Жаңалықтар

Жездібай ауылы жабыла ма?

Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Мұхтар Жұмағазиев пен Марат Тағымов ауылдар мен елді мекендердің жағдайымен танысып, шаруа қожалықтарды аралады.

Ондағы мақсат — халықтың әлеуметтік ахуалын көздерімен көріп, шешімін күткен шаруаларды жүзеге асыру үшін жергілікті тұрғындардың талап-тілегін тыңдау. Сонымен қатар жаңа 2020 жылдағы субсидиялау, атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй, жалақы, тағы басқа да өзгерістерді халыққа түсіндіру.

Сенат депутаттары алдымен Мәртөк ауданы Хазірет ауылдық округіне қарасты Жездібай ауылына барды.  Тұрғындары көшіп, жабылудың аз-ақ алдында тұрған ауылда небәрі 11-ақ үй қалыпты. 40-қа жуық тұрғынымен қалған елді мекендегі санаулы жандардың жалғыз үміті — іргесіндегі «Березовка» шаруа қожалығы. Тиесілі аумағы 3997 гектар жерді алып жатқан ірі шаруа қожалығы жыл сайын 900 гектар жерге  астық және мал азығын егеді. Бүгінгі таңда аталмыш шаруа қожалығында жүзден астам ірі қара, 615 қой, 83 жылқы мен 265 шошқа бар. Ал жездібайлықтар үшін бұл шаруашылық бірден-бір жұмыс көзі. Қыста 27 адам жұмыспен қамтылса, жазғы маусымда  100 адам еңбек етеді.  Жұмысшыларына барлық жағдай жасалған. Хазірет ауылынан қатынап жасайтындарға арнайы көлік тегін апарып, әкеледі. Ауызсуды да шаруашылық өз күшімен шығарып отыр.

— Адамдарға ең керегі не? Жақсы тұрмыс. Тұрақты жалақы және ыңғайлы үй. Ол үшін ең бірінші көгілдір отын керек. Ал бізде ұялы байланыс желісі жоқ. Бұл шаруашылық жұмысына да көп кедергі болып тұр. Осындай мәселелер шешілмесе, бұл ауылда адам тұрақтамай, жабылып қалуы да ғажап емес, — дейді «Березовка» шаруа қожалығының басшысы Виктор Проскурин.

Одан кейін Хазірет ауылдық клубында болған кездесуде айтылған ауыл адамдарының талап-тілегі аяқсыз қалмайтын болды. Жайылымдық жердің өрісін кеңейтуді сұраған ауыл тұрғындарына аудан әкімі Ермек Кенжеханұлы бұл істі биыл қолға алатынын айтты. Мал басына тиесілі жайылымдық жер көлемі анықталып, қайтадан бөліске түседі. Ауыл іргесіндегі пайдаланылмай отырған шаруа қожалығы иелігіндегі жерлер село әкімшілігіне қайтарылып, ауыл тұрғындарына жайылымдық мақсатта беріледі.

Егісті ауылдардың бірі Родников ауылына барған депутаттар ауылдағы әлеуметтік нысандарды аралап, «Родники-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Онда жаңадан салынған астық кептіру нысанының жұмысымен танысты. Құны 160 миллион теңге тұратын құрылғы сағатына 8 тонна астық кептіреді. ЖШС директоры Василий Евстратовтың айтуынша, құрылғыны игеруді жергілікті мамандар тез меңгеріп кеткен.  Шаруашылықта 143 адам жұмыс істейді.

Родников ауылдық клубында тұрғындармен кездесу өткізген Сенат депутаттары шаруа қожалығы басшыларының сұрағына жауап берді. Жергілікті шаруаларды алаңдатып тұрған мәселе — субсидия төлеу тәртібі. Бұл жөнінде Сенат депутаты Мұхтар Жұмағазиев  биылғы заңға біраз өзгерістер енгізіліп, жаңа форматта жүзеге асатынын, шаруа қожалығы иелерінің ұсыныстары ескерілетінін айтты.

Субсидия — еліміз бойынша көтеріліп отырған мәселе. Біз бұған бейжай қарай алмаймыз. Бәрі заң шеңберінде жасалады. Міне, сол үшін де алдарыңызға келіп отырмыз. Ұсыныс-тілектеріңізді айтыңыздар. Жазбаша беріңіздер. Бір ауыздан ауылшаруашылық саласына қатысты тиімді ұсыныстарыңыз болса, біз министрлікке ұсынып, заңға енгізуге тырысамыз. Бұл үшін екі тарап бірігіп, әбден келісіліп, ұсыныстар жан-жақты зерттеліп барып өтуі керек. Аудан, облыс шеше алмаса, жоғары жаққа жеткізейік,  — деді Мұхтар Сабырұлы.

Ауылдың зейнеткері Болат Ордақұлов малдың жүні мен терісінің жарамсыз болып қалуына алаңдайды. Бұл — барлық жердегі өзекті жайт. Бұған жауап берген облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай  әңгіменің ашығын айтты.

Қазір заман талабы өзгерді. Теріден жасалатын киімдер азайып, басқа түрлері шыға бастады. Тері мен жүннің өтпеуінің басты себебі — сұраныс болғанымен, сапасының жоқтығы. Сол себепті өткізу бағасы өте төмен. Бірақ біз қарап жатқан жоқпыз. Белоруссия, Ресей елдеріндегі  жүн-тері өңдейтін зауыттармен келісіп жатырмыз. Жалпы тұрғындарға айтарым, сапалы жүнді ғана жақсы бағаға өткізе аласыз. Ол үшін қойдың тұқымын араластырмай, бір ғана тұқымнан алу керек. Уақытында тоғыттан өткізгенде ғана сапалы жүн болады. Облыста осындай жұмыстарды жүргізіп, жүннің келісін 100 теңгеге өткізіп отырған шаруа қожалығы бар. Бізде араласып кеткендіктен біртұқымды мал сирек. Бірте-бірде қой жүнінің сапасын дұрыстамасақ, оны өткізе алмаймыз. Тері де солай. Тілінбеген, кесілмеген, арнайы сойылған мал терілері ғана сұраныста бар.  Түркияның белгілі тері өңдейтін компаниясына теріні алдын ала зерттеуге жібердік. Анықтағанымыздай біздің тері 6-санатқа жатады екен. Ал бізге қойып отырған талап — біреу. Ол — сапалы жүн мен тері, — деді басқарма басшысы.

Родников тұрғындарын мазалап тұрған тағы бір жай — егістік жерлердің ауылдың шетіне дейін тақалып, соның салдарынан жайылымдық жерлердің тарылуы.

Жиында аудан әкімі Ермек Кенжеханұлы аудан көлемінде жасалуы тиіс шаруалардың күн тәртібінде тұрғанын айтты. Биыл Родниковтың екі көшесіне асфальт төсеу жоспарда бар. Аудан басшысының айтуынша, бюджет қаржысы артылып жатса, жол жөндеу жұмыстары жалғаса береді.  Ол үшін сәл уақыт керек…

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button