Басты жаңалықтарӘлеумет

Атаулы әлеуметтік көмек бұрынғыдан өзгерек

Сәуір айында басталған атаулы әлеуметтік көмек биыл 31 желтоқсанда тоқтатылады. Жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек бұрынғыдан өзгеріп, жаңадан толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, қайта тағайындалатын болады. Бұл туралы журналистерге Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова егжей-тегжейлі айтып берді.

— Жалпы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларына тағайындалады. Тұрғындар арасында масылдықты жою мақсатында талаптар күшейтіліп, өзгерістер енгізілді. Біріншіден, бұдан былай еңбекке қабілетті отбасы мүшесі міндетті түрде жұмыс істеуі шарт немесе бағдарлама аясында белсенді шараларға қатысуы қажет. Егер отбасы мүшелерінің жұмысқа жарамдысы ұсынылған жұмыстардан бас тартқан жағдайда отбасының барлық мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды. Екіншіден, ата-ананың біреуі кішісі 3 жасқа толғанға дейін бала күтімімен отыра алады. Үшіншіден, шартсыз ақшалай көмек 3 айға, шартты ақшалай көмек 6 айға тағайындалатын болады. Төртіншіден, атаулы әлеуметтік көмек отбасының әр мүшесіне отбасы табысы мен кедейшілік шегінің айырмашылығымен есептеледі. Бесіншіден, атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалуы учаскелік комиссияның қорытындысымен анықталады, — дейді Мақпал Тұрмағамбетова.

Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа ережелерін түсіндіру және құжат қабылдау үшін Ақтөбе қаласында төмендегідей 4 пункт жұмыс істейді.

  1. «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ (Ш.Уәлиханов көшесі, 12А).
  2. Халықтық кеңесінің 1 қабатында (Сәңкібай батыр даңғылы, 249).
  3. Ақтөбе қаласының Алматы ауданы әкімдігі (Қарғалы кенті, Октябрьдің 60 жылдығы көшесі, 70 Б, «ЕХРО» ғимараты)
  4. Ақтөбе қаласының Астана ауданы әкімдігі (Сәңкібай батыр даңғылы, 145 Б).

Пункттердің жұмыс уақыты: дүйсенбі-жұма аралығы, сағат 9.00-18.30-ға дейін, түскі үзіліс 12:30-14:00.

2020 жылдың қаңтар айынан бастап Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке жүгінушілердің көп болуына байланысты құжат қабылдау тегінің алғашқы әрпі бойынша жүргізіледі.

А, Ә  — 5-7 қаңтар, Б, В — 8-9 қаңтар, Д, Г, Ғ — 10-11 қаңтар, Е — 12 қаңтар, Ж, З — 13 қаңтар, И, І, Й — 14 қаңтар, К, Қ — 15-16 қаңтар, Л, М — 17-18 қаңтар, Н, О, Ө — 19 қаңтар, Р, П — 20 қаңтар, С, Т — 21-23 қаңтар, У, Ү, Ұ — 24 қаңтар, Ф, Х, Ц, Ч, Ш, Щ, Ы, Э, Ю, Я — 25 қаңтар.

Мұқтаж отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін көмек мұнымен шектелмейді. Аз қамтылған отбасы балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакет: 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға азық-түлік (сүт, пюре, ботқа, печенье т.б.) пен гигиеналық құралдар, оның ішінде тоқсанына бір рет жөргектер беріледі.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button