Жаңалықтар

Ақтөбенің құрметті азаматтары марапатталды

Ақтөбе қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, мемлекеттік және қоғамдық қызметте белсенділік танытып жүрген 3 ақтөбелік азамат «Ақтөбе қаласының құрметті азаматы» атағына ие болды.

Қала әкімі Мавр Абдуллинің ұсынысымен қалалық мәслихат депутаттарының қолдауымен мұндай мәртебелі атаққа физика-математика ғылымдарының докторы, облыстық мәслихаттың 5 мәрте шақырылымының депутаты Кенжеғали Кенжебаев,  ҚР құрметті металлургі, «Қазхром» Транс Ұлттық Компаниясының Президенті Арман Есенжолов және ҚР құрметті құрылысшысы, қаламызда жаңа аудандар мен бірқатар әлеуметтік нысандарды салған «Нектар» өндірістік кооперативінің басшысы Шамиль Каспранов лайық деп танылды.

Дүйсенбі күні шаһар басшысы мерейлі марапат иелерін құттықтап, қаламыздың дамуы жолында аянбай еңбек еткен азаматтарға алғысын білдірді.

Мәслихаттың шешімімен бекітілген «Құрметті азамат» атағын беру Ережеге сәйкес қала әкімдігіне түрлі мекемелерден, ұйымдардан ұсыныс түсіп, солардың арасынан қалалық мәслихат депутаттары өздеріңізді қолдаған болатын.

Бұл атаққа қаламызға айрықша еңбегі сіңген, оның ішінде экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен білімді дамытуға үлес қосқан, мемлекеттік және қоғамдық қызметте жетістігі бар, шығармашылықта, бизнесте, спортта, қайырымдылық шараларында белсенділік танытып, жемісті жұмыс жасаған азаматтар ие бола алады, — деген қала әкімі Ақтөбенің дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға алғысын білдіріп, «Ақтөбе қаласының құрметті азаматы» мәртебесіне ие болғандарға арнайы төсбелгі мен куәліктерін салтанатты түрде табыс етті.

Бұдан өзге салтанатты шара барысында Ақтөбе қаласының өркендеуіне өзіндік үлес қосып, жұмыс барысында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген бірқатар азаматтар Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған мерейтолық медальмен марапатталды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button