Басты жаңалықтарМереке

Дарынды балалардың қуанышы  

Сейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің дарынды балаларға арналған жаңажылдық шыршасы өтті. Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылған шараға облыстағы 230 бала қатысты. Олардың барлығы да білім, спорт, шығармашылық саласында жетістіктерге жеткен оқушылар.

Кең де жарық залдың іші әсем безендіріліпті. Әппақ мамықтай ұлпа қарға оранған атырапта ертегі кейіпкерлерінің бәрі жүр. Бәрінің көңілдері шат, жанарларынан нұр төгіледі, езулеріне күлкі үйіріледі. Олардың бәрі әдемі безендірілген алып шыршаны айналып, ән салып, би биледі. Сондай-ақ Тышқан жылына арналған «Залымдар Миккидің үйінде» атты театрландырылған қойылымды тамашалап, ертегілер еліне саяхат жасады.

Бұдан кейін облыс әкімі Оңдасын Оразалин балдырғандарға ыстық ықыласын, жылы лебізін білдірді.

Бүгінгі шыршаға өңіріміздегі ең білімді, ең талантты, ең дарынды балаларды шақырдым. Баласының саналы тәрбие, сапалы білім алуын әр ата-ана қалайды. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан үлкен қолдау, көмек көрсетіліп жатыр. Балалардың қабілеттерін шыңдай түсу үшін жасалып жатқан мүмкіндіктер де мол. Облыстағы заман талабына сай жабдықталған жаңа мектептер мен балабақшалар, спорт кешендері, өнер орталығы — мұның бәрі де сіздердің игіліктеріңіз үшін ашылған. Біз сіздер үшін қызмет көрсетуге қашанда әзірміз. Өйткені, ел ертеңі, елдің жарқын болашағы — сіздер. Елбасының, ел Президентінің бастамаларын жүзеге асырып, тәуелсіз мемлекетіміздің қарқынды дами түсуіне еңбек ететіндеріңізге, елді көркейтетіндеріңізе сенім білдіремін, — деп Оңдасын Оразалин балаларды Жаңа жылмен құттықтап, оларға мықты денсаулық тіледі. Бұдан кейін облыс әкімі оқушыларға сыйлықтар — спорттық киім, жұмсақ ойыншықтар, жемістер мен тәттілер тарту етті.

Жаңажылдық шыршаға келгендердің арасында М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың 7-сынып оқушылары Даниал Әбдібек пен Досхан Муафик та бар. Екеуі де бір сыныпта оқиды. Жетістіктері де аз емес. Оқу озаттары. Қоғамдық шараларға белсене қатысады. Сондай-ақ, екеуі де түрлі жарыстарда жүлделі орындар алып жүр.

Облыс әкімінің шыршасына қатысу — мен үшін үлкен жетістік, үлкен мәртебе. Бүгінгі шара бізге тың серпін, үлкен күш берді. Бізге артылған жауапкершілік жүгі ауыр. Еліміздің өркендей түсуі үшін сауатты, өнегелі, өнерлі, қабілетті болуымыз керек. Біздің елімізде білім алуға талпынған жас үшін барлық жағдай, мол мүмкіндік жасалған, — дейді Досхан Муафик.

Жалпы М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттан салтанатты шараға қатысуға 27 бала келіпті.

Жаңажылдық шыршаға қатысып, мерекенің бас кейіпкерлері — Аяз ата мен Ақшақарға өз өнерін көрсеткендердің арасында сүйкімді балақайлар Мейіржан Мұратбекұлы мен Адият Әл-Фараби де бар. Екеуі де 2-сыныпта оқиды. Бірі — Ақтөбе қаласындағы №34 мектептің, екіншісі — облыс орталығындағы №68 мектептің оқушылары. Қол ұстасып, шыршаны айналып ән салып, бірге би билеген екеуі бір-бірімен осы мерекелік шара барысында танысыпты. Олар мұнда жаңа достар тапқандарына қуанышты. Екеуінің де спортпен шұғылдануға деген қызығушылықтары күшті. Мейіржан каратэге қатысады, ал Адият таэквондомен айналысады екен.

Жаңажылдық шырша өте қызықты өтті. Ертегі кейіпкерлерімен бірге ертегілер әлемінің қызықтарына кенелгеніміз соншалық, біз әлі де сол сүйікті кейіпкерлерімізбен бірге саяхат жасап жүргендей әсерде жүрміз, — дейді екі дос.

Шара барысында Аяз ата мен Ақшақармен бірге көңілді байқаулар мен викториналар ұйымдастырылды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button