Басты жаңалықтарМереке

Аяз атаға хат: ақтөбеліктердің жаңа жылда күтетін сыйлығы қандай?

Жаңа жылды қанша жерден балалардың мерекесі десек те, әрқайсысымыз әлі күнге дейін осы атаулы күнді үлкен үмітпен күтетініміз рас… Белгілі әнде айтылатындай, «әне-міне бақ қонардай боп», әлдебір ғажайыпты күтіп, тосыннан біреу тарту-таралғы жасайтындай сезімде жүретініміз және бар. Сонысымен-ақ жыл соңындағы мейрам ерекше һәм сиқырға толы шығар?.. Әйтпесе, Аяз атаға хат жазып, арман-тілегін параққа тізіп бергендер арамызда аз емес. Бұл — үлкен-кішіге ортақ «құбылыс».

Біз биыл жарқырай көрініп, өзі еңбек ететін салада елеулі жетістікке жеткен бір топ ақтөбелікті мереке қарсаңында сөзге тартып, төмендегідей сұрақтарды қойғанбыз:

  1. Аяз атаға сендіңіз бе?
  2. Оған хат жазсаңыз, не сұрадыңыз?
  3. Жаңа жыл мерекесінде алған қай сыйлық есіңізде қалды?
  4. Ғайыптан тайып, Аяз ата келе қалса, сізге қандай сый бергенін қалар едіңіз?

 Ақтөбенің құрметті азаматының арманы

Тәуелсіздік күні қарсаңында 4 жерлесіміз «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағын алды. Солардың бірі —«Атамекен» кәсіпкерлер мен жұмыс берушілердің өңірлік қауымдастығы қоғамдық бірлестігі басқарма төрағасы, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Есімхан Құрманғазин.Ұлық мерекеде туған жерінен айтулы марапатқа ие болған жігіт ағасын алдымен осы қуанышымен құттықтап, амандық-саулық сұрасқанымызда, оның жұмыс бабымен Қытай мемлекетінде жүргенін білдік. Сонда да телефон арқылы емен-жарқын әңгімелескен ол Жаңа жылды, әсіресе, бала кезінде асыға күткенін айтты.

— Әрине, бала кезде бәріміз Аяз атаның өмірде бар екеніне кәдімгідей иландық. Бастауыш сыныпта оқығанымда, оған «Маған коньки керек еді…» деп хат жазғаным да есімде. 10 жасымда бұл тілегім қабыл болып, Жаңа жыл мерекесінде су жаңа конькидің иесі атанғанымды ұмытпаймын. Ондағы қуаныш бөлек еді ғой…

Құдайға шүкір, заттай ешқандай сый-сияпат керек емес. Ең бастысы, елімізде тек жақсы оқиғалардың болғанын сұрайтын едім. Басты арманым сол.

Мені осылай құттықтап, елеп-ескеріп жатқандарыңызға рақмет. Барша жерлестеріме тек жақсылық тілеймін, — деп лебізін білдірді Е.Ақнаурызұлы.

Ғажайыпқа әлі күнге сенетін Еңбек Ері

ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты шарада облыс әкімі «Жылдың үздік ұйымы» ретінде «Ақтөбе қаласындағы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігін марапаттады. Ұйымды басқаратын Қазақстанның Еңбек Ері, қазақтың қайсар қызы Құралай Байменованың негізгі мамандығы бастауыш сынып мұғалімі екенін көпшілігі білмеуі де мүмкін. Ал оның қызмет жолының алғашқы жылдарында…Аяз ата болғанын естіп пе едіңіз?

— Жұмысқа енді қабылданған кездекішкентай шәкірттерімді қуанту үшін ертеңгіліктерде Аяз атаның кейпіне ендім. Менің бұл жағынан да азын-аулақ тәжірибем бар (күліп).

Шынымды айтсам, Аяз атаға мен әлі күнге дейін сенемін. Дей тұрғанмен, хат жазғаным есімде жоқ… Біздің кезімізде ондай болмады-ау.

7-8 сыныпта жаңажылдық сыйлыққа бір қорап мандарин алғаным бар. Соның дәмі әлі күнге таңдайымда тұр…

Немерелерім әлжуас, нәзік. Ең әуелгі тілегім — солар ауырмаса, үлкен азамат болса екен. Сондай-ақ, Аяз атадан мереке, туған күндерде ғана емес, 365 күн бойы бір-бірімізге әдемі тілек айтып, жанашыр болуымызды сұрар едім. Қазір пейілі тар, өзгелерге болсын демейтін адамдардың саны артты. Керісінше болса екен… Қадірімізді білсек, тату-тәтті өмір сүрсек деймін, — деп сыр ақтарды Қ.Базарбайқызы.

Аяз атадан көлік алған аудан әкімі

— Кішкентай кезімізде Аяз атаға сеніп, хат та жаздық. Сыйлық та алдық. Мәселен, бастауыш сыныпта оқып жүргенде, Жаңа жылда темір машиналы болғаным ешқашан есімнен кетпейді. Мерекенің басты кейіпкерінің бұл ойыншығы сол шақта әрі ауылдық жерде қат еді ғой, — деген Хромтау ауданының әкімі Нағымжан Алдияров балаларының қуанған сәтін көрудің өзі үлкен сыйлық екенін жеткізді.

Биылғы жылға өкпесі жоқ шенеунік — көпбалалы әке зайыбы екеуі жыл сайын шыршаның түбіне сыйлық қалдырады екен. Онысы, әлбетте, балалары үшін үлкен қуаныш. Әсіресе, үйдің кенжесі — 1-сыныпта оқитын Есет Нағымжанұлы осы әдемі үрдісті қатты күтетін көрінеді…

«Немерелі болсам екен…»

Жуырда ғана Елордада ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан театрлар ассоциациясының мұрындық болуымен өткізілген «Сахнагер-2019» Ұлттық театр сыйлығында «Үздік қуыршақ жасау шебері» атанған облыстық «Алақай» қуыршақ театрының директоры Әсия Құрманалина 7-сыныпқа дейін Аяз атаның бар екеніне күмәнданбағанын айтады.

— Шынымен сондай болдым. Ал 8-сыныпқа дейін қуыршақ ойнадым. Аяз атаның берген қуыршағы — ұмытылмас сыйлық екені сол себепті. Біздің кезімізде қазіргідей қымбат смартфондар, техникалар болған жоқ, ойыншықтың өзіне мәзбіз.

Мен үшін басты сыйлық — әже атану. Балаларым өсті, енді тездетіп отбасын құрса екен деп тілеймін. Немере сүйгім келеді. Сосын өмірдің қысқа екенін ұмытпай, айналамыздағы адамдарды сыйласақ, ренжітпесек екен, — дейді ол.

Чемпионның қалауы 

Аралас жекпе-жектен екі дүркін әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бағдат Жұбаныш үшін де осы жыл сәтті болды. Байрақты бәсекелерде топ жарған жас жігіт, бір қызығы, қаршадайынан Аяз атаның жоқтығын білетінін, сәйкесінше одан жарытып сыйлық алмағанын алға тартты.

«Ата-анамыз ақша жинап беріп, өз-өзімізге сыйлық жасағанды есепке алмаймын. Ал ғайыптан тайып, ешкім сыйлық бермепті. Аяз атаға сенбеймін. Алда-жалда Жаңа жылға біреу көлік тарту етсе, қуанып қалар едім…», — деп ағынан жарылды 23 жастағы спортшы.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 3-курсында оқитын палуан Жаңа жылда алдымен баршаға деннің саулығын тілейді.

 

«…Сыйлыққа автобус керек!»

— Аяз атаға хат жаздым деп айта алмаймын. Есесіне, 10 жасыма дейін ондай мейірімді кейіпкердің өмірде барына сендім… Дегенмен,ауылдық жерде болғандықтан ба, бала кезімізде Аяз атаны «тірілей» көрмеппіз, бізге келмеді. Одан алған сыйлығым да есімде жоқ.

Аяз ата: «Сыйлыққа не бергенімді қалайсың?» — деп сұраса, ойланбастан үлкен үй сұрайтын едім. «Баспанаң бар ғой» десе, онда 12 орындық шағын автобус керек. Балалармен гастрольге шығуға өте ыңғайлы, — дейді жолдасы Өмірхан Жетесов екеуі өзінің 3 баласынан бөлек, 18 ұл-қызды бауырына басқан«Шашу» халықтық отбасылық ансамблінің көркемдік жетекшісі Амангүл Ешпанова.

Бірер апта бұрын «Шапағат» медалімен марапатталған әңгімелесушіміз Амангүл келер 2020 жылда барлық ақтөбеліктерге амандық пен бақыт тілейтінін және қосты.

P.S. Біз әңгімелескен 6 ақтөбеліктің баршасы Аяз атадан қандай сыйлық алса да қуанып қалатынын, ең бірінші кезекте риясыз көңіл екенін айтады. Расында, «жақсы сөздің жан семіртетінін» ескерсек, шынайы лебіз-тілектің өзі адамды шаттыққа бөлейтінін ұмытпаңыздар! Тышқан жылы барлығымызға табысты болсын, құрметті оқырман!

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button