Билік

Алғашқы аялдама — «Ақтөберентген»

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе өңіріне жұмыс сапарымен келді. Халықаралық әуежайдан Елбасымен бірге келген Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев, Президент әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин, «Нұр-Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллин, басқа да ресми адамдарды облыс әкімі Елеусін Сағындықов күтіп алды.

Биылғы маусым айының соңында болған республикалық телекөпір кезінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ақтөберентген» акционерлік қоғамында атқарылып жатқан істерді тыңдаған еді. Сол кезде облыс әкімі Елеусін Сағындықов Президентке өңірдегі үдемелі индустриалық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылу жайын баян етіп, осы шара кезінде он алты кескінге арналған алғашқы қазақстандық компьютерлік томографияның тұсаукесері жасалған болатын.

Нұрсұлтан Әбішұлы сол  телекөпір кезінде «Ақтөберентген» зауытының ахуалымен бұрыннан таныс екендігін айта келіп, бүгінгі күні «Дженерал электрик» компаниясымен бірлесіп заманауи медициналық диагностикалық жабдықтың шығарылуын қайта өрлеуге теңеді. «Мұндай жабдықты бұрын шетелдерден көретін болсақ, енді Қазақстанда шығарамыз», — деп атап көрсетті.

Кеше Ақтөбе өңіріне жұмыс сапарымен келгенде Нұрсұлтан Назарбаев әуелі осы «Ақтөберентген» акционерлік қоғамына ат басын тіреді. Ол еліміздегі медициналық және өндірістік рентген аппараттарын шығаратын бірегей кәсіпорын жұмысымен танысты.

Құны 180 миллион теңге тұратын зауыттың алғашқы өнімі – компьютерлік томография   шілде айының басында Ақтөбе қаласындағы №2 қалалық емханаға орналастырылды. Рентген аппаратының жиырма сегіз түрін шығаратын зауыттың жабдықтарын әлемнің жиырма үш елі тұтынады. Оның ішінде Қытай, Түркия секілді шет мемлекеттер де бар.

Бұл жоба еліміздің үдемелі индустриалық-инновациялық даму стратегиясы аясында іске қосылды. Оны жүзеге асыру үшін жалпы аумағы 900 шаршы метрді құрайтын жаңа өндірістік корпус, яғни жинақтау цехы құрылымдалды. Мұнда сөз басында айтылғандай, заманауи жоғары технологиялық медицина техникасы шығарылады.

Зауыттың жылдық жоспарлы түрдегі қуаттылығы жиырма сегіз компьютерлік томографияны құрайды, ал бағасы нақ осындай шетелдік өнімдерге қарағанда отыз пайызға арзанға түседі.

Жоба «General Electric Healthare» компаниясымен бірлескен түрде жүзеге асырылуда. Медициналық рентгендік аппарат сандық технологияны қолданумен, яғни компьютерлік диагностика арқылы денсаулық сақтау жүйесі мекемелерінде тұрғындарға қызмет көрсетеді.

«Ақтөберентген» акционерлік қоғамының атқарушы директоры Марс Махмұтов журналистермен сұхбатында бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен зауыт арасында оның өнімдерін басымдықпен сатып алуға шартты түрде «Жеңіс» деп аталған  меморандумға қол қойылғандығын айтқан еді. Ал бүгін біз әңгімелескен инженер-конструктор Гүлжаһан Төлеубаева осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқандығын, жыл сайын жоғары білімді маман жастардың зауытқа көптеп келе бастағанын мәлімдеді. Бас технолог Абай Батанов та оның сөзін жандандыра түсті. «Ең бастысы алғашқы қадам жасалды, — деді ол, —  біз өз мүмкіндіктерімізді көрсеттік. Енді істі одан әрі бекітіп, тапсырыстарға сәйкес сапалы өнім шығаруға толығынан бет бұрудамыз».

Зауыт мамандары бүгінгі күні Алматыдағы және Новосибирскідегі ядролық физика институттарымен, Мәскеудегі дәрігерлік техникалар жөніндегі ғылыми-зерттеу институтымен және Санкт-Петербургтағы электр құралдары институтымен тығыз ғылыми байланыста жұмыс істейді. Ол жерлердегі ғалымдар өздерінің ғылымдағы ізденістерін өндіріске енгізу үшін осында келсе, ақтөбелік мамандар тәжірибе алмасу мақсатында оларға барады. Осы тұрғыдағы байланыстар бізде нанотехнологияны дамытуға алғышарттар жасайтыны анық.

Елбасы «Ақтөберентген» акционерлік қоғамының ұжымына алда да осы бағыттан таймай қызмет ете берулеріне тілектестігін білдірді.

Президент «Ақтөберентген» акционерлік қоғамының базасында үдемелі индустриалық-инновациялық даму бағдарламасының Ақтөбе өңірінде жүзеге асырылу барысымен танысты. Қазіргі уақытта осы бағдарлама аясында жалпы құны 1,0 триллион теңге құрайтын 84 инвестициялық жобаны іске қосу қолға алынуда.

2010 жылы 7,9 мың жаңа жұмыс орны ашыла отырып, 143,9 млрд. теңгенің 43 инвестициялық жобасы енгізіледі. Биылғы жыл басынан бері өңірде жалпы құны 54,7 млрд. теңгені құрайтын он сегіз жаңа нысан пайдалануға берілді, оның он үші үдемелі индустриалық-инновациялық даму бағдарламасы ауқымында жүзеге асырылды.

Өңірдегі осындай шаруалар атқарылып жатқан кәсіпорын басшылары Елбасыға макет пен стенд арқылы бейнеленген жобалардың жүзеге асырылу барысын мәлімдеді.

Солардың қатарында 1999 жылдан бері Әлібекмола және Қожасай көмірсутегі кен орнын өңдеу, пайдалану жұмыстарымен шұғылданып келе жатқан «Қазақойл Ақтөбе» компаниясы да бар. Қазіргі уақытта бұл аталған серіктестік газды залалсыздандырып, пайдаға асыру жұмыстарын іске асыруда.

«Париж коммунасы» ЖШС – Бестамақ мал шаруашылығы кешені құрылысында қазіргі уақытта 135 адам еңбек етуде. Он жеті мал шаруашылығы баздарынан тұратын бұл аумақта болашақта шошқа етін молынан өндіру қолға алынады. ЖШС жетекшісі Мгер Тертеряннің айтуынша, «ҚазАгроҚаржы» АҚ қолдау көрсетіп отырған бұл бағыттағы жұмыстар аяқталған тұста, екі жүзден астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Кешенде сондай-ақ, жылына 36,0 мың тонна құрама жем өндіретін зауыт та іске қосылмақшы.

«Айс» сүт-тауарлы фермасы да өңірдегі тың жаңалықтардың бірі. Кәсіпорын директорының орынбасары Смағұл Бисембаевтың айтуынша мұнда келешекте асыл тұқымды 1100 сауын сиыры ұсталатын болады, сонымен бірге жылына 7200 тонна сүт өндіріледі.

«Батыс Калий» ЖШС Жыланды кен орны базасында калийлі минералдық тыңайтқыштар өндірумен шұғылданатын болады. Бұл жобаның мақсаты республикада химия саласын одан әрі дамытуға мүмкіндік беретін ірі өңдеуші өндірісті жолға қою болып табылады. Аталған жобаның бірінші кезеңі 2013 жылы, екінші кезеңі 2015 жылы пайдалануға беріледі.

Елбасы сонымен бірге «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның үшінші Жаңажол газ өңдеу зауытының құрылысы, «Қандыағаш ГТЭС-100» АҚ жобасы, «Қазхром» компаниясы жұмыстарымен танысты.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button