Жаңалықтар

Құжат қабылдау жұмыстары пысықталды

Әлеуметтік көмек

Жаңа жылдың бірінші жұмыс күнінен бастап форматы өзгерген атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) жөнінде түсінік беру және құжат қабылдау жұмыстары басталды. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов пен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Бұлбұл Елеусінова Халықтың кеңседе орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығында болып, түсіндіру және құжат қабылдау жұмыстарын көрді.

Әдеттегідей бұл жерде адам қарасы көп болды. Алайда киліккен адам жоқ, бәрі электронды кезегін күтіп жүр. Билік өкілдерін көрген аналар өздерінің сауалдарын қоюға асықты. Олардың бірі өзінің бес баласы барын, алайда жәрдемақы тек төрт балаға түскенін айтты. Оған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов былтыр туған бесінші баласының құжатын тиісті мекемеге тапсыру керектігін, олар базаға енгізетіндерін айтты.

  • Жаңа жылдан бастап еліміздегі барлық көпбалалы отбасыға, табысына қарамастан, мемлекеттік жәрдемақы беріле бастады.Бірінші айдың жәрдемақысын алдыңыздар. Бұл — биылғы жылдың үлкен жаңалығы. Сондай-ақ, биылғы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау форматы өзгеріп отыр. Атаулы әлеуметтік көмек пен отбасы табысына қарамастан төленетін жәрдемақыны шатастырмаңыздар. Атаулы әлеуметтік көмек шын мұқтаждарға беріледі. Атаулы әлеуметтік көмек бұрынғыдай алты немесе он екі айға емес, тоқсан сайын тағайындалады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек бүкіл отбасыға берілмейді. Бәріңізді де кезекпен қабылдайды, сабырлық танытыңыздар, үлгересіздер, — деді облыс әкімінің орынбасары М.Тоқжанов аналармен сөйлескенде.

Көпбалалы аналар қаңтар айының жәрдемақысын алғандарын айтып, жәрдемақының отбасы табысына қарамастан тағайындалғанына ризашылықтарын білдіріп жатты.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда облыста 15 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Ай сайынғы  жәрдемақы кәмелетке толмаған төрт және одан көп немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға беріледі. Мемлекеттік жәрдемақы бала санына қарай сараланады, әр бала үшін — 10 625 теңге.

  • Бұған қоса, атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі. Яғни, мектеп жасына дейінгі балалар ай сайын азық-түлікпен, тоқсан сайын гигиеналық құралдармен қамтылады. Мектеп жасындағы балаларға тегін ыстық тамақ, мектеп формасы мен оқу-құралдары беріледі. Облыс орталығында тұратын болса, күнделікті мектепке барып-келуге жұмсалатын жол шығыны өтеледі, — дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова.

Аталған басқарманың алдын ала есептеген мәліметінше, облыста 38 мың мүшесі бар 6300 отбасы атаулы әлеуметтік көмекке зәру. Әрине, бұл сандар әлі құжат тапсырып, тағайындалғанға дейін тағы өзгерері анық.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button