Ауыл

Грант ұтып, қаз сатып алды

 Бүгінгі күні ауданда құс шаруашылығы жақсы дамып келеді. Ойылдық Шолпан Дәукен «Атамекен» бағдарламасы аясында 505 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, қаз шаруашылығын дамытуды қолға алды.

Жас болса да жаңа кәсіпті бастаған Шолпан алған грантына 80 қаз сатып алды. Оның ішінде 70-і тамбовский тұқымды қаз болса, қалған 10-ы — линда қазы. Шолпан қаздарды бастырып шығаруға арнайы инкубатор да сатып алыпты.

Негізі қаздың жұмыртқасының салмағы — 200 грамм, ол тауықтың жұмыртқасына қарағанда үш есе үлкен.

— Бұл еңбекті көп қажет етеді және қаз балапандарын бағуда барлық ұсақ-түйекті ескеру керек. Қаз жұмыртқаларын сақтау температурасы — + 8 -18 градус. Егер жұмыртқалар ұзақ уақыт далада жатып қалса, оларды инкубаторға салмас бұрын бөлме температурасында қыздырып алған дұрыс. Қаздардың күтімі өте ерекше. Кейбірі қысқа төзімді болса, кейбірі ыстыққа шыдамды, — дейді жас кәсіпкер.

«Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсібін ашқан кәсіпкер бұл жобаның өте тиімді екенін айтады.

Айта кету керек, бүгінде қаздың бір жұмыртқасы 500 теңге тұрады. Ал бір қаз жылына кем дегенде 25-30 жұмыртқа туады. Ал инкубатордан шыққан балапанның құны – 1300-1500 теңге. Демек, қаз бағу арқылы мол табысқа кенелуге болады.

Елімізде әрі дәмді, әрі адам ағзасына өте пайдалы құс етіне деген сұраныс өте жоғары. Сондықтан қаз өсіру — анағұрлым тиімді, әрі жеңіл кәсіп. Сондай-ақ қаз суыққа төзімді, жем-азықты да көп қажет етпейді, жылдам жетіліп, тез оңалады. Елімізде қаз етіне деген сұраныстың тұрақты болуына байланысты бүгінде оны сату еш қиындық туғызбайды.

Әсел СИСЕНОВА,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button