Жаңалықтар

Еріктілер жігер берді

Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті және  «Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігі,  «ASMET-2018» қоғамдық ұйымдары бірлесіп, КА-168/1 және КА-168/2 мекемелерінде  мерекелік шара өткізді.

«Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Гүлмирам Сражова сотталғандарға өзінің басына түскен сынақты қалай жеңіп келе жатқанын айтып, жаза басып, қателікке ұрынғандарға жігер берді, қиындықпен күресуге шақырды.

—  Қандай да бір қиындыққа тап болғанда, өмірімізге өкінішпен қарап, қиналып кететініміз рас. Себебі, біз пендеміз ғой. Қателеспейтін адам болмайды.

Бүгін сіздердің алдарыңызға келіп, концерт қойып отырғанымыз да бекер емес. Біздің, яғни мүмкіндігі шектеулі еріктілердің өмірге деген құлшынысын көріп,  сіздер өздеріңізді жақсы жағынан көрсету арқылы тезірек бостандыққа шығып, өмір сүруге құлшыныстарыңыз артса екен деген тілегіміз бар, — деді Гүлмирам Сражова.

Ал «ASMET- 2018» жеке мекемесінің жетекшісі Ботагөз Дүйсекова он жылдан бері мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп келеді. Ол сотталған азаматтарға тезірек отбасыларына оралуларына тілектестігін білдірді. Орталық қиындыққа тап болғандарға қол ұшын созуға әзір екенін айтты.  Еріктілердің осындай тілектері мен жігерлендіруге арналған әңгімелерінен кейін, ортаға хормен Аяз ата, Ақшақар шақырылды. Қоғамдық бірлестік өкілдері өздері әкелген тәттілерін таратты. Сотталғандар «Д.А.Р» еріктілер тобының мүшесі Арай Бержанова және өзге де еріктілермен қосылып, ән шырқады. Сондай-ақ, Арайдың оқуындағы М.Шахановтың «Көтер, кәне басыңды!» өлеңі сотталғандардың жүрегін толқытса, мүмкіндігі шектеулі Эрик Ибрагимовтың орындауындағы «Помолимся за родителей!» және басқа да әндерге  сотталғандар көпке дейін қол соғып, қошемет көрсетті.  Аталған департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұндай шаралар жиі ұйымдастырылып тұрмақ.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button