Жаңалықтар

Патрульдік көліктердің макеттері қойылды

Жол тәртібі

Жыл басталғалы облыста 792 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 99 адам қаза болған. Ал 981 адам түрлі дене жарақаттарымен аурухана түсіпті.

Жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында жол апаты жиі орын алатын республикалық, облыстық маңызы бар тасжолдардың бойына патрульдік полиция көліктерінің макеттері қойылып жатыр.

— Бұл жұмыстарды облыстық полиция департаменті «ҚазАвтоЖол» мекемесімен бірлесіп атқаруда. Полиция көлігі секілді етіп жасалған макеттер жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін трассаларға қойылатын болады. Макеттер күн батареялары арқылы жұмыс жасайды. Кешке қарай, көліктің жоғары жағындағы қызыл-көк шамдар кәдімгі полиция көлігіндегі белгілер тәрізді жанады. Бұл белгілер ең үлкен жылдамдықпен келе жатқан жүргізушілердің назарын аудартып, жол-көлік оқиғасының алдын алады деп сенеміз, — дейді облыстық полиция департаментінің бөлім бастығы Еркін Өтеген.

Бұдан бөлек қала сыртындағы трассаларға жылдамдықты сағатына 60 километрден асырмау керектігі жөніндегі жол белгілері орнатылып, қала ішіндегі жаяу жүргіншілер жолағы маңына жеке кәсіпкердің демеушілігімен арнайы катафоттар қойылып жатыр.

Полицейлердің айтуынша, әдетте трассаларда көлік жүргізушілерінің жолдың қарама-қарсы бетіне өтуі, жылдамдықты асыра жүргізуі, қалаішілік жолдарда жылдамдықты асыру, жаяу жүргіншілердің жол тәртібі ережелерін сақтамауы салдарынан болатын оқиғалар жиі тіркеледі. Аталған олқылықтарды болдырмау мақсатында республикалық, облыстық деңгейде түрлі акциялар ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отырады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button