Жаңалықтар

«112»: жаңа жүйені агенттік төрағасы жоғары бағалады

Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев «112» бірыңғай диспетчерлік қызмет орталығының жай-күйімен танысып, мұндағы жаңа жүйенің таныстырылымына қатысты.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин, жедел қызметтің мамандары — дәрігерлер, өрт сөндірушілер, полицейлер, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар қатысқан жиында алдымен «112» диспетчерлік қызмет орталығының іске асырғалы отырған жаңа жобасы жайында айтылды. Баяндамашы — облыстық ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Сергей Беккер «112» кезекшілік қызмет жүйесі арқылы кез келген төтенше жағдай туралы қоңырауды қабылдауға болатынын, соның арқасында уақытты үнемдеп, жедел көмек көрсетуге мүмкіндік туатынын атап өтті.

— Біз осы жүйені қолға алғанда, Эстония, көршілес Ресей елінің Қазан қаласындағы, сондай-ақ Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы әріптестерімізбен ақылдастық. Олардың тәжірибесін басшылыққа алдық. Өйткені жүйенің негізі — техникалық бөлігі  болғандықтан, бұл ерекше тиянақтылықты қажет етеді. Бір жерден мүлт кетсек, оның зардабы зор болуы мүмкін.

Жобаның ерекшелігі сол, хабарласушының геоаумағы, яғни қай мекенжайда екені бірден көрсетіліп тұрады. Бұл көп жұмысты жеңілдетіп қоймай, электронды жүйе арқылы жақын орналасқан жедел қызметтің өкілдерін лезде жіберуге сеп болады, — деген Сергей Беккерге ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы бастаманың дұрыс екенін, бірақ әлі де орталық қалалардағы «Сергек» жобасымен байланыстыра түсу керектігі жөнінде ұсынысын білдірді. Оған мысал ретінде Өскемен қаласында қолданысқа енді енгізілген аталған жобаның тиімді тұстарын жеткізді.

Өз сөзінде Алик Шпекбаев Ақтөбедегі цифрлық технологиялар саласында жүзеге асырылып жатқан жобаларды жоғары бағалап, былтырдан бері өңірде оң өзгерістердің болғаны — үлкен жетістік екенін айтты.

— Бүгін бірқатар нысандарды аралап, осы жобамен танысып шыққаннан кейін Ақтөбе облысында оң өзгерістердің барына көзім жетті. Даму бар. Жаңа технологиялар көптеп іске асырылып жатыр. Міне, жедел қызмет саласындағы байланыс жүйесі бір арнаға тоғысып, жұртшылық цифрлық технологияның игіліктерін көргелі отыр. Бұл — өте жақсы көрсеткіш. Бір жылда осындай шаруалардың атқарылғаны ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Сәйкесінше, экспорттың әлеуеті де артыпты. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Ақтөбе өңірі осы қарқыннан таймай, жұмысты одан әрі жалғастыра беруі керек. Барлықтарыңызға осы еңбектеріңіз үшін рақмет, — деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев.

Өз кезегінде Оңдасын Сейілұлы агенттік тарапынан берілген жоғары баға үшін алғысын айтып, әлі де атқарылар жұмыстардың көптігін баян етті.

Басқосу барысында «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Гүлмирам Сражова жаңа жоба — «112» диспетчерлік қызмет жүйесі бойынша тағдырластарының да еңбек етуге даяр екенін айтып, осы істе қолдау көрсетуді сұрады. Өз кезегінде Алик Шпекбаев қоларбаға таңылғандардың елмен бірге жұмыс істеп, осы жобаға жұмылдырылуы өзгелерге үлгі болатынын келтірді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықпен күресте осы топтағы азаматтар да атсалысса деген тілегін ортаға салды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button