Жаңалықтар

Облыста 15 мыңға жуық көпбалалы отбасы жәрдемақы алды

Бұл туралы Ақтөбе облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде  өткен баспасөз мәслихатында Ақтөбе  облысы әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов мәлімдеді. Спикер аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдаудың жаңа тәсілі туралы айтты.  

— Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің өзгертілген механизмі атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Көмекті расында мұқтаж жандар алатын болады, оларға жұмысқа тұру  немесе өз ісін ашуға қолдау көрсетілмек. Төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға бала санына байланысты дифференцияланған мөлшердегі кірісті есептемей, жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізіліп отыр, — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова атаулы әлеуметтік көмек былтырғыдай әр балаға 20789 теңгеден төленбейтінін, биылғы мөлшері отбасының барлық мүшелері үшін кедейлік шегі мен жан басына шаққандағы кіріс арасындағы айырмашылық ретінде айқындалатынын айтып берді.

Ал кедейлік шегінің мөлшері республикалық көрсеткіштен емес, аймақтық күнкөріс деңгейімен есептеледі. Айталық, облыс бойынша жаңа жылдың бірінші тоқсанына кедейлік шегінің мөлшері 19366 теңге боп бекітілген. Айтпақшы, жаңа талап бойынша еңбекке қабілетті азамат жұмыстан бас тартса, атаулы әлеуметтік алу құқығын 6 айға жоғалтатыны, алдағы уақытта 1500 ақтөбелікті жұмыспен қамту жоспарланып отырғандығы да осы жерде айтылды.

— Қаңтар айында облыстағы 14 789 отбасы мемлекеттік жәрдемақыларын алды. 6330 отбасыға арналған атаулы әлеуметтік көмекке биыл 3,5 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Жұмыспен қамту орталығында құжаттар қабылданып жатыр. Өңірде 161 учаскелік комиссия жұмыс жасайды, — дейді басқарма басшысы.

Мұнда 1 жастан 6 жас аралығындағы 8607 бала үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетке шамамен 1,7 миллиард теңге қарастырылған. Еске сала кетейік, аз қамтылған отбасылардың 1-6 жас аралығындағы балаларына азық-түлік және тұрмыстық химия тауарлары түріндегі кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер қосымша енгізілген, 6-8 жас аралығындағы балаларына тегін тамақ, мектеп формасы, оқу құралдары ұсынылып, жолақысына жеңілдік беріледі. 1-6 жас аралығындағы балаларға арналған әлеуметтік пакет атаулы әлеуметтік көмек тағайындалу кезеңінде көрсетіледі, яғни, егер атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылса, әлеуметтік пакетті беру де тоқтатылады. Ал мектеп жасындағы балаларға төленетін атаулы әлеуметтік көмектің тоқтатылғаны әлеуметтік пакетті  тоқтатуға негіз бола алмайды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button