Мереке

50 оқушыға сыйлық табысталды

Жаңа жыл — балалардың асыға күтетін мейрамы. Осы орайда «Халықаралық экология, инженерия және педагогоика академиясы» қоғамдық қоры, Қазақстан коммунистік халық партиясының облыстық комитеті және «Ұлы Дала Ұрпақтары» қоғамдық бірлестігі «Керуен сити» ойын-сауық кешенінде «Жаңа жылдық ғажайып» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.

Шарада қала мектептерінің аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан, сондай-ақ жетім балалар қатысты. 10 мектептен оқу үлгерімі жағынан және өнер, спорт бағыттарында республикалық, облыстық деңгейде үздік шыққан 9-12 жас аралығындағы оқушыларға сыйлықтар табысталды. Акцияға Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан, облыстық меценаттар, сондай-ақ Қазақстан коммунистік халық партиясы облыстық комитетінің белсенділері мен мүшелері  демеушілік жасаған.

Мереке қарсаңында көтеріңкі көңіл-күймен келген оқушылар алдымен «Джуманджи» фильмін тамашалады. Одан кейін Аяз Ата мен Ақшақар және аниматорлардың қатысуымен өткізілген шоу жас дарындылардың ерекше ықыласына бөленсе, жаңа жылдық фуршет тәтті мәзірмен таңғалдырды. Шара басталысымен балалар мерекелік атмосфераға еніп, қызықты сайыстарға қатысты, ойын аттракциондарында уақыттарын көңілді өткізді.

Ғажайып мереке жоғары деңгейде өтіп, қатысушы оқушылар мен ата-аналарға жаңа жылдық әсерге бөленді. Сонымен қатар, іс-шараны ұйымдастырушылар үйден оқытатын 20 дарынды оқушыға сыйлық үйлестіріп, Жаңа жыл мейрамымен құттықтады.

Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button