Басты бет » Жаңалықтар » Сенаторлар ауылға барды

Сенаторлар ауылға барды

Парламент депутаттары Ақтөбе облысына сапары барысында Мәртөк, Қобда, Алға аудандарын аралады.

Сенаторлар Марат Тағымов пен Мұхтар Жұмағазиев Алға ауданының Үшқұдық, Қарақобда, Тікқайың, Сарықобда елді мекендерін аралап, ауылдағылардың айтарын тыңдады.  Үшқұдық Мәдениет үйіндегі коворкинг-орталықта сенаторлар жергілікті тұрғындармен пікірлесті:

— Президент Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында елімізде бірқатар заң қабылданғаны белгілі. Біздің жұмыс сапарымыздың мақсаты — ел ішінде осы заңдардың қалай орындалып жатқанын өз көзімізбен көру және халықтың талап-тілегін тыңдау, ауыл-елдегі мәселелердің қалай шешіліп жатқанын бағамдау, — деді Марат Тағымов.

Ауыл тұрғыны Айнагүл Будусова жеке кәсіппен айналысу барысында кездескен проблемалар туралы айтты:

— Үшқұдықта балабақша ашуды мақсат етіп, жазда қомақты қаржыға құрылыс материалдарын сатып алдым. Алайда бұл материалдар сапасыз болып шықты. Сатушылар оны қайтадан кері алмады. Тәуелсіз зерттеушілер сараптама жүргізіп, тауардың сапасыз екенін дәлелдеді. Алайда сот сатушылардың пайдасына шешім шығарды. Бармаған жерім жоқ, бірақ маған ешкім көмектеспеді. Тіпті «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да көмектесе алмады, — деді ол. Кәсіпкердің шағымын тыңдаған Марат Тағымов Ақтөбеде Nor Otan партиясының облыстық филиалы ғимаратында өтетін азаматтарды қабылдау кезінде «Атамекен» палатасының басшылығы болатынын, бұл мәселе міндетті түрде қаралатынын айтты. Сенатор қазіргі уақытта мемлекеттің ауылдағы бизнесті дамытуға бар жағдайды жасап отырғандығын, кәсіпкерлікті қолдауға қатысты түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар екендігін алға тартты. Қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан «Ауыл — ел бесігі» жобасының басты мақсаты — ауыл тірлігінің сапасын арттыру, ауыл-аймақтағы инфрақұрылымды жаңарту, оны аймақтық стандарттар жүйесі параметрлерімен теңестіру екендігі айтылды.

Ауылдағы үлкен проблемалардың бірі — байланыс сапасы. Кейбір ауылдарда ұялы байланыс мүлде жоқ.

— Қарақобда ауылында «СВИМ» операторының қызметін пайдаланып отырмыз, интернет-провайдеріміз де осы. Ұялы байланыс үлкен мәселе болып отыр. «Билайн» желісі бар болғанымен, барлық жерде қолжетімді емес, — деді Қарақобда мектеп-бақшасының тарих пәнінің мұғалімі Қуандық Акиев.

— Біз «Билайн» компаниясының басшылығына бұл мәселенің мән-жайын айтып, ресми хат жолдаймыз. Дегенмен, бұл мәселенің түйінін жергілікті билік шешуі тиіс, — деді М.Тағымов.

Ауыл тұрғындары медициналық қызмет сапасына қатысты да проблемаларды айтты:

— Менің жасым 66-да, екі рет инфаркт алдым. Ауылда кардиолог та, уролог та жоқ. Ақтөбедегі Әуе қалашығы ауданындағы медициналық орталыққа бардым, бірақ ол жерде «Ауданнан келген адамдарға қызмет көрсетпейміз» деп мені қабылдамай, кері қайтарып жіберді, —  деді зейнеткер Жаңбырбай Құсайынов.

Ауыл тұрғындарының сұрағына Алға ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов жауап берді. Оның айтуынша, былтыр аудан бюджеті 8 миллиард теңге болса, биыл 14,5 миллиард теңге болып отыр. Барлық мәселелер рет-ретімен орындалатынын жеткізген аудан әкімі алдымен елді мекендерді газдандыру, содан кейін жол салу мен жөндеу жұмыстары жүргізілетінін алға тартты.

— Медициналық қызмет сапасына келсек, рас, ауылда маман жетіспейді, бізге 8 дәрігер қажет. Қазір Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жас мамандарға Алғадан 4 пәтер беруге, оларға қаржылай қолдау көрсетуге мүмкіндік бар, — деді аудан әкімі.

Тікқайың ауылына барған депутаттар мектепке ат басын тіреді. 1963 жылы тұрғызылған мектеп ғимараты әбден ескірген.

— Жаңа мектеп тұрғызылды делік, бірақ бала саны қалай болады? Мысалы, Болгарка ауылында тұрғызылған жаңа мектеп жартылай бос тұр, ал сіздерде жағдай қалай? — деді сенаторлар.

— Бізде халық саны өсіп келеді. Қазір мектепте 49 бала білім алып жатыр, мектепке дейінгі жаста 35 бала бар, — деді Тікқайың негізгі мектебінің директоры Лариса Троян.

Мектепте жиналған тұрғындар ауылға газ тартылуын асыға күтіп жүргендерін айтты. Олардың айтуынша, бүгінде ауылдан қалаға ағылған көш тоқтаған, керісінше ауылға көшіп келіп жатқандар бар екен. Қазір 106 түтін бар, жеке тұрғын үй салу үшін жер де беріліп жатыр. Ауылдағы бір мәселе — байланыс сапасының нашарлығы. «Билайн» желісі болғанымен, дұрыс жұмыс істемейді.

Мұхтар Жұмағазиев Мұғалім мәртебесі туралы Заң қабылданғанын, осы құжатқа сәйкес, мұғалімдерді өздерінің келісімінсіз білімге қатысы жоқ шараларға еріксіз қатыстыруға болмайтындығын айтты.

Сарықобдада тұрғындармен кездескен сенаторлар әр ауданда, әр ауылда шешілмей жатқан түрлі мәселелердің бар екендігін, алайда ең күрделі мәселе тұрғындарды көгілдір отынмен, таза ауызсумен қамтамасыз ету екендігін айтты. Жол сапасы мен ұялы байланыс сапасы да көңіл көншітпейді.

Алға ауданына сапары соңында депутаттар «Ала қозы» шаруа қожалығына бас сұқты. 2017 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қожалық басшысы Жақан Әбдіразақтың айтуынша, қазір жылқы басы 350-ге, асылтұқымды ірі қара 270-ке, ал қой басы 800-ге жеткен.

Владимир БУРЬЯНОВ.