Спорт

Қар үстіндегі футбол

Турнир

Облыстық олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдердің мектебінде қар үстіндегі футболдан, сондайақ шағын футболдан Ақтөбе қаласы әкімінің жүлдесі үшін дәстүрлі турнирлер өткізілді.

Жиырма сегізінші рет өткізіліп отырған бұл шараның басты мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау, жасөспірімдер арасында футболдың кеңінен таралуына ықпал ету.

«Қысқы каникулдар» турнирлерінің ашылу салтанатына қала әкімі Мавр Абдуллин қатысып, сайысқа қатысушы командалардың мүшелеріне алғыс сезімін білдірді, жас футболшыларға шеберліктерін жетілдіріп, жетістіктерге жете беруіне тілегін айтты.

— Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында 2020 жылға қарай еліміз тұрғындарының 30 пайызын жаппай спортпен қамту міндеті қойылды. Біздің облысымызда бұл тапсырма мерзімінен бұрын орындалып, қазіргі уақытта 33 пайыздық деңгейге жетті. Биылғы жылы Ақтөбеде спорт алаңдары құрылысы одан әрі жалғасып, аула спорт клубтарын дамыта түсетін боламыз. Жарысқа қатысушыларға үлкен жеңістер мен табыстар тілеймін, — деді қала басшысы.

Биыл қала әкімінің жүлдесі үшін сынға қырықтан астам команда түсті. Дәстүрлі сайысқа қатысушылар арасында Маңғыстау, Түркістан, Қостанай облыстарының, сонымен бірге облыс аудандарының жас футболшылары бар.

Қар үстіндегі футболдан 2006 жылы туған балалардан құралған «Ақтөбе» футбол клубы командасы жеңімпаз атанды. Ақтық сайыста олар «Ақтөбе-2007» командасынан басым түсті. Ал «Жастар Ақтөбе» командасы қола медальды иеленді.

Шағын футболдан да «Ақтөбе» футбол клубының мерейі үстем болды. Ақтаулықтар екінші орынды қанағат тұтты. Ал футболдан балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің тәрбиеленушілері қола жүлдемен марапатталды.

Үздік ойыншылар да атаусыз қалған жоқ. Жеңімпаздардың барлығына кубоктар мен грамоталар тапсырылды.

 Жантас МАҚСҰТОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button