Басты жаңалықтарМереке

Ұжымды құттықтап келді

Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов облыстық  «Ақтөбе» газетінің ұжымы мен ардагерлерін басылымның 95 жылдық мерейтойымен құттықтады.

— Қазақ баспасөзіндегі көне басылымдардың бірі — «Ақтөбе» газеті. Ғасырға жуықтап қалған басылым қай уақытта да қоғамдағы өзекті мәселелерді халыққа жеткізе білді. Алғаш «Кедей» деген атаумен жарық көрген кезде, сол уақыттағы білім алу, теңдік, тағы басқа мәселелерді көтерді. Ал қазір нарық заманындағы өзекті проблемаларды халыққа жеткізіп отыр. Басылым қай уақытта да елге қызмет етсе, қазір де сол мақсаттан тайған жоқ.

Қазір адамдардың көзқарасы өзгерді. Соған қарамастан газет журналистері жақсылықты, адамгершілікті, ізгілікті насихаттап келеді. Газеттің биік белестерге шығуына аға буын өкілдерінің еңбегі зор. Жастар солардың ізін жалғастыруда. Басылымның мерейтойы құтты болсын! Еңбекте табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Қаламдарыңыз ұштала берсін! Келер тышқан жылы тыныштық, береке алып келсін! Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан барлықтарыңызға алғыс білдіремін, — деді.

Сондай-ақ «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев пен газет тілшісі Индира Өтеміске ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат ісінің үздігі» төсбелгісін табыс етті. Ал бас редактордың орынбасары Ертай Ашықбаев пен экономика бөлімінің меңгерушісі Баян Сәрсенбинаны «Ақтөбе — 150 жыл» мерекелік төсбелісімен марапаттады. Ардагер журналист Аманғос Орынғалиев, газеттің ақпарат, саясат және мәдениет бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Базылқызы, тілші Арайлым Нұрбаева облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды. ҚР Журналистер одағының облыстық филиалы төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның басшысы Раукен Отыншин газет ұжымын құттықтады. Ардагер журналист Зияш Телеуоваға «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісін табыс етті. Газеттің бұрынғы қызметкері, журналист  Серік Омаров пен  газет тілшілері Мейрамгүл Сатаева және Айнұр Жалмағанбетова Құрмет грамотасымен марапатталды. Журналист Гүлшат Сералыға Журналистер одағының мүшелік билетін табыс етті. Салтанатты шарада ҚР Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы Нәзира Табылдинова ұжымды құттықтады. «Актюбинский вестник» газетінің жауапты хатшысы Серік Ахметов пен «Ақтөбе» газетінің шығарушысы Жетпісбай Жанахметовке «Еңбек даңқы» төсбелгісін тапсырды. Жиын соңында ардагер журналист Зияш Телеуова серіктестік басшысына алғысын білдіріп,  ұжымды мерейтоймен құттықтады.

Кештің соңы фуршетке ұласты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button