Жаңалықтар

Шекара қызметі — бейбіт өмір кепілі

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің тапсырмасымен аталған комитеттің шекара қызметі «2087- әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінің бастығы Олег Васильев Шалқар ауданында болды.

Жұмыс сапары барысында аудан активі жиынына қатысқан Олег Васильев Шалқар ауданы басшылығының мемлекеттік шекараны қорғаудағы қызметі мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті жұмыстарының өз мәнінде жүруіне қосқан үлестері үшін алғыс білдіріп,  аудан әкімі Бауыржан Қаниевке ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, генерал-майор Кәрім Мәсімовтің бұйрығымен берілген «Мемлекеттік шекараны күзетудегі үздік қызметі үшін» медалін табыс етті. Бұл —  шекарашыларға берілетін ең жоғарғы награда.  

Сонымен қатар мемлекеттік шекараны қорғап жүрген шекарашыларға қамқор болып, көмегін аямаған «Ұлы Борсық» КМК директоры Сахан Оразбайға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы К.Мәсімовтің атынан екінші дәрежелі «Шекара әскери қызметінің үздігі» медалін тапсырды. Және жоғарыда аталған бұйрық бойынша генерал-майор К.Мәсімовтің Құрмет грамотасымен аудан әкімінің орынбасары Жанболат Жидеханов наградталса, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шалқар ауданы бойынша бөлімшесінің бастығы Досым Шарғазин аталған комитеттің «Батыс»  аймақтық басқармасы басшысының Алғыс хатымен марапатталды.

Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі Бауыржан Қаниев ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің өздеріне көрсеткен құрметі үшін және марапаттарды жеткізуге арнайы келген шекара қызметі бөлімінің басшысы Олег Васильевке аудан жұртшылығы атынан алғысын білдіріп, шекарашыларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Берілген наградалардың өздеріне көрсетілген сенім екендігін, алдағы уақытта да шекарашыларға қолдан келген көмектердің берілетінін айтып өтті.

Айта кетейік,  Шалқар ауданының оңтүстігінде орын тепкен шекарашылар бекеті «Возрождение» аралының Өзбекстан Республикасымен арадағы мемлекеттік шекараны күзетеді. Шекарашы жауынгерлер күзететін аумақтың ауа-райы қолайсыз болса да жеке құрам Отан алдындағы борышын үлкен абыроймен атқаруда.

Аудан басшысы алдағы уақытта Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында кеден бекетін ашу мәселесі шешімін тапқалы жатқанын, ол кезде асфальттанған жол тартылатынын айтты.

Аудан активі жиынында аудандық сот төрағасы Оралбек Бақтыгереев аудан азаматтарына көрсетілген құрмет үшін алғысын білдіріп, шекара қызметінің ерлік пен батылдықтың мектебі екеніне тоқталды.

 Қыдыралы ӘЛИН,

Шалқар ауданы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button