Жаңалықтар

Ақтөбелік 12 жас топ-300 құрамына енді

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин Президенттің жастар кадрлық резервіне енген жастармен кездесті.

Кездесуде облыс әкімі іріктеуден өткен 12 жас мемлекеттік қызметшіге сәттілік тілеп, алдағы уақытта мемлекеттік қызметте абыройлы, жауапкершілікпен еңбек етуге шақырды.

  • Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында елімізде заманауи-кәсіби мемлекеттік аппарат құру жөнінде нақты тапсырма берілген болатын. Осы орайда биылғы Жастар жылында жас мемлекеттік қызметшілердің іріктеуге қатысып, бірқатарының алға шыққаны — қуантарлық жағдай.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастар Қазақстанның дамуында шешуші рөл атқаратынын айта келе, мемлекеттік қызметке заманауи ойлайтын, жан-жақты жастарды тарту — басты мақсат екенін атап өткен болатын. Міне, өңірден шыққан 12 жас іріктеуден сүрінбей өтіп, үлкен жетістікке жетіп отыр. Қазақта «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген сөз бар. Сіздер өз білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіздің арқасында мыңдаған жастың ішінде суырылып алға шықтыңыздар. Сондықтан сіздерге алдағы қызметтеріңізде, еңбек жолында сәттіліктер тілеймін.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке келу, оның талаптарына сай болу — бұл да үлкен сынақ. Сондықтан сіздер алдағы уақытта мемлекеттік қызметте жүріп, ауылдар мен аудандардың дамуына қызмет етулеріңіз керек. Алдымен осы өңірде жұмыс жасап, тәжірибе жинақтауларыңыз қажет. Ал ең бастысы — елге, халыққа адал, жауапкершілікпен қызмет ету, — деді О.Оразалин.

Жиында облыс әкімінің аппарат басшысы Нұржауған Қалауов Президенттік жастар кадрлық резервінің Ақтөбе облысы бойынша қорытындысын баяндап берді.

Оның айтуынша, биыл республика бойынша барлығы 13 мыңнан астам өтінім беріліп, нәтижесінде 300 үміткер Президенттік жастар кадрлық резервіне алынған. Соның ішінде Ақтөбе өңірінен ТОП-300 тізіміне 12 жас мемлекеттік қызметші еніп отыр. Олардың қатарында 1 аудан әкімі, 1 квазимемлекеттік саланың жетекшісі, 6 жергілікті атқарушы органның қызметкері, 1 орталық мемлекеттік органның аумақтық департаментінің қызметкері, сондай-ақ кәсіпкерлік және жеке салада қызмет жасайтын 3 жас бар.

Іріктеудің бірінші кезеңіне облыстан 500-ден аса жас қатысты. Республика бойынша Президенттік жастар кадрлық резерві қатарына енушілердің саны жағынан біздің облыс 5-орында. Резервке өту — құжаттарды қабылдау, тестілеу, тестілеуді верификациялау, әлеуетті бағалау, сарапшылық комиссия мүшелерімен әңгімелесу және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы жастар кадрлық резерві жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы сынды кезеңдерден тұрды. Үміткерлердің 57 пайызы шетелдік білімі бар жастар болса, 43 пайызы  — қазақстандық жоғары оқу орындарының түлектері. Іріктеу жеңімпаздарының орташа жасы — 31. Қазір үздіктер қатарына енген 12 мемлекеттік қызметшінің кадрлық өсу жол картасын жасау жұмыстары басталды, — деді Н.Қалауов.

Айта кету керек, іріктеуден өткен жастардың бірі — Ермек Кенжеханұлы. Ол бүгінде Мәртөк ауданын басқарып отыр. Ал экономика магистрі Әнуар Нұртазин бұған дейін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ және басқа да халықаралық корпорацияларда қызмет жасаған. Қазіргі таңда ол ғылыми қызметте, сондай-ақ Ресейдің, Қазақстанның ірі университеттерімен әріптестік қатынаста жұмыс жасайды. Қытайда білім алған жас Ләззат Әділова бүгінде өңірдегі «СағызПетролеумКомпани» ЖШС-ында бас менеджер болып жұмыс істейді. Алдағы уақытта ол мемлекеттік қызметке ауыспақшы.

Сондай-ақ іріктеуге қатысқан жастардың бірі — Уәлихан Ізбасқанов жуырда облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары болып тағайындалған.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button