Билік

«Нұр Отан» — жетекші партия!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаламыздағы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Жоғарғы партиялық мектебінің аймақтық орталығының ашылуына қатысты

Елбасы мектеп филиалының материалдық-техникалық базасымен танысты, кітапхананы көрді. Елбасының төрағалық етуімен болған алғашқы семинар мектеп ғимаратының екінші қабатында өтті. Оған Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарынан келген бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, өкілдері қатысты.

— Партияның 12-ші съезінде берген тапсырмам бойынша «Нұр Отан» партиясының кадрларын оқыту мектептері ашылып, жергілікті жерлерде оның филиалдары жасақталып жатыр. Міне, бүгін жоғарғы партиялық мектептің бір филалы Ақтөбеде ашылды. Жаңа филиалдың жұмыс жасай бастауымен құттықтаймын! Табысты болыңыздар!

Демократиялық елде халықпен жұмыс жасау оңай шаруа емес. Батыс елдеріндегі партия өкілдерінің халықпен жұмыс жасау тәжірибесін білуіміз керек, жаңа саяси технологияны үйренуге тиіспіз. Партияда жұмыс жасап жүрген кадрлардың, соның ішінде бастауыш ұйымдар кадрларының білім-білігі жоғары болуы керек. Халықтың барлық талаптары ескеріліп, барлық сұрақтарына дұрыс жауап бере білу қажет. Ал бұл үшін бізге тәжірибесі мол, білімді азаматтар керек, — деді Елбасы.

Партия мүшелері шараның маңыздылығын айта келіп, Нұрсұлтан Назарбаевқа жергілікті жерде біліктілікті көтеретін, еліміздің дағдарыстан кейінгі жаңаруында аса қажет кәсіби және теориялық білім беретін оқу орталығының ашылғанына ризашылықтарын білдіріп, қазіргі уақытта партия атқарып жатқан кейбір жұмыстарға тоқтала кетті:

— Қазір біздің қолға алған үлкен шаруамыз — тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына дайындалу. Сіз осы мерекені лайықты атап өту қажеттігін айтып, тапсырма берген едіңіз. Соған сай дайындық жұмыстарын бастап кеттік. Дайындық жұмыстарының бірі ретінде «Нұр Отан» партиясының бастамасымен жүргізіліп жатқан «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» және жастар арасында үлкен қолдауға ие болған «Дипломмен — ауылға» акцияларын атап кетуге болады. Осы акцияларды одан әрі жандандырамыз. Жасаған жұмыстарымыздың нәтижесін, жеткен жетістіктерімізді әрбір қазақстандыққа сый ретінде тартқымыз келеді, — деді  Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Ғалымжан Нұрышев.

Елбасы ақтөбеліктер бастаған «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» акциясының аясында жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытында үлкен жұмыстар атқарылып жатқанын, бұл бастаманы естігенде бірден қолдағанын, қазір оның Қазақстанның барлық аймақтарында жалғасын тауып жатқанын тілге тиек ете отырып, Қазақ елінің тәуелсіздігінің 20 жылдық тойын шын мәнінде нағыз той қылып өткеру қажеттігін айтты:

— Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойы — бүкіл қазақ халқы үшін үлкен қуаныш. Қай қазақ қазір «мен азат емеспін» деп айта алады? Әр адам қазір қалаған жерде жұмыс жасай алады, баласын қалаған жерінде оқыта алады, пікірін еркін айта алады. Біз осы жылдары еркін қоғам қалыптастыра алдық. Ең маңыздысы — осы. Қазір Қазақстанды әлем таныды, әлем мойындады.

20 жылда талай жетістіктерге жеттік. Тәуелсіздігімізді алдық, шекарамызды шегеледік, экономикамызды көтердік. Соңғы он жылдың ішінде адам басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 700 доллардан 8 мың долларға дейін, яғни 12 есе өсті. Қазір бірде-бір ел дәл мұндай жетістікке жеттік деп айта алмайды.

Жаңа Астанамызды әлемге таныттық. Енді, міне, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде Астанада әлемдегі 55 елдің басшысын қабылдайтын боламыз. Қазақстанның көпұлтты қоғамының, біздің елдегі бейбітшілік пен келісімнің тұрақтылығы елімізді осындай деңгейге көтерді. Қазақстан — осында тұратын барлық азаматтардың ортақ отаны. Сондықтан, ел тәуелсіздігінің 20 жылдық тойын жақсы жетістіктермен атап өтуге тиіспіз. Біздің осы уақытқа дейін жасаған жұмыстарымыз аз, алдымызда зор міндеттер тұр. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қуатты мемлекет болсақ, басқа да мәселелерді шеше аламыз, — дей келе Елбасы, әсіресе, ауылды көркейтудің маңыздылығын, жастар мен мұғалімдердің, дәрігерлердің ауылға бет бұруы қажеттігін, ауылдарымызды таза ұстауымыз керектігін айтты. «Жасыл ел» бағдарламасы аясында Ақтөбе облысында жарты миллион ағаш отырғызылғанын мысал ете отырып, кейінгі ұрпаққа байтақ жерімізді таза күйінде қалдыру керектігін айтты.

Қазақстан — жер қойнауы кенге толған бай ел.

Бізде мұнай да, газ да бар. Бірақ, органикалық жолмен алынатын жерасты байлықтары бір күні таусылады. Оның үстіне кешегі әлемдік дағдарыс кезінде газдың, металлдың бағалары күрт төмендегенін, соның салдарынан бюджет зардап шегетінін көрдіңіздер. 1999 жылы мұнайдың бір баррелі 9 доллар болса, қазір 70 доллар тұрады. Егер біздің қорымыз болмағанда, қазір қандай күйде болар едік? Зейнетақы мен жалақыны бере алмай отырар едік қой…

Ал қазіргі жағдай мүлде басқа. Үдемелі индустриалық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыруымыз керек. Қазір зауыт ашып қоя қою жеткіліксіз, бәсекеге қабілетті өнім шығара білуіміз керек. Ол үшін бізге заманауи құрал-жабдықтар қажет. Бізге ешкім технологиясын өз қолымен әкеліп бермейді. Іздену керек.

Жоспар бойынша 2020 жылға дейін 50 миллиард долларды игере отырып, 237 жаңа кәсіпорынды іске қосамыз. Биылдың өзінде 142 кәсіпорын іске қосылады. Аймақтарда да бағдарламалар баршылық. Бұрыннан жұмыс жасап тұрған зауыттардың басшылары да жаңа технологиялармен жұмыс жасауға, еліміздің экономикасын көтеруге белсене кірісулері керек.

Осылайша біз Қазақстанның экономикасын екі есеге арттырамыз, ал бұл халықтың тұрмысы бұдан әрі жақсарады деген сөз, — деді Елбасы.

Н.Назарбаев елімізде шағын және орта кәсіпкерлікке үлкен қолдау көрсетіліп отырғанын тілге тиек етті. Елбасының айтуынша, қазір кәсіпкерлерге 14-15 пайызбен несие берілетін болса, соның 7 пайызын ғана кәсіпкер, қалғанын мемлекет төлейді. Бұл — оларға көрсетілген үлкен қолдау. «Германияда шағын және орта бизнес ел экономикасының 90 пайызын құрап отыр. Еуропада бұл бірінші, әлемде төртінші орында тұр. Өйткені, шағын және орта бизнес экономиканың қандай да болмасын өзгерісіне тез бейімделе алады», — деді Елбасы. Жұмыссыздықты азайту, мамандығы жоқ жастарға кәсіп үйрету секілді мәселелер де қозғалды.

Маңғыстау облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы бастығының орынбасары Раушания Елизарова да еліміздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толу тойы жөнінде айта келіп, жастарды патриоттыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу жолында «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп жасап жатқан жұмыстары жөнінде айтты. Жақында Ақтауда партиямен бірлесіп «Денсаулық фестивалі» өткізіліпті, оған 5 мың оқушы, студенттер мен қала тұрғындары қатысқан.

Бірақ, мұндай фестивальдерді ғана ұйымдастыру спортқа жатпайды. Қазіргі нарықтық жағдайда өмір сүріп жатқан уақытта спорт туралы мүлде басқаша айтуымыз керек. Өз ісімен айналысқысы келетін адамның дені сау болуы керек, — дей келе Елбасы барлық жетістіктің бастауы денсаулық, ал денсаулықтың кепілі спорт екенін айтты. Н.Назарбаев өзі үнемі атпен серуендеу, теннис секілді спорт түрлерімен айналысатынын, онсыз өзін жайсыз сезінетінін айтты.

Семинар барысында сөз сөйлеген «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС бас инженері Александр Кошик, Атырау ауыл шаруашылығы-техникалық колледжінің директоры Болат Қужиевтер де жоғарғы партиялық мектебінің аймақтық орталығының ашылғанына ризашылықтарын білдіріп, бұл орталықтың «нұротандықтардың» халықпен бұрынғыдан да тығыз байланыс жасауына септігін тигізетінін айтты.

—  Біздің партия — өзінің жетекшілік позициясын әлі ондаған жыл бойы ұстап тұруға тиіс. Партиямыз қазір нығайып келе жатыр.

Еліміздің партиялық-саяси ортасы тек «Нұр Отаннан» тұрмайды, басқа да партиялар болады, бірақ «Нұр Отан» жетекші партия болып қалады. Сондықтан, «нұротандықтар» осы деңгейге лайық болуы керек. Партия қызметкерлері әлемдік тәжірибені оқып, біліп, егер қажет болса, саяси технолог болуы керек. Ал бұл үшін жоғары білім, білік қажет.

Мәслихат сайлауы жақындап келе жатыр. Мәжіліс сайлауы да алыс емес. Қазірден бастап сол науқанға дайындалуымыз керек. Біздің белсенділер әрбір сайлаушыларды тануы, олардың қалай өмір сүріп жатқанын білуі тиіс. Келесі сайланған Мәжілісте кемінде екі партия өкілдері болады. Қысқасы, алға қойған міндеттер мен мақсат көп. Сол міндеттер мен мақсаттардың үдесінен шығу үшін мен сіздердің қолдауларыңызға сүйенемін, — деді Елбасы қорытынды сөзінде.

Айта кету керек, осы жылдың мамыр айында Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» ХДП жоғарғы партиялық мектебі ашылған болатын. Бұл партия өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі болды. Бұл орталық құруға мүмкіндік берді. Қазірдің өзінде партияның құжаттық бағдарламалары, еліміздің индустриалы-инновациялық даму жағдайындағы партияның басым бағыттары, сондай-ақ, тұрғындармен байланыстың тиімді жолдарын қалыптастыру жұмыстарымен танысқан 200 тыңдаушы партиялық мектепте оқып шықты. Олардың қатарында жергілікті жерлердегі партиялық инновацияның қозғаушы күші саналатын бастауыш партия ұйымының, қоғамдық қабылдау бөлімдерінің өкілдері бар.

Елбасы тапсырмасы бойынша осындай оқу орталықтары тағы да екі аймақта ашылатын болады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button