Спорт

«Ақтөбе» футбол клубы ардагерлер кеңесі бұрын істі болған азаматтың жұмыстан кетуін талап етті

27  желтоқсан күні  «Қобыланды батыр» атындағы стадионның конференция залында  спорт саласына еңбегі сіңген ақсақалдар  «Ақтөбе»футбол клубы басқарма төрағасы Артур Смағұлов, облыстық  спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаровпен кездесті. 

Ардагерлер кеңесі үшін футбол клубының бұрынғы басшысы Смат Смақовтың  орынбасары Данияр Шадыевтың бұрын істі болған азамат болғандығы туралы жаңалық төбелерінен жай түскендей болған. «Мұндай бассыздыққа  қарап отыра алмаймыз», — деген бір топ белсенді азаматтар спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаровтан жағдайды  біле тұра неге жасырғанын сұрады.

Әлеуметтік желілерде Смақовтың орынбасары  Шадыев 2010 жылы  аса ірі мөлшерде есірткіні заңсыз сақтағаны, сатып алғаны және тасымалдағаны үшін 10 жыл қатаң режимдегі колонияда отырғаны туралы ақпаралар тарай бастаған.

Спорт басқармасының басшысы желтоқсанның 25-і күні Данияр Шадыевтың  жұмыстан шыққаны туралы мәлімдеді. Гончаровтың мұндай мәліметіне сене қоймаған  футбол жанашырлары  жиын барысында кадр бөлімінен Шадыевтың жұмыстан кетуі жайлы арызды  көрсетуді талап етті.  Ардагерлер кеңесінің мүшесі Арынғазы Беркінбаев Данияр Шадыевтың жұмыстан шығып кеткеніне күмәнмен қарайды.

«Біз осы футбол клубында тәрбиеленіп жатқан жасөспірім балалар мен немерелеріміздің өміріне алаңдаймыз, кадр бөлімінің мамандарының   бізге  Шадыев жазды деп  көрсеткен арызы  қолдан жазған сыңайлы. Сондықтан жауаптылардан осы мәселені бір жақты етуді талап етеміз», — деді Арынғазы Беркінбаев.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button