Басты жаңалықтарМереке

Қайырымдылық кеш: қаражат тұтастай мұқтаждарға беріледі

Бейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қолдауымен қайырымдылық  кеш ұйымдастырылды. Бұл шараға мемлекеттік орган өкілдері, ардагерлер мен кәсіпкерлер, мәдениет, спорт саласының саңлақтары қатысты. Шара барысында өңір басшысы биылғы жылдың облыс үшін табысты болғанын, тұрғындардың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру мақсатында қыруар жұмыс атқарылғанын айтты, жыл басынан бергі жасалған істер туралы бейнеролик көрсетілді.

— Биыл облыста жүргізілген қайырымдылық шаралары аясында 120 мыңға жуық мұқтаж азаматқа 2 миллиард 740 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» дейді халық даналығы. Ақтөбеден түлеп ұшқан, әр салада табысқа жетіп, халықтың ықыласына бөленген азаматтардың «Туған жерге тағзым» акциясына белсене қатысуы бізді қуантады. Биыл осы акция аясында Ақтөбеде жерлес меценаттар көмегімен бюджеттен тыс жалпы құны 1 миллиард 371 миллион 175 мың теңгенің 607 жобасы жүзеге асырылды, — дей келе облыс әкімі қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға қатысқан азаматтарға алғысын білдірді.

Акция аясында түрлі салада еңбек сіңірген бірқатар ақтөбелік азаматтарға мемлекеттік наградалар тапсырылды. Философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталыға «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы  Кенжеғали Кенжебаевқа «Құрмет» ордені табысталса, мемлекеттік қызмет саласының зейнеткері Абай Байжомартов ҚР Премьер-Министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
«Ер Бақыт»  спорттық-патриоттық клубы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Марат Қойлыбаев, «Агрофирма КокВест» ЖШС директоры Владимир Проскурин, «Атамекен» Ақтөбе облысы  кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржановаларға «Ақтөбе облысының жыл адамы-2019» атағы берілді. Облыс әкімінің Алғыс хатымен, орталық атқарушы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ведомстволық наградалары, соның ішінде ҚР  Мәдениет және спорт министрінің
«Құрметті спорт қызметкері» төсбелгілері Галиб Джафаров, Рахымжан Бақытжановқа табысталды.  Әлеуметтік желіде халықпен кері байланыс орнатуда белсенділік танытқаны үшін Хромтау ауданының әкімі Нағымжан Алдияров, Мәртөк ауданының әкімі Ермек Кенжеханұлы, Мұғалжар ауданының әкімі Асқар Шериязданов, Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағанбетовтер марапатталды.
Қайырымдылық кеште Ақтөбе қаласы мен аудандардан келген дарынды балалардың 10 үздік картинасы аукционға шығарылды. Нәтижесінде ең қымбатқа бағаланған 2 картина 1 миллион теңгеге сатылды. Басқа да картиналар жоғары бағаға ие болды.

Аукционда «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазхром» ТҰК» АҚ, «Жантізер» ШҚ, «Мұрагер» ШҚ, «Спарта и Ко» құрылыс компаниясының басшылары, «Ер Бақыт» спорттық-патриоттық клубы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, депутаттар тобы, әкімдер тобы белсенділік танытып, картиналарды сатып алды.

Нәтижесінде аукционнан 5 миллион теңгеден астам қаржы жиналды, оған қоса келушілер 1 млн 200 мың теңге жинап берді. Ал меценат Қайрат Қойлыбаев өз атынан 1 млн теңгені ҚР Еңбек Ері Құралай Байменованың қорына аударатын болды. Осылайша қайырымдылық кештен жалпы сомасы 7 млн 200 мың теңге жиналды. Бұл қаражат білім беру ұйымдарынан көмек сұраған мұқтаж отбасылардағы 417 балаға түрлі қажеттіліктеріне, жекелей көмек сұраған отбасыларға, «Аяла» балалар сауықтыру орталығы жанынан ашылған 20 орындық ауруханаға қажетті жиһаз бен тиісті мүліктерді сатып алуға, Ақтөбе қаласы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығына жұмсалатын болды.

М.ТАЛҒАТ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button