Басты жаңалықтарМереке

Екі жүз оқушының ертеңгілігі

Жекпе-жек сарайында облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен «Біз — еліміздің жарқын болашағымыз!» атты жаңажылдық ертеңгілік өтті.

Дәлізде қала оқушыларының қолынан шыққан дүниелерден қыс мезгіліне арналған көрме ұйымдастырылыпты, кішкентай шеберлер эко-бұйымдарға басымдық беріпті, көздің жауын алады.

Ал шырша орнатылған зал мерекеге сай безендірілген, адамға жаңажылдық көңіл күй сыйлайды. Қызылды-жасылды жылтырақтар тағынып, бар киімдерін киіп келген балалар Аяз ата мен Ақшақармен бірге би билеп, суретке түсіп жүр.

Облыс әкімі шыршасына бұл күні аз қамтылған отбасы балалары, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және денсаулығына байланысты үйде оқытылатын балалар шақырылды. Аталған санаттағы балаларды әуелі қалалық және аудандық білім бөлімдері анықтап, іріктеу жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп, шараға барлығы 9-13 жас аралығындағы 200 оқушы қатысты.

Мерекелік шарада Аяз ата мен Ақшақар балалармен бірге ескі жылмен қоштасып, жаңа жылды қарсы алды. Аяз ата шырша шамын жағып, мультфильм кейіпкерлері балалармен бірге би билеп, ән шырқады.

— Жыл бойы ең асыға күтетін мейрамымыз — Жаңа жыл. Себебі, бәріміз де ертегідегідей армандарымыздың орындалғанын тілейміз. Осы мерекеге арнайы ең ақылды, ең талантты, ең сүйкімді балалар деп өздеріңді шақырдық. Себебі, сендер жыл бойы өздеріңнің жетістіктеріңмен бізді қуанттыңдар. Біз өздеріңмен мақтанамыз. Сендер — еліміздің жарқын болашағысыңдар! Жер бетіндегі ең әдемі сәт — тыныштықта алаңсыз ойнаған бала күлкісі мен олардың қуанған кезіі. Келер жылы армандарың орындалсын, Жаңа жыл құтты болсын! — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Одан әрі аймақ басшысы өзі бастап әр ауданнан бір-бір баланы сахна төріне шақырып, велосипед, жылы спорттық киімдер жиынтығы, сымсыз наушник, Абайдың қара сөздері кітабы, тәттілер салынған пакетті табыстады. Дәл осындай жаңажылдық сыйлық шараға қатысқан әр балаға табысталды. Сосын облыс әкімі Оңдасын Оразалин балалармен бірге шыршаны айналып, ән салып, естелікке суретке түсті.

Ойыл ауданы Шиқұдық ауылынан келген 8-сынып оқушысы Нұржанат Егінбайқызы  — үйіндегі алты баланың бірі.

— Облыс әкімінің шыршасына қатысқаныма қуаныштымын. Көп қызықтарға куә болдым. Бәрі ұнады. Аға-апаларға рақмет. Оқудан тыс уақытта моншақтардан түрлі бұйымдар жасаймын. Әдемі дүниелер көз қуантады, мен де жұрттарға қуаныш сыйлағым келеді, — дейді Нұржанат Егінбайқызы.

Әйтеке би ауданы Аралтөбе ауылындағы Ж.Сәрсенов атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Алина Қазақбай:

— Мұндай үлкен шыршаға бірінші рет қатысып отырмын. Озат оқушымын. Математика, ағылшын, орыс тілі пәндерін жақсы көремін. Қолөнер бұйымдарына қатты қызығамын. Мектептегі еңбек пәнінің мұғалімі Таңшолпан апайдан тоқуды, көрпе тігуді үйрендім. Осындай қызықты шаралар көп болса екен. Сыйлықтары да керемет! Бәріне рақмет, — дейді.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, осы санаттағы балаларға көмектесуге барлық мекмелер атсалысып жүр, қазірдің өзінде балаларға 1,5 миллион теңгеге демеушілік көмек көрсетіліпті.

Шара соңында жаңа жылдың иесі — Тышқанға арналған «Залымдар — Миккидің үйінде» атты театрландырылған қойылым көрсетілді.  Аяз Ата мен Ақшақар көңілді байқаулар мен викториналар ұйымдастырып, балалардың көңілін көтерді.

Жаңажылдық ертеңгіліктен соң балаларға мерекелік дастарқан жайылды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button