Абай — 175Пікір

Ұлт руханиятына серпін беретін еңбек

АЛТАЙ ТАЙЖАНОВ,

Ақтөбе облысының «Құрметті азаматы», профессор.

Бүгін ҚР Президенті Қасым-ЖомартТоқаевтың «АБАЙ ЖӘНЕ XXI ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН» атты көлемді мақаласы баспасөзде жарық көрді. Мемлекетіміз бен оның әрбір азаматы үшін Бағдарламалық мән-маңызға ие бұл мақаланың басты мақсаты – Абайдың 175 жылдық мерейтойын «той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін, Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алу үшін өткізу» қажеттігін жан-жақты көрсету болған.

Абайдың тұлғасы, Абайтану мәселелері біз үшін тосын жаңалық емес, оны біз мектеп қабырғасынан білеміз. Сондықтан Президент өз мақаласында бізді  XXI ғасырдағы қазақстандықтар көзімен Абай әлеміне қайта оралуға шақырады. Бұлай істеуіміз орынды да. Өйткені, Президент атап көрсеткендей, «өз шығармаларында ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы, тұтас көрініс тапқан Абайдай ақын жоқ».

Қазіргі уақытта қоғамдық сананы қайта түлету зор маңызға ие. Ұлттық санамызды сақтау, оны заман талабына сай бейімдеу, Тәуелсіз еліміз үшін мемлекеттік маңызы бар мәселе. Осы орайда баршамызға рухани азық болатын Абай мұрасының, Абай тағылымының ролі зор. Сондықтан Президент осы мерейтойды пайдалана отырып «ұлтымызды жаңғырту ісінде Абай еңбектерін басшылыққа алып, оның ұтымды жағын тағы бір мәрте ой елегінен өткізгеніміз жөн» – деп санайды.

Дана Абай үнемі еліміздің өсіп-өркендеуіне, алға жылжуына шын ниетімен тілеулес болған және соған жетер жолды білім мен ғылым, өнер мен саналы еңбек деп білген адам. Сондықтан да, ол:  «Ғылым таппай мақтанба, пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» – деп қазақтың  дамылсыз оқып-үйренгенін қалады, жас ұрпақты соған үндеді.

Президент мақаласында Абай шығармашылығына арқау болған тақырыптардың бірі – «масылдықпен күрес» екендігі аталып өтіледі. Абайдың «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деген қазыналы ойлары бәрімізге жақсы таныс. Мемлекет басшысы «әр адам осы түйінді тұжырымдарды санасына берік тоқып, өзінің тынымсыз, адал еңбегімен айналасына үлгі болуы керек» – деп есептейді. Дана Абай барлық уақытта да ұрпағын шаруақорлыққа, кәсібін нәсіп етуге үндеді. Бүгінгі түсінікпен айтсақ еңбек етудің жаңа тәсілдерін меңгеруге шақырды. Президент ойшыл «ақынның бұл ойлары бүгінгі Қазақстан қоғамы үшін де өзекті» деп санайды, «бүгінгі таңда шикізатқа тәуелділік психологиясынан арылып, шағын және  орта бизнесті барынша өркендетуді» жолға қою керек деп есептейді.

Президент Абай айрықша дәріптеген игілікті істің бірі – тіл мәселесіне ерекше тоқталып, «қазіргідей жаңа  тарихи жағдайда бәріміз ана тіліміздің дамуы мен дәріптелуіне назар аударып, оның мәртебесін арттыруымыз керек» – деп нақты талап қояды.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, «Абай айтқан «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеу­лерді қолға алғандары жөн. «Толық адам» концепциясы, шындап келген­де, өмірі­міздің кез-келген саласының, мемле­кетті басқару мен білім жүйе­сінің, биз­нес пен отбасы институттары­ның негіз­гі тұғырына айналуы керек».

Президент қазіргі  уақытта баспасөздерде, ғылыми-педагогикалық ортада жиі айтылып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясының да өз бастауын Абайдан алатынына ерекше назар аударып, «Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы… ұлтты жаңғыртуға ашатын маңызды қадамның бірі» – деген ой айтады.

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан Халқына Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» туралы тұжырымдама бар. Абай болса, әділетті қоғам құру идеясын көтерген ойшыл. Бұл тұрғыдан алғанда, «Абайдың көзқарастары XXI ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды». Әділдік, билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайтады. Сондықтан да Президент: «Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабыл­даған кезде азаматтардың ұсы­ныс­­тары мен тілектерін ескеруі керек» деп есептеп, мұны Абай меңзеген әділетті қоғам қа­­лып­­тас­тырудың бірден-бір шарты деп біледі. Шындығында да халықтың билікке деген құрметі болмаса ол елдігімізге сын. Билік басындағылар да, қарапайым халық та Абай арманын жүзеге асырып «елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктетуі керек».

Мақала авторы оз ойын былайша тұжырымдайды: «Әлемдік мәдениетте Абайды қанша­лықты жоғары дәрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде, ақпараттық технологиялар заманында Абай сөзі баршаға ой салуы тиіс… Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жетуіміз керек. Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мәртебе болары анық».

Ұлт руханиятының дамуына серпін беретін бұл мақаладан біз ҚР Президентінің, мемлекетіміздің Абайдың 175 жылдық мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға үлгі тұтарлық іс-шара ретінде зор мән беріп отырғанын көреміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button