…Өсті!

1 қаңтардан бастап бірқатар жаңа заң күшіне енді. Олардың қатарында Мемлекет басшысы қол қойған Қазақстан Республикасының «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңы да бар. Осы құжатқа сай, еліміздің әлеуметтік саласында біраз өзгерістер болып жатыр. Айталық, зейнетақы мен жәрдемақы, шәкіртақы өсті.

 Зейнетақы

«2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңның 7-бабына сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жәрдемақы және басқа да әлеуметтік төлемдер, сонымен қатар айыппұл, салық пен өзге де төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі, ең төменгі жалақы, зейнетақы және айлық есептік көрсеткіш мөлшері бекітілді. Бұл туралы Sputnik Қазақстан сайты жазды.

Мұнда ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңге күйінде қалды. Ал мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 16 839 теңгеге, ең төменгі зейнетақы мөлшері 38 636 теңгеге көтерілді.

Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) — 2 651 теңге, базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 31 183 теңге болды.

Айта кетсек, 2020 жылы әлеуметтік салаға 5 триллион 692 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр.

Жәрдемақы

Мемлекеттік жәрдемақы кәмелетке толмаған төрт және одан да көп немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі балалары бар көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы жаңа мемлекеттік жәрдемақы алады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтында хабарланды.

Жәрдемақының мөлшері бала санына қарай тағайындалады. Яғни 4 баласы бар отбасыларға — 42 500 теңге, 5 балаға — 53 125 теңге, 6 балаға — 63 750 теңге, 7 және одан да көп баласы барларға 74 375 теңге төленеді. Орта есеппен алғанда, жәрдемақы мөлшері әр балаға 10-11 мың теңгеден келеді.

Министрліктің ақпаратынша, бүгінде елімізде бала саны 7-ден асатын 3151 отбасы бар. «Алтын алқа», «Күміс алқасы» бар немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға жеке мемлекеттік жәрдемақы төленеді, оның орташа мөлшері — 16 160 теңге. Бұл мемлекеттік жәрдемақы сақталады.

Шәкіртақы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша биыл шәкіртақы да өсті.

Жастар жылының жабылу салтанатында Мемлекет басшысы студенттерді қолдау мақсатында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бакалавриат, магистратура және докторантура студенттерінің шәкіртақысын 25 пайызға көтеру туралы шешім қабылдағанын айтқан болатын. Қазіргі таңда бұл топтағы студенттердің саны 130 мыңға жуық.

Сондай-ақ, ел Президенті колледж оқушыларының да шәкіртақысы көтерілетінін айтты. Былтыр қыркүйекте елімізде жұмысшы мамандығында оқитын 122 мың адамның шәкіртақысы 30 пайызға өсті. Бұл жолы колледжде оқитын 100 мыңдай оқушының да шәкіртақысы 25 пайызға артатын болды.

Таратып айтар болсақ, 2020 жылдың қаңтарынан бастап орта буын мамандарының шәкіртақысы 16 759 теңгеден 20 948 теңгеге дейін, ал жоғарылатылған шәкіртақы 19 272 теңгеден 24 090 теңгеге өсетін болды.
Сондай-ақ, бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 20 949 теңгеден 26 186 теңгеге, магистратурадағы шәкіртақы 53 530 теңгеден 66 913 теңгеге өссе, докторантурада оқитындардың шәкіртақысы 81 998 теңгеден 102 498 теңгеге өседі.

Айтпақшы, шәкіртақы 2016 жылдан бері көтерілмеген екен.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.