Жаңалықтар

Сенат депутаттары — батырлар мекенінде

Ақтөбеге кезекті жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Марат Тағымов пен Мұхтар Жұмағазиев дүйсенбі күні Қобда ауданына қарасты бірқатар ауылдарда болып, тұрғындармен кездесті.

Алдымен Әлия ауылына келген халық қалаулылары облыстық «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығында ауыл тұрғындарымен кездесу өткізіп, ауданға арнайы келгендегі мақсаттарын ортаға салды.

— 2019 жыл еліміз үшін көптеген оқиғаларға толы жыл болды. Ең басты жаңалығымыз — жаңа Президентімізді сайладық. Президент Жолдауында айтылған мәселелердің орындалуы үшін елімізде бірқатар заңдар қабылданды. Тек 2019 жылы Сенат қабырғасында 83 заң қабылданды. Заңдардың басым көпшілігі — халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған.  

Біздің  Ақтөбе облысына келудегі басты мақсатымыз — осы қабылданған заңдардың ел ішінде қалай орындалып жатқанын  көзімізбен көріп, халықпен кездесу. Олармен тілдесіп, өтініш-тілектерін тыңдау, — деген Марат Тағымов Әлия ауылының тұрғындарын жаңа жылымен құттықтап, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 95 жылдық мерейтойын өз деңгейінде атап өтулеріне тілектестігін білдірді.

Қобда ауданы әкімінің орынбасары Болат Құловтың айтуынша, батыр қыздың 95 жылдық тойына орай жол жөндеу жұмыстарына 1 млрд 252 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бүгінгі күні бөлінген қаржының 700 миллионы игеріліп,  Әлияның туған ауылы Бұлақтағы жол күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Сонымен қатар, биыл Әлия ауылындағы мектеп ғимаратына да жөндеу жұмыстары жасалмақ. Ал батыр қызды еске алуға арналған мерекелік шаралар 14 қаңтар, яғни Әлияның қаза тапқан күнінен басталады.

Бұдан соң депутаттар Бестау ауылындағы Мәдениет  үйінде ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті.

Тұрғындар алдында сөз алған Сенат депутаты Мұхтар Жұмағазиев өткен жылы заңдарға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар жөнінде айтты.

— Елімізде қылмыстың бірнеше түріне берілетін жаза қатаңдатылды. Мәселен, Қылмыстық кодексте мал ұрлығына қатысты арнайы бап енгізілді. Осы уақытқа дейін мал ұрлығына қатысты істің 60 пайызы кешірім арқылы жабылып келген. Енді олай болмайды. Мал ұрлаған адамға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал егер ол ұйымдасқан түрдегі қылмыс болса, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар бүгінгі таңда елімізде киік ату фактілері көбейіп кетті. Бұны біреулер бизнеске, табысқа айналдырып жатыр. Өткен жылы браконьерлер қолынан екі қорықшы қаза тапты. Оларға берілетін жаза да қатаңдатылды.  

Бұдан өзге, пайдаланылмай жатқан жерлерді кері қайтару бағытында да нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Енді бос жатқан жерлерді ғарыштан бақылайды. Космостық мониторинг арқылы ауылшаруашылық жерлерінің игеріліп, игерілмей жатқандығын анық көруге болады, — деді М.Жұмағазиев.

Ауыл тұрғындарымен өткен кездесуден соң депутаттар «Бестау 2015» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, шаруалардың жай-күйімен танысты. 2016 жылы құрылған шаруашылық асылтұқымды мал өсірумен айналысады. Бүгінгі таңда 500 сиыр, 700 қой, 280 жылқы бағып отырған жауапкершілігі шектеулі серіктестік 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылардың айлық жалақысы — 70-80 мың теңге көлемінде. Бір жылдан артық жұмыс жасаған малшылар айлығы  120 мың теңгеге дейін барады.

Сондай-ақ Сенат депутаттары бұл күні Терісаққан ауылдық округіне қарасты Жаңаталап ауылы мен Терісаққан ауылында болып, ауыл тұрғындарымен кездесіп, «Береке» шаруа қожалығының шаруашылығын көрді.

Бұдан соң халық қалаулылары «Терісаққан» шекара заставасының штабында болып, сақшылардың тыныс-тіршілігімен танысты.

— Қобда ауданының бірқатар елді мекендерінде болып халықпен тікелей жүздестік. Олардың өтініш-тілектерін тыңдап, қойған сұрақтарына барынша жауап бердік. Газ, жарық, ауызсу мәселесі ауылдарда өз шешімін тапқан. Жол мәселесі де реттеліп жатыр. Дегенмен, ірілі-ұсақты мәселелер де бар. Мәселен, мына  шекараның өтетін жерлерінде аздаған мәселелер бар болып шықты. Оның барлығын біз жұмыс кітапшамызға жазып алдық. Ертең Нұр-Сұлтан қаласына барған соң, талқылайтын боламыз, — деді Сенат депутаты Марат Тағымов сапар соңында.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button