Жаңалықтар

Тұтынушылар құқығын медиаторлар қорғайды   

Облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Жұмамұрат Алдашев, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Бағлан Баймағанбетов, «Сіздің құқығыңыз» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Расима Латыпова, «Тұтынушылар Ұлттық лигасы» қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы бойынша  өкілдігінің басшысы Сафура Түлкібаева, «Ақтөбе облысының медиаторлар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің басшысы Светлана Балпейісова бірлескен меморандумға қол қойды. Олар енді  тұтынушылар құқықтарын бірлесе қорғамақшы.

«Ақтөбе облысының  медиаторлар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі  Светлана Балпейісова қоғамдық бірлестіктердің өңірдегі ірі кәсіпорындар шығаратын өнімдер сапасын бақылауға араласқанын мақұлдайды.

— Осы жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен ашылған Сауда және интеграция министрлігінің еліміздің барлық өңірлерінде аумақтық департаменттері ашылды. Біздің облыста осы құрылым желтоқсанда ашылып, қазір оның  ұйымдастыру жұмыстары аяқталды. Енді біз аймақтағы өнім шығарушылар мен қызмет көрсетуші ірілі-ұсақты кәсіпорындардың жұмысына қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында  облыстағы қоғамдық ұйымдармен меморандумға отыруды бастадық. Бүгін үш қоғамдық бірлестік жетекшілерімен келісім жасастық. Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғаса береді. Егер тұтынушыға сапасыз тауар сатылса, не сапасыз қызмет көрсетілсе, азаматтарымыз дереу қоғамдық ұйымдар арқылы не тікелей тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне арыздана алады. Азаматтар өз құқығын талап етуді үйренуі керек. Бұл өз кезегінде тауар өндірушілерді тәртіпке салады әрі экономикамыздың жандануына да ықпал етеді, — дейді  облыстық  тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Жұмамұрат Алдашев.

                                                                            Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button