Басты бет » Басты жаңалықтар » Ел Президенті марапаттаған ақтөбелік ерікті

Ел Президенті марапаттаған ақтөбелік ерікті

Еріктілер жылы

«Волонтер жылы баршамызға, әсіресе жастарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан сіздерді осы игі бастамаға белсенді атсалысуға шақырамын.

Жастарымыз мұқтаж жандарға көмек қолын созуға әрдайым дайын болуы керек. Дана халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Қайырымдылық пен мейірімділік қанымызға сіңген қасиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз. Сондықтан сол дәстүрді заманға сай қайта жаңғыртуымыз қажет».

Мемлекет басшысы Қ.ТОҚАЕВ.

Ұлттық волонтерлік желісінің өкілі, Ақтөбеде құрылған «Д.А.Р.» еріктілер клубының үйлестірушісі Гауһар Жұмағазиева кез келген адам көмекті риясыз көңілмен жасап, ол үшін өзгелерден ештеңе дәметпеу керектігін айтады. Волонтер ретіндегі басты ұстанымы да сол. Сондай-ақ, оның ойынша, еріктілер қызметі қазақта бұрыннан бар, біздегі байырғы «Асар», «Үме» секілді ізгі амалдар — бұған анық дәлел.

Қолы қалт еткенде көмекке зәру адамдарға қолдау көрсетіп, қолұшын созуды парыз санайтын 29 жастағы жерлесіміздің ақ-адал ниеті ескерусіз қалған жоқ: ол өткен жылдың соңында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан Алғыс хат алды.

— 2010 жылы құрылған Ұлттық волонтерлік желісі қазіргі таңда 81 ұйым мен бастамашыл топтардан тұрады. Біздің «Д.А.Р» волонтерлік клубының оған мүшелікке енгеніне 9 жыл болды, — деген Гауһар «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің жанынан 2007 жылы ашылған, достық, адалдық, рақымшылық деген әдемі ұғымдардың бас әріптерінен құралған ұйымның — «Д.А.Р.» еріктілер клубының бүгінге дейін атқарған жұмысы орасан екендігін атап өтті. Айталық, өңірдегі белсенді үкіметтік емес ұйымның қызметі негізінен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға бағытталған, әлеуметтік көмекке баса маңыз берілген. Қазіргі таңда жүзден астам мүшесі бар орталықты құрудағы мақсат та сол — қоларбада отыратын қамкөңіл жандарға демеу болу. Үлкен жүректі азаматтардың басын қосып, клубты құру идеясы Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменоваға тиесілі екенін айта кету керек.

Бұл алдымен зор жауапкершілікті қажет етеді. Қатарымызға кәмелет жасынан асқандарды ғана қабылдайтынымыз сондықтан. Мәселен, ол кісі мүмкіндігі шектеулі жанның ауласындағы қарын аршуға немесе дүкеннен тамағын алып келуге жұмылдырылуы мүмкін. Тіпті, үйінде бала-келіндері мен немерелері болса да, шүйіркелесіп әңгіме айтуға құштар, өзіне рухани серік іздейтіндер ұшырасады. Сол сияқты біз Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне де жәрдемдесеміз. Орталық қоғамдық негізде жұмыс істеп, ешкімге қаржылай қолдау көрсетпейді. Мақсат — үйде отырған зейнеткерлер мен әртүрлі жастағы мүгедек жандарға қолғабыс таныту, — дейді әңгімелесушіміз.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 «Ерікті», яки «волонтёр» сөзінің өзі бізге латын тілінен енген. Қазақ тіліне тәржімалағанда, мағынасы «өзі тіленіп жұмыс істеуші» дегенге саяды. Жалпы айтқанда,  көмекке мұқтаж адамға риясыз, ақысыз қол ұшын созу, өзгенің қамын ойлау арқылы сауапқа кенелу. Олардың халықаралық һәм ортақ белгісі — қызыл түстегі V әрпі. 

Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен 5 желтоқсан — Халықаралық еріктілер күні деп белгіленді, ол 1985 жылдан бері атап өтіледі. 

Жасыратыны жоқ, волонтерлік қызметті тек науқас балаларға қаражат жинаумен, қарттардың «қолын ұзартумен» байланыстыратындар көп. Бұл — қате түсінік. Қазақстанның өзінде еріктілер жұмысының 15 бағыты түзілген. Олардың арасында медициналық (донорлық), экологиялық, жануарларға арналған, мәдени-көпшілік, ғаламтор кеңістігіндегі, төтенше жағдай кезіндегі волонтерлік, т.б. бар. «Қазіргі таңда қоғам арасында волонтерлік қозғалыс өте танымал, бұл сала қарқынды дамып келеді. Дегенмен, қоғамдық қызметтің мән-мағынасын дұрыс түсінбейтіндер де кездеседі. Ондай жағдай, сөзсіз, волонтер имиджінің төмендеуіне әкеліп соқтырады. Осы орайда Ақтөбеде де волонтерлік ұйымдардың саны жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Іштей қуанасың. Бірақ олардың жұмысы волонтерліктің негізгі қағидаларына негізделсе, тек ел аузына ілігу үшін жасалмаса екен дейсің… Жалпы, еріктілер қызметінің құқықтық негіздері, мақсат-міндеті мемлекет тарапынан белгіленуі керек деп есептеймін. Ал волонтерлердің өзіне оқу ақысын төлеу жағынан жеңілдік жасау дұрыс па, бұл — үлкен сұрақ. Неге десеңіз, бұл еріктілердің қағидаттарына сәйкес келмейтін сияқты. Яғни біздің жұмыстың негізі риясыз, өтеусіз көмектен тұрмай ма? Егер әлгіндей жағдай ұсынылса, басқа пиғылдағы жастар да волонтер болуға ұмтылуы мүмкін», — деп сыр шертеді кейіпкеріміз.

2019 жылдың соңында Нұр-Сұлтан қаласында Жастар жылы қорытындыланған салтанатты шарада Гауһар Мемлекет басшысының қолынан Алғыс хат алды. Оның есебінше, бұл — оның аталған саладағы еңбегіне берілген үлкен баға. Және, әлбетте, алдағы уақытта бұдан да нәтижелі жұмыс істеуге жетелейтін құрмет.

— Мені ұсынған — Ұлттық волонтерлік желісі. Шынымды айтсам, бұл күтпеген жерден келген марапат болды. Өте қатты қуандым. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан Алғыс хат алу үлкен мәртебе ғой. Бұны жылдар бойы сіңірген еңбегімнің бағаланғаны деп білемін. Бір жағынан, бүгінге дейін облыс, қалада еленбей жүрсем де, мемлекеттік деңгейде алғысқа кенелгенімді нағыз бақытқа балаймын.

Волонтер сөзі шетелден енген термин болғанымен, қазақ халқы атам заманнан көмекке зәрулерді ескерусіз қалдырмай, жесірі мен жетімін жылатпаған. Сондықтан еріктілер қызметін батыстан үйреніп жатырмыз дегенге келіспеймін. Тек бұл ұғымды қайта жандандырып жатырмыз дегеніміз дұрыс болар, — деп ой бөліседі Гауһар Қаршығақызы.

P.S. Расында, Волонтерлер жылында мейірімді жастарға етене көңіл бөліп, бұл саланың одан әрі дами түсуіне күш салу керек. Шынымен игі істің санын молайтсақ, мәні жоқ флешмобтарды азайтсақ, артық етпейді. Бұл — облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының құзырындағы мәселе. Өйткені Мемлекет басшысының өзі даңғазалықтан бас тартып, нақты іске көшетін кез жеткенін Жастар жылын қорытындылаған салтанатты жиында қадап айтқан болатын… Ақтөбелік ерікті Гауһар Жұмағазиеваның пікірі де осы тақылеттес.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

НЕ ДЕЙСІЗ?

Нұрбек ЖАЛҒАСБАЕВ, 

«Волонтер — 2020 Ақтөбе» еріктілер ұйымының жетекшісі:

— Ең алдымен Жастар жылынан соң волонтерлерге кезек берілгеніне өте қуаныштымын. Осы жылда енді қайырымдылыққа, ізгі істерге мән берілсе, керемет болар еді деп ойлаймын.

Мен басшылық ететін ұйым өткен жылдың соңында ғана құрылды. Әзірге 40-қа жуық замандасым, өзім сияқты студент мүшелікке енді.

Биыл ақтөбелік еріктілер бас қосатын орталық салынса деген тілегім бар. Әйтпесе, жігіттер мен қыздардың пікір алысып, ой бөлісетін орын Ақтөбе қаласында әлі күнге жоқ.

Ақниет ОЙНАРБЕКОВА,

«Рахым» қайырымдылық тобының жетекшісі:

— Біздің топтың құрылғанына бір жыл енді толады. Негізінен қарттарға, мүгедектерге, аз қамтылған отбасыларға көмектесуге тырысамыз.

Волонтерлер жылында игі іс жасауға ұмтылған жастарға материалдық-әлеуметтік көмек көрсетілсе екен деймін. Мысалы, еріктілер өзге қалалардағы замандастарымен танысып, тәжірибе алмасса, ортақ идеяларды бірігіп жүзеге асырса, оның берері де мол болатын еді.

Балдырған САҒИДОЛЛА, 

«Шапағат» еріктілер тобының мүшесі:

— Былтыр Темір аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан «Шапағат» еріктілер тобы құрылды. Әр салада қызмет  атқарып жүрген жастар біздің қатарымызға қосылып, бірге жұмыс жасап келеміз. Өз еркімізбен түрлі шараларға атсалысып, қолымыздан келгенше қол ұшын береміз. Негізгі басым бағытымыз — қайырымдылық шаралары. Жастарды жақсылық жасауға, мейірімді, қамқор болуға шақырамыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме?

Ауқымды шараларды ұйымдастыруда қаражат жағынан қиналып қалатынымыз жасырын емес. Осы орайда кәсіпкерлер бізге қолдау танытса, бастамашыл жастардың жанынан табылса екен.

Асылзат ӨТЕҒАЛИЕВА,

«Медик-волонтерлер» еріктілер ұйымының мүшесі:

— Мемлекет басшысы 2020 жылды Волонтерлер жылы деп жариялағанына ризамыз. Бұл — еңбегіміз еленді, енді бізге де жіті көңіл бөлінеді деген сөз. Бірақ біз мейірімге негізделген шараларды, əрине, ол үшін жасап жатқан жоқпыз.

Ал еріктілерге ештеңе де керек емес деп есептеймін. Жетіспей жатқан тұстарын өзіміз толықтырып аламыз. Біз, болашақ дәрігерлер, көбінесе мүгедек жандардың жанынан табылғандықтан, ең бірінші кезекте әлеуметтік нысандардың соларға сай бейімделуін, яғни пандустардың салынғанын қалаймыз. Әйтпесе осы мәселе қай жерде де ерекше өзекті…