Мереке

Жаңа жылдың жақсылығы мол болсын!

Раукен ОТЫНШИН,

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры

Міне, тағы бір жыл тарих қойнауына еніп барады. 2020 жыл деп аталатын кезекті белес есігін айқара ашқалы тұр.

Біз өткен жылмен қош айтыса отырып, алдағы жылдан елдің амандығын, айналаның тыныштығын, жақсылықтың мол болуын тілейміз.

Облыстық «Ақтөбе» газеті өтіп бара жатқан жылда өзінің 95 жылдығын атап өтті. Бұл бір жағынан өзіндік үні бар, республикадағы санаулы байырғы басылымның өткен тарихын түгендеу, жүріп өткен жолды зерделеу іспетті болды. Ең бастысы, ғасырға жуық тарихы бар басылымда жылдар бойы қалыптасқан жақсы дәстүрлер сабақтастықпен жалғасуда.

«Ақтөбе» газетінің журналистері қай кезде де ел ортасынан табылады. Басылымның 95 жылдығына орай облыстың Байғанин, Темір, Ойыл және Қобда аудандарында оқырмандармен кездесулер ұйымдастырылды, ашық әңгіме өткізілді.

Біздің оқырмандарымыз қай кезде де өздерінің ұсыныс-пікірлерін ашық айта алады, мұның барлығы да газеттің алдағы жұмыс барысында ескеріліп отырылады. Осындай ынтымақтастық біздің ортақ жұмысымызды ілгеріге жетелейді, көпшілік арасында ықпалдылығын арттырады.

Өткен жылы облыс аумағында көптеген игілікті шаралар іске асырылды, жасампаз жобалар жалғасын тапты. Соның қай-қайсысы да газет бетінен орын тауып, көпшілік назарына ұсынылды. Яғни облыстық басылым өзінің ақпарат тарату міндетін абыроймен атқарып келеді деп айтуға болады.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС-на қарасты облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері оқырмандар арасында әртүрлі шығармашылық конкурстар жариялап келеді. Мұның өзі екі жақты байланысты қалыптастыруға, әртүрлі мамандық иелерін газет ісіне тартуға игі ықпалын тигізетіні сөзсіз.

«Газеттің өзі бір күндік, сөзі — мың күндік». Қашаннан айтылып келе жатқан осы бір қағидалы сөз бүгінгі күні де мәнін жойған жоқ. Заман ағымына сай электронды ақпарат алға шықты делінгенімен, газеттің рөлі төмендемейтінін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Бүгінгі күні, әсіресе, алыс ауылдардағы ел тұрғындары, жалпы ауыл интеллигенциясы, басқа да мамандық иелері газет оқуға деген ынталылығын айқын көрсетуде.

Сондай-ақ, облыс орталығындағы ірі кәсіпорындар мен мекемелер, тіпті жекелеген адамдар өз жарнамаларын ұсынуда газет ықпалдылығын жоғары бағалайды, сондықтан да «Ақтөбе» газетімен байланысын берік ұстануда.

Облыстық «Ақтөбе» газеті де өзінің ұзақ жылдардан бері бірге келе жатқан сенімді оқырмандары тобын сейілтпей, 2020 жылға қатар қадам басты.

Біз сіздермен біргеміз, қадірлі оқырман қауым!

Жаңа жылда жақсылықтарымыз мол болсын!

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button