Денсаулық

Сақтандыру жүйесі қалай жүріп жатыр?

Анық-қанық

Елімізде қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, яғни МӘМС енгізілді. Облыста алдын ала дайындық жұмыстары жүргізілді. Алайда жаңа жүйе енгізілгеннен кейін тұрғындар арасында түсініспеушіліктер туындамай ма? Өңір жүйе бойынша жұмыс жасауға толық дайын ба? Осы сұрақтарды «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалының  директоры Гүлмира Қожаниязоваға қойдық.

— Сақтандыру жүйесі қалай жүріп жатыр?

— Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі Қазақстанда 1қаңтардан бастап енгізілді. Алайда, әзірге МӘМС заңы бойынша қатаң талаптар қойылып жатқан жоқ. Сәуір айына дейін халық түгел шартты түрде сақтандырылған болып есептеледі. Емхана, ауруханалар бәріне бірдей тегін қызмет көрсете береді. Сақтандырылмаған азаматтар болса, сәуірге дейін статустарын айқындап алуларына уақыт бар. Одан кейін сақтандырылмағандар сала мамандарынан қызметті өз қаржысына сатып алатын болады.

— Облыс толық дайын ба?

— 2017 жылы МӘМС қоры құрылды. Содан бері дайындық жұмыстары қарқынды жүрді. Қарағанды облысында былтыр жүйе пилотты режимде енгізіліп, сынақтан сәтті өтті. Біздің облысымызда да қажетті дайындықтар жүргізілді. Толық, яғни 100 пайыз дайынбыз.

— Жүйе енгізілген соң  тұрғындар көмек ала алмай,  дау туындамай ма?

— Бұған дейін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандаршалғай ауылдарға дейін барып, халықпен кездесті. Әр ұжымды жеке-жеке аралап, түсіндірдік. Осы жүйеге қатысатын барлық медициналық ұйымдардың қызметкерлері  алдын ала оқытылды. Бұл ауқымды жұмысқа облыстық ішкі саясат басқармасы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы да белсенді қатысты. Біз барлығына ашықпыз, яғни толық ақпарат береміз. Қай уақытта да  МӘМС жүйесіне қатысты кез келген сұраққа жауап беруге әзірміз. Республика бойынша 1406 байланыс нөмірі жұмыс жасап тұр. Сонымен қатар «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалында халықты қабылдау кеңсесін аштық.

Зейнеткерлер, 18 жасқа дейінгі балалар, мүгедектер, олардың күтушілері, 3 жасқа дейінгі бала күтімімен отырған келіншектер, декреттік демалысқа шыққан келіншектер, жұмыссыз оралмандар, жұмыссыздықта тіркеуде тұрғандар, түрмеде жазасын өтеушілер мен тергеу изоляторында отырғандар, соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілгендер, күндізгі бөлімде оқитын студенттер, барлығы 15 санатқа енетін тұрғындар мемлекет есебінен тегін емделетін болады. Олар үшін жарнаны қорға мемлекет аударады.

— Қазір қандай жұмыстар атқарылды?

— Халықтың сақтандыру статусын анықтау үшін мобильдік қосымшалар іске қосылды. Барлық медициналық ұйымдарда ақпараттық жүйелер жұмыс жасап тұр. Жарна төлеу үшін емхана, ауруханаларда терминалдар қондырылып жатыр. Қызмет алу ыңғайлылығы үшін бар жағдай жасалуда.

— Қорға қанша ақша түсті?

— 2019 жылдың 31желтоқсанындағы мәліметке сай, республика бойынша қорға 246 миллиард теңге түсті. Ал облыс бойынша 2017 жылдың 1шілдесінен 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін 11,3 миллиард теңге түсті.

 P.S.Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты сұрақтар болса, редакцияға хабарласуларыңызға болады. Тиісті мамандардан жауап аламыз.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button