Басты жаңалықтар

Қасірет

Алматы маңындағы Талғар ауданында «Бек Эйр» әуе компаниясының №Z2100 Алматы-Нұр-Сұлтан жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты бүгін, 28 желтоқсан елімізде аза тұту күні болып жарияланды.

Суық хабар

27 желтоқсан күні  Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті деген ақпарат тараған болатын. Алматы халықаралық әуежайының ресми хабарламасында айтылғандай, ұшақта экипаждың 5 мүшесімен бірге 93 жолаушы болған. Одан соң Азаматтық авиация комитеті әуе көлігінің ұшып көтерілу кезінде апатқа ұшырағаны туралы қаралы хабарды жеткізді. Ресми хабарламада айтылғандай, 2100-рейсін орындаған Фокер-100 ұшағы Талғар ауданындағы тұрғын үй алабына құлаған. Ұшақ бетон қоршауды бұзып, 2 қабатты нысанға соғылған. Өрт болмаған, дереу құтқару жұмыстары басталған. Соңғы ақпараттар бойынша ұшақ апатынан 12 адам көз жұмған, жарақат алған басқа жолаушылар ауруханаға жеткізілген, қазір оларға дәрігерлік көмек көрсетіліп жатыр.

ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша құрылған арнайы комиссия оқиға орнына дереу ұшып шықты. Осы апатқа қатысты шұғыл желі іске қосылған.

Алматы қалалық ТЖД басшысының орынбасары Ерлан Әлібековтің айтуынша, апат болған жерде Алматы және Алматы облысының ТЖД, ПД, Ұлттық гвардия, жедел құтқару тобы, апаттар медицина орталығының қызметкерлері жұмылдырылған. Барлығы 776 адам мен 119 техника жұмыс істеген. Сондай-ақ, Алматы қаласының 35 жедел жәрдем көлігі тартылған. «Оқиға орнына жедел құтқару жұмыстары ұйымдастырылды. Ұшақтағы 88 адамға көмек көрсетілді. Оларды ұшақтан шығардық. Қазіргі уақытта ауруханада 42 адам жатыр, оның 8-і — бала. Ешқандай жарылыс болған жоқ. Егер ұшақ жарылған болса, онда адамдарды аман алып қалу мүмкін болмас еді. Ұшақ соғылған үй жаңадан салынып жатқан үй болатын. Абырой болғанда, оның ішінде ешкім болған жоқ», —  деді Алматы қалалық ТЖД басшысының орынбасары Ерлан Әлібеков.

Оқиғаның мән-жайы анықталғанша бұл типтегі ұшақтардың қолданылуы уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ, ҚР Авиация комитеті Bek Air компаниясының жұмысын уақытша тоқтатты.

Мемлекет басшысы шұғыл кеңес өткізді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.

Мемлекет басшысы «Ақорда» резиденциясында Премьер-Министрдің, Президент Әкімшілігі басшылығының, Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының, Бас прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының, Ішкі істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Денсаулық сақтау министрлерінің қатысуымен Алматы әуежайы маңындағы жолаушылар ұшағының апатына байланысты шұғыл кеңес өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан қаза болған азаматтардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты. Жиынға қатысушылар қайтыс болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Мемлекет басшысы Премьер-Министр Асқар Маминнің, Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың және Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың есептерін тыңдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктерімен бірлесіп қаза болған азаматтардың отбасыларына 4 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетуді тапсырды. Қайтыс болғандардың жақындарына жан-жақты психологиялық және медициналық қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар зардап шеккендердің барлығына қажетті көмек беріледі.

28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған Президент еліміздегі мемлекеттік туларды төмен түсіруге және барлық ойын-сауық шараларын тоқтатуға тапсырма берді.

Мемлекет басшысы кеңес барысында:

–  Ұшақ апатына соқтырған себептерді сапалы әрі объективті түрде тексеруге;

– «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» акционерлік қоғамын білікті мамандармен қамту жұмыстарын толық аяқтау шараларын қабылдауға;

– Қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру үшін барлық әуе компанияларының жұмыстары мен авиациялық инфрақұрылым нысандарын тексеруге тапсырма берді.

Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне қозғалған қылмыстық іс аясында ұшақ апатына соқтырған себептерді анықтау, кінәлілерді заңға сәйкес жауапкершілікке тарту, сондай-ақ, Алматы әуежайының аумағына жақын орналасқан жеке құрылыстардың заңдылығын зерттеу жөнінде шара қабылдауды тапсырды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді. Қазіргі уақытта ұшақ апатына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталған. ҚР Ішкі істер министрлігі хабарлағандай, ІІМ орталық аппаратының, Алматы және Алматы облыстық көліктегі полиция департаменттерінің, сонымен қатар Төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлерінен – тәжірибелі тергеушілер, криминалистерден жасақталған жедел тергеу тобы құрылған.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе жұртшылығы атынан көңілін білдірді: «Алматы облысында ұшақ апатынан қаза болғандардың отбасыларына облыс жұртшылығы атынан қайғырып көңіл айтып, сабырлық тілеймін», — деді ол әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.

Қырғызстан Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрлігі, Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Аббас Мусави  Қазақстан халқына қаралы оқиғаға байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

Алғашқы баспасөз мәслихаты

Кеше түстен кейін Алматыда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың қатысуымен баспасөз мәслихаты өткен. «Қазақпаратта» жарияланған ақпаратқа сәйкес,  Роман Скляр ұшақ апатының ықтимал себептерін атады.

«Ұшақ апатының себептерінің алдын ала нұсқаларын айтар болсам, ұшақ ұшу кезінде екі рет құйрық тұсымен ұшу жолағына соқтыққан. Бұл ұшқыштың қателігінен болуы мүмкін. Техникалық себептерді Халықаралық авиация комиссиясы анықтайтын болады. 2019 жылдан бергі осы ұшақтың қатысуымен болған оқиғалардың барлығы талдаудан өткізіледі. Қара жәшік те тек ХАК мамандарының қатысуымен оқылатын болады», — деді Роман Скляр. Оның айтуынша, ұшақ апатынан зардап шеккендер мен қаза болғандардың отбасыларына көмек көрсетіледі.

«Анықталған ақпаратқа сәйкес, ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Жолаушылардың ішінде екеуі Украина азаматы, біреуі Қырғызстан азаматы болса, тағы біреуі ҚХР азаматы, қалғаны Қазақстан азаматтары. Оқиға салдарынан 12 адам көз жұмды. Олардың сегізі оқиға орнында, ал қалған екеуі ауруханада, тағы екеуі Алматы әуежайында қайтыс болды. Алматының әртүрлі ауруханалары мен емханаларына 49 адам жеткізілді. Олардың 18-і ауыр жағдайда жатыр»,—  деді Роман Скляр Алматыда шұғыл өткен баспасөз мәслихатында.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов зардап шеккен азаматтардың жағдайын жеке бақылауына алғанын, олардың қажетті медициналық көмекпен және дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілетінін айтты.

«Бір жағадан бас шығарып…»

 Бұл қаралы хабар Қазақстан халқын бір үйдің адамдарындай ізгілікке жұмылдырды.

Ұшақ құлаған жерде жұмыс істеп жатқан адамдарға ауыл тұрғындары ыстық тамақ жасап беріп жатыр.  Әлеуметтік желіде Гүлдала ауылының тұрғындары далаға қазан көтеріп, жұмыс істеп жатқан құтқарушыларға тамақ әзірлеп, самаурынға шай қайнатып беріп жатқан видеосы жарияланды. Ал алматылықтар қан тапсыру орталығына ағылып жатыр. Әлмерек ауылында болған ұшақ апатынан соң әлеуметтік желіде қан доноры қажет екені туралы ақпарат тараған болатын. Бұл хабарламадан соң қала тұрғындары қан орталығына қарай ағылған, бірер сағаттан соң қаладағы қан орталығына келіп жатқан адам қарасы көбейген.

ҚР ДСМ ұшақ апатынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін ресурстар жеткілікті екенін, қан тапсырудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді.

БАҚ материалдары бойынша әзірлеген М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button