Басты жаңалықтар

Бас шырша шамдарын жақты

Кеше облыс әкімдігі алаңында биіктігі 30 метрлік бас шырша шамдары салтанатты түрде жағылды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов пен Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин қатысты.

Шырша маңына жиналған ақтөбеліктер мен қала қонақтары Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған театрландырылған көрініске, жасыл шыршаның жарқыраған оттарына тәнті болды.

—  Санаулы күндерден кейін Жаңа жылға қадам басамыз. Баршаңызды облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан осынау мерекемен құттықтаймын.

Биылғы жыл Ақтөбе қаласы үшін жетістіктерге толы жыл болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік саланы дамыту, сондай-ақ жұмыспен қамту мәселелерін Ақтөбе облысы толықтай орындады. Өңір экономикасының дамуы әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал етті.

Бүгінде біздің басты құндылығымыз — елдің тыныштығы, бірлік пен достық. Өйткені әрбір елдің дамуы, өркендеуі сол елдің ынтымағына байланысты екені сөзсіз. Сондықтан адами құндылықтарымызды ту етіп ұстайық.

Әрине, Жаңа жылдан тек жақсылық күтеміз. Келер жыл баршаңызға тек құт-береке, шаттық, қуаныш әкелсін! — деді Марат Тоқжанов құттықтау сөзінде.  

Бұдан соң жаңажылдық шыршаны жағу рәсімі Ақтөбе қаласының құрметті азаматы Еркін Құрманбеков пен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімовке берілді.

Биіктігі 30 метрлік әсем шырша түрлі түсті жарықтарымен көз тартады.  Бас шырша 300 жанатын жарықпен және 250 әшекей ойыншықпен безендірілген.

Сондай-ақ бұл күні Тұңғыш Президент атындағы Орталық саябақта 18 метрлік шырша, Орталық стадион мен қала әкімдігінің алаңында 12 метрлік шырша шамдарын жақты. Безендіру жұмыстары мердігер мекемелердің есебінен жүргізілді.
Қала тұрғындары мен балдырғандар әсем безендірілген алып шыршаның маңына естелік  суретке түсіп, мерекелік көңіл күймен тарқасты.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button