Мереке

Жыл иелерінен жылы лебіздер

Тышқан жылы: 1900,1912,1924,1936,1948, 1960,1972, 1984,1996,2008,2020,2032, 2044, 2056, 2068,2080,2092

Тышқан жылын халқымыз бейбітшілік пен тыныштықтың, молшылық пен берекенің жылы санаған.

Келер жыл татулық пен тыныштық һәм той жылы болсын дей келе, жылдағы дәстүр бойынша жыл иелеріне әзіл сұрақ қойып, жылы лебіздерін білген едік.

Мархаббат…

1960

Орынша ЕСЕНАМАНОВА, №19 мектептің мұғалімі:

— Орынша Орынбайқызы, Жаңа жыл мерекесін қаншалықты асыға күтесіз? Сіз үшін күнтізбедегі 1 қаңтардың маңызы қандай?

— 1 қаңтар — бала күнімнен бері ерекше күтетін мерекем.  Жаңа жыл — мен үшін он екі ай бойғы еңбегімді саралап, тағы бір жылға жоспар құратын кезең. Бала кезіңде Жаңа жыл қарсаңында Аяз атадан сыйлық күтіп, өз арман-тілектеріңді ақ қағазға түсіресің. Ал есейе келе, сол арман орындалуы үшін еңбек етесің. Жыл сайын 31 желтоқсан күні отбасымызбен мерекелік дастархан әзірлеп, Жаңа жылды қарсы аламыз. Ал 1 қаңтар күні жылдағы дәстүр бойынша туған әпкемді құттықтап барамын. Мен Орынбор облысының тумасымын. Ақтөбеде тұратын жалғыз жақыным — сол.

— Өтіп бара жатқан доңыз  жылы сіз үшін және сіздің отбасыңыз үшін несімен есте қалды?

— Тарих қойнауына еніп бара жатқан доңыз жылы біздің отбасымыз үшін игілікті жылдардың бірі болды. Немерелі болдым. Ал жылдың соңғы күндерінде ұлым Адайбектің президенттік жастар кадрлық резервіне өткендігі туралы хабар келіп, бізді тағы бір қуантып тастады. Келе жатқан тышқан жылынан да тек жақсылық күтеміз. Тышқан — еңбексүйгіш сүтқоректілердің бірі. Сондықтан келер жылы адал еңбек ететін жандар жылы болатынына сенімдімін. Жаңа жыл жағымды жаңалығымен келсін!

1972

Ақалқа КЕҢЕСҚЫЗЫ, бастауыш сынып мұғалімі:

—  Ақалқа Кеңесқызы, биыл сіздің жылыңыз, яғни тынымсыз тышқан жылы келе жатыр. Тышқаннан қорқасыз ба?

— Тышқаннан қорықпаймын (күліп). Қолымнан келсе, өлтірмеуге тырысамын. 

— Қуанышқа толы сиқырлы мерекелердің бірі саналатын Жаңа жылды қаншалықты күтесіз?

—  Бала кезімде Аяз атаға сеніп, хат жазып көрмеппін. Бірақ Жаңа жыл асыға күтетін мерекелерімнің бірі.  Санамызда жақсылықтың, жаңарудың нышаны ретінде қалыптасқан мереке қарсаңында балаларымызға сыйлық әзірлеп, мәре-сәре боламыз. Менің бар өмірім кішкентай бүлдіршіндермен өте тығыз байланысты. Олардың мерекені асыға күткенін, нұрлы жүздерін көру мен үшін үлкен қуаныш.

Өтіп бара жатқан доңыз жылы еліміз үшін жаман жыл болмады. Келе жатқан тышқан жылы да елімізге тыныштық пен береке әкелсін. Әр үйдің сәбилері аман болып, жаңадан отау құрған отбасылар балалы-шағалы болсын.

1984

Кәмшат ҚОПАЕВА, «Ақтөбе»  облыстық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі:

— Кәмшат Сексенбайқызы, жыл санаудың және жыл қайырудың басы саналатын тышқан қандай қасиетінің арқасында жыл басы болып кетті деп ойлайсыз?

—Тышқанның тынымсыздығы — еңбекқорлығы. Ал еңбектенсең, қашанда көп нәрсеге қол жеткізесің. Сондай еңбекқорлығының арқасында өзге аң-жануарлар сияқты мақтанып, айтысып-тартыспай-ақ ешкімге зиянын тигізбей, түйенің басына шығып алды. Содан жыл басы болды (күліп).

— Әдетте тышқан жылы дүниеге келгендер үсті басын таза ұстап, сақ жүреді. Той думаннан бойын аулақ салуға тырысады. Мінезі тәкаппар, сәл нәрсеге өкпелегіш келеді деп жатады? Бұл сөздермен қаншалықты келісесіз? Мінезіңіз қандай?

— Бұл пікірмен аздап келісуге болады. Тазалықты жақсы көремін. Кез келген нәрсенің ескі болса да таза болғанын қалаймын. Ал мінезімді тәкаппар деп айта алмаймын. Бірақ кейде жала жауып, орынсыз кінәлайтын жандарға өкпелеп қалатыным рас. Дегенмен қанша өкпелесем де кек сақтамаймын, тез ұмытамын. Кектеніп, өш алу табиғатымда жоқ. Достыққа адалмын. Өтірік күліп, жағымпаздану қолымнан келмейді.

1996

Аслан САЙЛАУОВ, облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы:

— Аслан Ғалымжанұлы, мемлекеттік қызметшілер Аяз атаға сене ме?

— Аяз атаның барына сенетіндері де бар шығар (күліп). Өз басым сенбеймін. Бірақ Жаңа жыл мерекесін бала кезімнен жақсы көремін.

— Өтіп бара жатқан 2019 жыл еліміз үшін несімен есте қалды? Келе жатқан тышқан жылына нақты жоспарлар құрып қойған боларсыз?

— Жыл қайырудың соңы саналатын доңыз жылы еліміз үшін де, құтты мекен Ақтөбе үшін де жаман жыл болмады. Елімізде Президент сайлауы өтті. Жастарға серпін берген Жастар жылы тойланды.  Сүйікті шаһарымыз өзінің 150 жылдық мерейтойын атап өтті.

Ал жеке басым, көптен көкейде жүрген бірқатар мәселелерімді реттеп алдым. Келер жылға да нақты жоспарлар құрып, маңызды міндеттерді айқындап қойғандаймын.

Қызметіміз халықпен, мемлекетпен байланысты болғандықтан халықтың амандығы менің ең басты тілегім. Жаңа жыл елімізге тек жақсылығымен келсін! Тышқан жылы тәуелсіз еліміз үшін сөздің емес, істің жылы болғай!

2008

Назым ЖЕҢІСҚЫЗЫ, Ақтөбе қаласындағы №34 орта мектептің 6-сынып оқушысы:

—Назым, осыдан тура 12 жыл бұрын тышқан жылы дүниеге келіпсің. Күнді ең бірінші болып көрген тышқанды алғаш рет неше жасыңда көрдің?

Тышқанды алғаш рет кішкентай кезімде лагерьге барғанда көргенмін. Содан соң өткен жылы ауылға барғанда көрдім. Достарыммен бірге ұстап алмақ болып, барымызша қуғанбыз. Бірақ жете алмадық (күліп).

 Кішкентай ғана сүйкімді жануардың менің жылым екенін үйге келген соң анам айтып берді. Анамның айтуынша, тышқан жылы туғандар өте пысық, таза әрі әділ болып келеді. Мен осы қасиеттердің бойымнан әркез табылуы үшін еңбектенетін боламын. 

— Аяз ата 3 тілегіңді орындаймын десе, қандай арман-тілегіңді айтар едің?

— Ең алдымен анамның амандығын сұрар едім. Екіншіден, еліміз тыныш болсын! Ешқашан күн сөнбесін, аспаннан бұлт төнбесін. Ал үшінші тілегім, Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түсу. Бұл — менің Жаңа жылда алдыма қойған ең басты мақсатым.

 Жыл иелерінің жауабын тыңдаған Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button