Мереке

Рождество мерекесі

Бүгін әлемдегі барлық православ христиандар Рождество мерекесін атап өтеді.

Қазақстанның православтары да бұл күнді ерекше сән-салтанатымен өткізеді.

Қазақ қоғамының негізгі ұстанымының бірі — еліміздегі рақымшылыққа, жақсылыққа баулитын түрлі дін өкілдеріне, олардың ұлттық мәдениетіне құрметпен қарау.

Рождество —  Иисус Христостың туған күні. Бұл күн христиандардың басты мерекелерінің бірі болып есептеледі. Рождество мейрамын барлық христиандар атап өтеді, католиктер оны 25 желтоқсан күні, ал православтар 7 қаңтарда тойлайды.

«Сочельник» деп аталатын Рождество алдындағы кештен бастап, яғни 6-нан 7-не қараған түні шіркеулерде құдайға табыну діни жоралғылары өткізіледі. Елімізде де дәстүрлі түрде барлық шіркеулерде құлшылық шаралары ұйымдастырылады. Бұл түнде рождество алдындағы ауыз бекіту аяқталып, дәстүрлі тағамдарға толы мерекелік дастарқан жайылады. Олар бір-біріне тәтті тағамдар ұсынып,  түрлі сыйлықтар жасайды.

Рождество мерекесі елімізде 2007 жылдан бері ресми түрде аталып келеді. Ақтөбе облысының дін істері басқармасы берген дерек бойынша, облыста алты православ шіркеуі бар, оларға тұрақты келушілер саны 2 мыңға жуық. Өңірде жергілікті православтар Рождество мейрамында әдеттегідей Әулие Николь шіркеуіне  келіп, құлшылық етіп, шырақ жағады. Облыстағы басқа да православ шіркеулері мен ғибадатханаларында  мерекелік діни жоралғылар жасалады.

Православтардың Рождество мейрамы Қазақстанда демалыс күні болып белгіленген.

 

М.РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button