Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Өндірісті ауданда бірде-бір сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелмеген

Бейсенбі күні ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың жұмыс сапары Хромтау ауданында жалғасты.

Ауданға жасаған іссапары барысында агенттік төрағасы мен облыс әкімі Оңдасын Оразалин, агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Мирлан Мұхамбетов Хромтау аудандық әкімдігінің бірінші қабатында орналасқан «Aǵtóbe-adaldyǵ alańy» кеңсесінің және  «Ашық әкімдіктің» жұмыстарымен танысты.

Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою, азаматтарға қолайлы жағдай жасау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бағыттарына  негізделген жобалық кеңседе түрлі комиссия отырыстары өтіп, тұрғындарды қабылдау ұйымдастырылып тұрады. Сондай-ақ аудан әкімі Нағымжан Алдияров халықпен тығыз әрі ашық қарым-қатынас орнату мақсатында  әкімдер мен бөлім басшылары әлеуметтік желілерде тікелей байланыста тұрғындардың  сауалдарына жауап беретіндігін жеткізді.

— Қазан айынан бастап аптасына 1 рет әлеуметтік желілерде тікелей эфирде «Адалдық сағатын» өткізіп тұрамыз. Тұрғындарға алдын ала желі арқылы қай күні, қай сағатта, қай бөлімнің басшысы тікелей желіге шығатындығы хабарланады. Бүгінгі күнге дейін тікелей желіге 2000-нан астам тұрғын қатысып, 300-ден астам сұрақтар түсті. Әр «Адалдық сағатынан» соң талдау жасалып, қандай бөлімге қатысты сұрақ көп түскендігін анықтаймыз. Бүгінгі күнге дейін түскен сұрақтардың басым бөлігі баспана, жол мәселесі, қала тазалығы жөнінде.

Тікелей эфир арқылы сұрақтарға жауап беру — халықтың әкімдікке келіп жүрмей-ақ, көкейінде жүрген сұрақтарын қоюына мүмкіндік тудырады, — деді аудан әкімі.

Оның айтуынша, қазіргі таңда аудан тұрғындарының 40 пайызы аудан әкімдігінің инстаграмдағы парақшасына тіркелген.   

Сондай-ақ жаңадан ашылған әкімдікте  өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ашылған. Бұл жерде кез келген тұрғын өз еркімен өзіне қажетті анықтамаларды шығарып алады.

Ал «Ашық әкімдікте» тұрғындарға ыңғайлы болу үшін барынша жағдай жасалған. Атап айтар болсақ, тұрғындарды жиі алаңдататын сұрақтарға жауап беретін бірнеше бөлімнің қызметкерлері осы жерден табылады. «Ашық әкімдікте» тұрғындар барлық мәселесін шешіп, көкейде жүрген сұрақтарына жауап ала алады. Егер тұрғын сауалына маман жауап бере алмай қалған жағдайда, бөлім басшысы шақырылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының  Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Мирлан Мұхамбетов үстіміздегі жылы Хромтау ауданында сыбайлас жемқорлыққа қатысты бірде-бір фактінің тіркелмегенін айтты. Өз кезегінде сөз алған аудандық ақсақалдар кеңесінің өкілдері де аудан төңірегінде көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызметтің сапасына оң бағаларын берді. Агенттік  төрағасы мұны аудан экономикасының жағдайымен байланыстырды.

Бүгінгі таңда ауданда ауызсу, көгілдір отын 95%, жол мәселесі 85-90%, аулаларды қалыпқа келтіру 100% шешімін тапқан.

«Aǵtóbe adaldyǵ alańy» жобалық кеңсесінің мақсаты — тұрмыстық сыбайластықтың түбін жою. Барлық ауыл, аудандарда  жұмыстар дәл  осылай жасалу қажет, — деді  Алик Шпекбаев.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин облыстың барлық аудандарында

аталған жұмыстарды талапқа сай орындау мақсатында жүйелі жұмыстар жасалып жатқандығын айтты.  Айта кетейік, бүгінгі таңда Ақтөбе облысындағы барлық аудан әкімдіктерінде  «Aǵtóbe — adaldyǵ alańy»  жобалық кеңсесі жұмыс жасайды.

Бұдан соң ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, облыс әкімі Оңдасын Оразалин  Хромтау тау-кен техникалық жоғарғы колледжінде болды. Білім ордасынының директоры Бағдашжан Молдашева агенттік төрағасына сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жасалып жатқан бірқатар жұмыстарымен таныстырды. Бүгінгі таңда колледжде  «Саналы ұрпақ» клубымен қатар «Парасаттылық мектебі», «Адалдық дүкені» бар.  

Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева білім саласындағы сыбайластықты болдырмау бойынша атқарылған жұмыстармен таныстырды. Оқушылар мен жастардың  бойында сенім атмосферасын қалыптастыруға арналған «Адалдық дүкені»  облыс бойынша 35 колледж бен 324 мектепте ашылған. Ұстаздар арасында «Мен сыйлық алмаймын» акциясы өткізіліп, тамыз кеңесінде «Aǵtóbe — adaldyǵ alańy», білім басқармасы, аудан әкімдерімен  үш жақты меморандумға қол қойған.

Жұмыс сапарының соңында агенттік төрағасы  «Батыс Жер» кемпингінің және «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданы «Expo» ғимаратындағы  Алматы аудандық әкімдігінің   сервистік қызметімен танысты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button