазақстандық боксшының қарсыласынан басым болғанын айтты. Осыған байланысты жекпе-жекте қазылық еткен төрешілер Олимпиададан шеттетілгенмен, өкінішке қарай, олардың шешімдері қайта қаралған жоқ.

Байрақты бәсекелерде елге үнемі жүлде әперіп жүрген ауыр атлетшілеріміз үшін де соңғы жылдар оңай тимеді. Рио-де-Жанейро Олимпиадасының алдында бірқатар ауыр атлетшілеріміз допинг дауына ілігіп, бұрынғы Олимпиадалар мен әлем чемпионаттарында алған жүлделерінен айырылды. Олардың ішінде, әсіресе, Илья Ильиннің Пекин және Лондон Олимпиадаларындағы чемпиондық атағынан айырылуы барша жанкүйерлерді өкіндірді. Ильяның өзі ешқашан арнайылап допинг қабылдамағанын айтқан еді. Қазіргі күні оның үлкен жарыстарға, соның ішінде Олимпиадаға да қатысуына рұқсат етілді. Алайда Олимпиада қарсаңындағы лицензиялық турнирлер Илья Ильин үшін тіпті де сәтті өтіп жатқан жоқ. 2019 жылы қыркүйекте Таиландта өткен әлем чемпионатында ол 96 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, 13-орын алды. Ал жақын күндері Илья енді қалған екі лицензиялық турнирде жақсы нәтиже көрсете алмаса, спортпен қоштасатынын мәлімдеді.

Осы спорт түрінен допинг қолданды деген айыпқа іліккен спортшыларының көп болуына байланысты, Қазақстанға және басқа да бірқатар елдерге Токио Олимпиадасына қатысуға берілетін жолдамалар саны шектелді. Алдағы Ойындарға Қазақстан атынан тек екі ауыр атлетші ғана бара алады.

Жалпы, Рио-де-Жанейро Олимпиадасы қарсаңында ушыққан допинг дауы әлі басылмай тұр. Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттіктің (WADA) атқарушы комитеті жуырда Ресейді 4 жылға дейін барлық ірі жарыстардан шеттету туралы шешім қабылдады. Мұның себебі Мәскеудегі допингке қарсы зертханада сақтаулы мәліметтерге өзгерістер енгізілгендігінің анықталуымен байланыстырылды.  WADA сарапшылары өзгерістер ресейлік спортшылардың допинг-сынамалары қорытындыларын жасыру мақсатында енгізілді деп шешіп отыр.

Лозаннадағы Спорттық арбитражды сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған күнде, ресейлік спортшылар Олимпиадаға тек ХОК аясында, яғни өз елдерінің туы мен әнұранынсыз қатысатын болады.

Осы жағдайларды ескеріп, біздің елімізде допинг қолданған спортшыға қарсы заңды қатайту шаралары қолға алынды, соның ішінде ҚР Спорт және дене шынықтыру туралы заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп отыр. Допинг-сынамаларды сақтау мерзімі 10 жыл екені белгілі, соған сәйкес енді Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне тұрғын үй 10 жыл мерзімге жалға беріліп, содан кейін ғана спортшының иелігіне өтеді. Сондай-ақ, допинг қолданған спортшы өз жетістіктері үшін мемлекет тарапынан берілген ақшалай сыйақыларды қайтаруға мәжбүр болады. Заңда спортшы ғана емес, оның жаттықтырушысы мен денсаулығын бақылайтын дәрігерлердің де жауапкершіліктерін күшейту көзделген.

Сөз соңында бүгінге дейін Олимпиадаға жолдама алған ақтөбелік спортшыларға тоқталғанды жөн көрдік. Олардың саны үшеу: Мейрамбек Айнағұлов (грек-рим күресі); Нұрислам Санаев (еркін күрес) және Виталий Худяков (ашық суда жүзу).

Алдағы жарыстарда Олимпиадаға жолдама алған спортшылар қатары толыға түседі деген үмітпен, оларға сәттілік тілейміз.

 Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button