Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы: өзекті мәселелер қозғалды

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері қазіргі уақытта күн тәртібінде ерекше тұрғандығы көпшілікке мәлім. Бұл тақырыптың Республика Парламенті қабырғасында да, салалық министрліктер тарапынан да кең ауқымда жиі сөз арқауына айналып, бірқатар күрделі проблемаларды шешудің нақты қадамдарын жасауға ұмтылыстар болып жатқаны да белгілі. Алайда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді мазалайтын сауалдар әлі де аз емес.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Сенат депутаттарының, сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің, даму институттарының қызметкерлерінің қатысуымен өткен жиында осы жайға назар аударды.

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста арнайы агроөнеркәсіпті дамыту бағдарламасы дайындалған болатын. Қазіргі уақытта бұл маңызды құжат Ауыл шаруашылығы министрлігімен, басқа да құзыретті органдармен келісілді. Біз бұл кездесуде ауыл шаруашылығы құрылымдары тарапынан айтылған ұсыныстар мен өтініштерді ескере отырып, талқылайтын боламыз. Агроөнеркәсіп кешенінің дамуы бойынша 2020 жылға алға қойылған мақсатты индикаторларды қалай орындайтынымызды, бұл жолда қандай кедергілер кездесетінін айқындап алуымыз қажет, — деп атап көрсетті ол.

Облыс басшысы біздің өңірде агроөнеркәсіптік саланы дамытуға барлық мүмкіндіктер бар екенін айта келе, өкінішке қарай, солардың жеткілікті пайдаланылмай отырғандығына назар аударды. Мәселен, облыс жайылымдық жерлердің көлемі бойынша республикада екінші орын алады. Барлығы 25,3 миллион га жайылым болса, соның 9,3 миллионы шаруашылықтарға бекітілген. Мұның өзі мал басын әлі де болса екі есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Егіншілік саласында ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру барысында агротехникалық шаралардың сақтала бермейтіндігі, кей жерлерде тұқым сапасына көңіл бөлмейтіні айтылды.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин өткен жыл қорытындылары, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер мен шешімін күткен өзекті мәселелер туралы баяндап берді.

Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі бұрынғыға қарағанда арта түсті. Сондай-ақ, салаға тартылған инвестиция мөлшері де көтерілді.

Былтыр 457 гектарға дәнді дақылдар егілді. Сондай-ақ, майлы дақылдар үлесі 300 мың гектарға жеткізілді. Алқаптағы өнім толық ауқымда жиналып алынды. Қарғалы, Мәртөк аудандарында өзге өңірлермен салыстырғанда өнімділік біршама жоғары деңгейде болды.

Облыста суармалы алқаптарды қалпына келтіру жұмыстары мақсатты түрде жүргізілуде. Егер 2018 жылы суармалы алқап көлемі 21,9 мың га құраса, былтыр бұған қосымша 8,3 мың га игерілді. Жаңадан салынатын су құрылыстары есебінен таяу маңда оны 100 мың гектарға жеткізу жоспарлануда.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі шешімін күткен басты проблемалардың бірі — жердің тиімсіз пайдаланылуы. Сондай-ақ, шаруа қожалықтарының техника паркін жаңғырту қажеттігі де айқын білінуде. Ауа райының құрғақшылық жағдайында суармалы жерлердің жаңа алқаптарын жедел іске қосу да маңызды. Мал бордақылау алаңдары өндірісін ұлғайту, сонымен бірге сүт зауыттарына жаңа тауарлы-сүт фермаларынан өнім жеткізуді ұйымдастыру шаруалары да жүйелей түсуді қажет етеді. Ет сапасын көтеру үшін асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуға басымдық беріле түсуі тиіс. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, оның ішінде жүн мен теріні пайдалану жүзеге асуы қажет.

«Тілеу» шаруа қожалығының жетекшісі Александр Мандрыкин облыстағы фермерлердің жанайқайын жеткізді. Бұл ретте мал өсірушілерге уәде етілген субсидиялардың дер кезінде берілмеуі салдарынан көптеген жұмыстарының жүрмей қалғандығын, алдағы уақытта министрлік тарапынан бөлінетін субсидия мөлшерін арттыру жөнінде айтты.

«Меңдібай Қарағаш» шаруа қожалығы басшысы Марлен Баймағамбетов те агроөнеркәсіп саласындағы қордаланып қалған проблемаларға тоқталды. «РусАрт» шаруа қожалығы жетекшісі Руслан Шүйіншалин осы бағыттағы мәселелерді жан-жақты аша түсті. «Ардағым» шаруа қожалығы иесі Қали Исмайылов балық өсіруге қатысты проблемаларды қозғады.

Қарғалы ауданындағы «Степное» ЖШС-ның директоры Аманқос Төлеуов ауыл шаруашылығы саласын жас мамандармен қамтамасыз ету жайына тоқталды. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан оларға материалдық қолдау көрсету жайын қарастырса деген ойын ортаға салды. «Қазіргі уақытта бізге Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжінің оқушылары өндірістік практикадан өтуге келеді. Олардан болашақта жақсы мамандар шығатынына сенемін. Өйткені оқу орны қабырғасынан тиянақты білім, мамандыққа жақсы бағдар алғандарын байқатып жүреді», — деді ол.

Жиында көпшілік алдында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің және «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқармасының өкілдері Тұрсын Қабылданов, Қайрат Мұтаев, Айжан Кенжебаева және басқалары өз салалары бойынша туындаған сауалдарға қатысты түсініктерін берді.

Жиынға ҚР Парламенті Сенаты депутаттары Марат Тағымов, Мұхтар Жұмағазиев қатысты.

— Біз осында болған уақытымызда бірнеше ауданда болып, шалғай ауылдарда еңбек етіп жатқан шаруалармен кездестік. Олардың тыныс-тіршіліктерін көзімізбен көріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдадық. Проблемаларды зерттедік. Парламентте агроөнеркәсіп кешенін дамытуға байланысты Заң қабылданды, таяуда ғана Ауыл шаруашылығы министрлігі басшылары бізде болып, атқарып жатқан жұмыстары, алдағы бағыттары жөнінде баяндап берді. Біз де өз ұсыныстарымызды айттық, — деді Мұхтар Жұмағазиев.

Жалпы алғанда, облыстың агроөнеркәсіп саласын дамытуда бірқатар оңды ілгерілеулер бар. Жалпы өнім өсімі соңғы бірнеше жыл қатарынан республикалық орта көрсеткіштен жоғары болып келеді. Алайда егіншілікте де, мал шаруашылығында да тиімді пайдалануға болатын резервтер жеткілікті.

Бүгінгі күні облыс бойынша агроөнеркәсіп саласында жалпы құны 57,0 миллиард теңге болатын 15 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру басталды. Бұл өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, облыс экономикасына оң ықпал етуге мүмкіндіктер көзін ашады.

— Облысымыздың ауыл шаруашылығы саласының дамуына өз үлестерін қосып жүрген азаматтарымыз өздерінің өтініштері мен ұсыныстарын ортаға салды. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту күн тәртібінен түспейді. Аймағымызда ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететін кәсіпкерлерді қолдау бағытындағы жұмыстар өз жалғасын тауып келеді. Түсіне білсек, әр кәсіпкердің артында қаншама отбасының тағдыры бар. Біз мемлекет және жергілікті билік тарапынан қашанда жұмыс істеп жатқан азаматтарға көмектесуге міндеттіміз. Ортаға салынған ой-пікірлердің бәрі де өзекті. Қордаланған проблемалар бар, оны мойындаймыз. Ендігі мақсат — оның шешу жолдарын бірге қарастыру. Атакәсіпті жаңғырту, елге көмектесу ортақ міндет, — деп атап өтті облыс әкімі жиын қорытындысында.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button