Басты жаңалықтарЖастар

Дипломмен барды, баспана алды

 «Дипломмен — ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке 2020 жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын.

 ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

«Дипломмен — ауылға» бағдарламасы — жас мамандардың ауыл-елді мекендерге барып, қызмет етіп, тәжірибе жинақтауына, сондай-ақ мемлекеттің қолдауымен баспаналы болуына мүмкіндік беретін тиімді жоба. Бүгінгі күні облыста бірқатар жас мамандар осы бағдарлама арқылы туған жеріне барып қызмет етіп жүрсе, енді біреулері қаладан ауылға барып еңбек етіп жүр. Сонымен…

Домбырашы Самат

Самат Ысқақ — «Дипломмен — ауылға» бағдарламасымен туған жеріне келіп, еңбек етіп жүрген жас мамандардың бірі. Ол Әйтеке би ауданының орталығындағы аудандық балалар саз мектебінде домбыра класынан сабақ береді.

2018 жылы Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжді музыкалық білім беру мамандығы бойынша тәмамдаған ол аталған бағдарлама арқылы туған жеріне келіп, еңбек етуде. Өткен оқу жылында саз мектебіне қызметке орналасып, аудан орталығынан бағдарлама бойынша баспана да алған. Қазіргі таңда Самат ата-анасымен сол үйде тұрып жатыр.

— Домбырадан 1-2 сыныптарға сабақ беремін. Оқушыларға қазақтың белгілі күйші, сазгерлерінің шығармаларын үйретемін. Домбыра сыныбына, негізінен, оқушыларды 7 жастан бастап қабылдаймыз. Мұнда өнерлі, қабілетті оқушылар көп, — дейді жас маман.

Ол — оқушыларды домбыра үйретумен қатар сахна мәдениетіне, жан-жақты болуға бейімдеп жүрген білім ордасындағы өнерлі, жас ұстаздардың бірі. Өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын Самат ұжымына беделді, аудандағы қоғамдық шараларға да атсалысады.

— Ауданымызда өтетін мәдени-рухани іс-шараларға саз мектебінің өнерпаздары белсене қатысады. Өткен жастар жылында ауданның белсенді жастары бас қосып, пікірталас, кездесулер, әдеби-сазды кештер ұйымдастырдық. Ең бастысы, туған жерге келіп, қызмет ету, ауылдың көркеюіне үлес қосу — мен үшін үлкен мақтаныш. Сондықтан өзім секілді жастарды ауылға келіп, еңбек етуге шақырамын, — дейді жас маман.

Бүгінде Самат жас домбырашыларды әртүрлі жарыстарға, байқауларға қатыстырып, олардың өнерде жоғары жетістікке жетуіне ықпал етіп жүр. Жас маман облыс, аудан көлемінде марапаттарға да ие болған.

Әлияның арманы

«Дипломмен — ауылға» бағдарламасымен ауылға келіп жұмыс жасап жатқан жас мамандардың бірі — хромтаулық Әлия Көптілеуова. Ол Алға ауданының Бестамақ ауылындағы Бестамақ орта мектебінде аға тәлімгер болып жұмыс істейді.

Әлия Ақтөбе гуманитарлық колледжін бітірген соң Алға аудандық білім бөлімінің жолдамасымен Бестамақ елді мекеніне келеді. 2016 жылдан бастап аға тәлімгер болып қызмет ететін ол бүгінде оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін мәдени- тәрбиелік шараларды ұйымдастырып, «Жас қыран», «Жас ұлан» ұйымдарына жетекшілік етеді.

  • Жолдамамен келіп, «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы бойынша бір жолғы көтермеақы және екі бөлмелі пәтер алдым. Қазір осы үйде отбасыммен тұрып жатырмын. Жолдасым екеуміз үш бала өсіріп, тәрбиелеп отырмыз. Балаларға жан-жақты білім мен тәрбие беруде аянбай еңбек етіп келемін. Жас маман болғандықтан, көп ізденемін. Тәрбиелік мәні бар шараларды жиі өткіземіз. Биылғы оқу жылында Бестамақ орта мектебінде 672 оқушы білім алуда, — дейді Әлия.

Қазіргі таңда жас маман «Қайнар» университетінде психология мамандығы бойынша сырттай жоғары білім алуда. Сондай-ақ ол Бестамақ орта мектебіндегі еріктілер тобының мүшесі. Ауыл жастарымен бірге қоғамдық шараларға белсене атсалысып, мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсетеді.

  • Мектепте «Жас қыран», «Жас ұлан» ұйымдары жұмыс жасайды. Бастауыш, орта сынып оқушыларына арнап жиындар, кездесулер, патриоттық шаралар өткіземіз. Балаларға жан-жақты білім мен тәрбие беруде пән мұғалімдерімен, сынып жетекшілерімен бірлесіп жұмыс жүргіземіз. Өткен Жастар жылында оқушыларға, ауыл жастарына арнап бірнеше іс-шара өткіздік. Ал биылғы жылдың елімізде Еріктілер жылы болып жариялануы ауылдағы белсенді, ерікті жастарға көрсетілген қолдау деп түсінемін, — дейді жас маман.

Әлия Көптілеуова биылғы оқу жылында ҚР Білім және ғылым министрлігі Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының Алғыс хатымен, «Жас ұлан» балалар ұйымының тәлімгерлеріне арналған «Тәлімі мол тәлімгер — 2019» атты облыстық байқауына қатысып, «Эрудит тәлімгер» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ ол аудандық білім бөлімінің, Бестамақ ауылдық округі әкімінің Алғыс хатын да иеленген.

Ұстаздық, ұйымдастырушылық қызметте жүргеніне аз уақыт болса да, бірқатар жетістікке қол жеткізген жас маман алдағы уақытта мектептен түлеп ұшар дарынды, өнерлі оқушылары көп болса деп армандайды.

 Үш ауылдың дәрігері

«Дипломмен — ауылға» бағдарламасымен ауылға келіп жұмыс жасап жатқан жас маман Гүлсім Есенғалиеваның мамандығы — дәрігер. Ол Шалқар ауылдық округі Жылтыр ауылындағы амбулаторияда жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмыс жасайды. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетін тәмамдаған Гүлсім бағдарлама бойынша жолдама алып, отбасымен Жылтыр ауылына өткен жылы көшіп келген. Шалқар қаласынан 18 шақырым қашықтықта орналасқан Жылтыр ауылындағы

дәрігерлік амбулаторияға Талдықұм, Тұмалы ауылдарының, сондай-ақ бірқатар бөлімшелердің (подхоз) де тұрғындары да келіп қаралады.

Бүгінгі күні амбулаторияда 5 адам жұмыс жасайды. Үш ауылдың тұрғындары бізге келіп қаралады. Егер шақыртулар болған жағдайда біз барып тұрғындарға көмек береміз. Қазіргі таңда амбулаторияда 1500-ге жуық адам тіркеуде тұр. Бір айта кетерлігі, қыс айларында боран болып, қалың қар жауса, ауылдар арасындағы жол қатынасы қиындайды. Осыған дейін қызметтік көлік жолда тұрып қалып, қиындықтар болғанда бізге округ әкімі Қаржаубай Қалжан көп көмек көрсетті. Жалпы ауылдың жағдайы жақсы. Жас маман болып келген уақытта маған ауылдағы басшылар да, тұрғындар да жан-жақты қолдау көрсетіп, жылы қабақ танытты. Бүгінде өз жұмысыма төселіп кеттім. Адамдарды емдеп, олардың алғысына бөлену — мен үшін үлкен бақыт, абырой, — дейді жас маман.

Гүлсім Есенғалиеваның айтуынша, Жылтыр ауылы ауызсумен, көгілдір отынмен толық қамтылған. Ауылда жастарға да барлық жағдай жасалған. Биыл Жылтыр дәрігерлік амбулаториясына жаңадан ғимарат салынбақ. Сондай-ақ бүгінгі күні Гүлсім бағдарлама бойынша баспана алу үшін құжаттарын дайындап жатыр. Бұған дейін жас маман мемлекет тарапынан бір реттік көтермеақы алыпты. Болашақта тәжірибелі, жан-жақты дәрігер болуды армандайтын Гүлсім бүгінде өз жұмысын жауапкершілікпен атқарып, ауыл тұрғындарының алғысына бөленіп жүр. Жас маман өзі сияқты қатарластарын ауыл-елді мекендерге барып еңбек етуге шақырады. «Адал еңбек еткен адамның қай жерде жүрсе де жетістігі зор, болашағы жарқын болады», — дейді Гүлсім.

Р.S. Ел үмітін ақтап, ауылдардың дамуына зор үлес қосып жүрген жас мамандарға біз де зор жетістіктер мен табыстар тілейміз. 

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button