Жаңалықтар

Желтоқсан: жыл түйіні

Міне, ескі жылмен қоштасып, Жаңа — 2020 жылдың есігін ашатын уақыт та келіп жетті. «Ескі жылда есірке, жаңа жылда жарылқа!» дейді қазақ.

Желтоқсанда жыл бойғы көп шаруаның түйіні түгенделіп, алдағы кезеңнің атқарылар тірлігі болжамдалады.

Сонымен, бізге бұл ай не берді дегенге тоқталсақ…

 Тұғырлы «Тәуелсіздік» стеласы

Облыс орталығындағы Абай даңғылы бойында еңселі «Тәуелсіздік» стеласы бой көтерді. Стеланың көзге түсетін басты өзгешелігі — өзінің өн бойына басты құндылықтарымыз — Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің жарасымды түрде жинақтауында. Аталған стеланың биікті 20 метр шамасында. Оның төменгі тұғырында Қазақстан Республикасы Әнұранының мәтіні, сондай-ақ музыкалық бейнеленуі, мемлекеттік рәміздердің авторларының аты-жөндері келтірілген. Ақтөбе қаласының символы да осы қатарда. Стеланың ең жоғары биіктігінде Елтаңба айшықталып көрінеді.

Тәуелсіздіктің еңселі ескерткішінің авторы әрі жүзеге асырушысы — белгілі кәсіпкер, меценат Арынғазы Беркінбаев.

 

Жел электр станциясы: бірінші жоба

 

Қарғалы ауданында «Art Wind» ЖШС-ның энергияның жаңғырмалы көздері бағытындағы алғашқы жобасы іске қосылды. Бұл игілікті шараны итальяндық инвестор — «Eni» компаниясы «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының қолдауымен «General Electric» компаниясымен бірлесіп атқарды.

Бұл жобаның ерекшелігі — аталған компанияның Қазақстанда алғашқы рет тың істі Ақтөбе облысында бастауы. Қуаттылығы 48 МВт жел электр станциясының іске қосылуы үшін инвестиция мөлшері 100 миллион доллар шамасындағы қаржыны құрап отыр.

Ең бастысы — облыс аумағында электр энергиясына қажеттілікті оңтайлы шешуге қарышты қадам жасалды.

Жаңа нысандар — ел игілігіне

Жыл соңында бірқатар жаңа нысандар құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Ырғыз ауданының Шеңбертал, Жаныс би ауылдарында заманауи сипаттағы мектеп ғимараттары оқушыларға есігін ашты. Мұнымен қатар аудан орталығында жанында 100 орындық интернаты бар 300 оқушыға арналған мектеп үйі салынуда.

Ал Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 шағын ауданы аймағында кезекті «Анвар» супермаркеті ашылды. Жалпы көлемі 2,5 мың шаршы метр аумақта орналасқан сауда үйінде халық тұтынатын барлық әлеуметтік маңызды тауарлар сатылады. Ақтөбе қаласындағы 24-сауда нүктесі халық қызмет ететін «Анвардың» негізгі азық-түлікке  үстеме сауда бағасы да қонымды, 5-10 пайыз мөлшерін құрайды.

Бұл жақсы жаңалықтарға қоса облыс орталығынан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша денсаулық және білім беру  саласы қызметкерлеріне 40 пәтердің кілті салтанатты жағдайда табыс етілгенін айтуға болады.

Қазақ күресі туы биіктей түсті

Қазақ күресінен әлем чемпионатының Ақтөбеде өтуі бір жағынан жас буынды спортқа тартудың өнегесіне айналды.

Бұл байрақты бәсекеге әлемнің қырықтан астам мемлекетінен балуандар жиналды. Олар тоғыз салмақ дәрежесінде бақ сынасты.

Күрестің майын ішкен өзіміздің тарландар — ҚР Еңбек Ері, олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Азия күрес кеңесінің президенті Дәулет Тұрлыхановты айтпағанда, бұл күллі дүниежүзі құлақ түріп отырған додаға қатысуға, қазақ күресінің мәртебесін көтеруге Оңтүстік Кореядан олимпиада және әлем чемпионы Ли Вон Хи, ирандық әлем чемпионы Араш Мир Эсмайели, олимпиада жүлдегері Оскар Рене Брайсон Видал, сондай-ақ ЮНЕСКО өкілдері арнайы келді.

Қазақстан құрамасы жарыс қорытындысында 5 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль иеленді.

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету»:

15 мыңға жуық тұрғынмен кездесу өткізілді

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы облыста сәуір, тамыз, қазан айларында жүзеге асып, ақпараттық топ өкілдері 133 елді мекенде болып, 15 мыңға жуық тұрғынмен кездесті.

Жобаны жүзеге асыру барысында облыс тұрғындарының 41 пайызын экология, 27 пайызын жұмыссыздық және 23 пайызын автомобиль жолдарының ахуалы мәселелері толғандыратыны анықталды. Азық-түлік бағасының өсуі де жұртшылықты алаңдатады. Сонымен бірге, сапалы медициналық қызмет көрсету мен атаулы әлеуметтік көмек түрлеріне қатысты да сауалдар бар.

Жобаны қорытындылау шарасы барысында осы мәселелер атап көрсетілді, сонымен қатар жинақталып қалған проблемаларды бірігіп шешу қажеттігі ұсынылды.

* * *

Сонымен, желтоқсанмен жыл да қорытындыланды. Облыс экономикасында жалпы алғанда біршама ілгері даму, өркенді өзгерістер орын алды. Бұл алдағы кезеңнің сәтті бастаулары болғай деп тілейміз.

Жаңа жылда жақсы жаңалықтарымыз мол болсын!  

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button